Accessibility links

Жұмысшылар: Жалақы жүйесіне көңіліміз толмайды


Владимир Ким, «Қазақмыс» корпорациясының президенті. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

Владимир Ким, «Қазақмыс» корпорациясының президенті. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

Жұмысшыларды аттестациядан өткізіп жатқан «Қазақмыс» корпорациясы өкілдері «жалақыны да бірте-бірте арттырып жатырмыз» дейді. Ал үш жыл бойы айлықтарының көбеймегенін айтқан кейбір жұмысшылардың «жаңа жалақы жүйесіне» көңілдері толмайды.


Наурыз айынан бастап «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшыларды аттестациядан өткізе бастағанын, «жұмысшылардың біліктілігіне сәйкес жалақыны өсіретінін» хабарлаған еді.

«БІРТЕ-БІРТЕ ЖАЛАҚЫ ӨСІРІЛІП ЖАТЫР»

«Қазақмыс»-тың Алматыдағы корпоративті коммуникация департаментінің жетекшісі Мақсұт Жапабаевтың айтуынша, аттестация әлі жалғасып жатыр, «мамыр-маусым айларында аяқталады».
Оны анықтау керек. Ресми сауал жіберіңіз.

«Компанияның қанша бөлімінде жаңа жүйе енгізілді?» деген сұраққа ол «Оны анықтау керек. Ресми сауал жіберіңіз» деп жауап берді.

Ал компанияның еңбек қатынастары басқармасының бастығы Таңатар Ерназаровтың айтуынша, «Аттестация жүріп жатыр. Соған сәйкес, бірте-бірте жұмысшылардың жалақылары өсіріліп жатыр».

Ал «Қазақмыс» корпорациясының жұмысшыларына хабарласқанымызда, «көптеген бөлімдерде бұл жүйе әлі енбегенін», оған қатысты жұмысшылардың пікірлері сан алуан болып отырғанын білдік.

«ДЕМОКРАТИЯ АРАЛЫ»

Кен байыту фабрикасының жұмысшысы Сәуле Сейдахметованың айтуынша, фабрика жұмысшылары соңғы жалақыларын «жаңа жүйе бойынша» алған.
«Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы басшысы Владимира Нидің жерлеу рәсімінде корпорацияның президенті Владимир Ким (сол жақта) мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

«Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы басшысы Владимира Нидің жерлеу рәсімінде корпорацияның президенті Владимир Ким (сол жақта) мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.


- Жалақымызды мамандыққа, жауапкершілікке, разрядқа т.б. қарай 55-100 пайызға көтерді. Күндізгі бөлім жөндеушілері, слесарлардың жалақысы 55 пайыздан астам өсті. Мен конвейер машинисі болып жұмыс істеймін. Бұрындары 63-65 мың теңге көлемінде айлық алсам, қазір ол 112 мың теңге болды. Біз өз проблемамызды газеттерде айтып, қоғамдық резонанс тудырып, талаптарымызды орындаттық, - дейді Сәуле Сейдахметова.

Жұмысшылардың айтуынша, көптен бері жалақыларын өсіруді талап етіп келген кен байыту фабрикаларының жұмысшылары талаптары орындалмағаннан кейін, наурыздың 22-сі күні ереуілге шықпақ болған. Жұмысшыларды тоқтатқан компания басшылығы осыдан кейін жалақыны көбейте бастапты.

- Жұрттың барлығы бізге (кен байыту фабрикасына – ред.) «демократия аралы» деген ат қойып алыпты. Бізде жұмысшылардың талаптарына құлақ салады. Өзге зауыттардың бастамашыл топ өкілдерімен сөйлестім. Оларды ешкім тыңдамайды. Огайдың айтуымен әрбір ұйымда бастамашыл топ құрып едік қой. Бірақ кейбір жерлерде мұндай бастамашыл топ бастықтардан ғана құрылып, олардың құрамына жұмысшылар кірмей қалған, - дейді Сәуле Сейдахметова.

«БҮГІН БАР, ЕРТЕҢ ЖОҚ 15 ПАЙЫЗ»

Жезқазғандағы ТЭЦ жұмысшыларының айтуынша, басшылық сәуір айының жалақысына 30 пайыз қосуға уәде беріпті. «15,3 пайыз – аттестация бойынша қосылған, 15 пайызы – директорлық қордан» дейді олар.

Әйткенмен, жұмысшылардың басым бөлігі бұған көңілдері толмай отыр.
"Казақмыс" корпорациясына тиесілі өндіріс орны.

"Казақмыс" корпорациясына тиесілі өндіріс орны.


- Директорлық қор - ол бүгін бар да, ертең жоқ. Бұған қоса, 30 пайыз - өте аз үстеме. Сәуірдің 18-і күні біз басшылыққа хат жаздық. Онда жалақымызды едәуір өсіруді талап еттік. Жалақының кемінде 60 пайызға өскенін қалаймыз. Мысалы, ТЭЦ-те ең төменгі жалақы - 29 мың теңге. Мұны тым болмағанда 45 мыңға жеткізсе. Мен мысалы, 60 мың алам, қолыма таза 48 мың теңге тиеді. 30 пайыз қосылса, шамамен 12-13 мың теңге ғана қосылады екен. Бұл қазіргідей қымбатшылық заманда ештеңеге жетпейді, - дейді «Жезқазғандық ТЭЦ» жұмысшысы Жібек Есенқабылова.

Ол «Егер басшылық жұмысшылардың талаптарын аяқасты етсе, қажыған жұмысшылар бәріне баруға даяр» деген пікірін де қосып қойды.

«Қазмехсервис» жұмысшысы Мақсат Есенбаевтың айтуынша, «Қазақмыстың» бұл бөліміндегі жұмысшылардың да жалақысы өспепті.

- Көпшілігі талап етуден қорқады. «Үйтеді, бүйтеді» деп. Мұнда 1800 адам жұмыс істейді. 5-разрядтағылардың жалақысы 80 мыңға да жетпейді. Ал одан төмен разрядтағылардікі тіпті 50 мыңнан төмен. Бізде кейбір шеберлердің жалақысын ғана көтерген. Ал бізге түк жоқ, - дейді Мақсат Есенбаев.
Евгений Завадский, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған мыс қорыту зауытының жұмыстан қуылған жұмысшысы. Жезқазған, 14 ақпан 2012 жыл.

Евгений Завадский, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған мыс қорыту зауытының жұмыстан қуылған жұмысшысы. Жезқазған, 14 ақпан 2012 жыл.


Ақпарат бойынша, мыс қорыту зауытында да тек ауысым бастығы, шеберлердің жалақыларын ғана көтерген. Осы зауыттан жұмыстан қуылған Евгений Завадский жұмысшылардың өз құқықтарын талап етуден сескенетінін айтады. «Жұмысшылардың көбі қорқады - бәрібір сізбен ешкім сөйлеспейді» дейді ол. Мыс қорыту зауытының жұмысшыларымен хабарласу мүмкін болмады.

Өткен аптада Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Жезқазғаннан келген «Жаңарту» кәсіподағының өкілі Нәйла Чуйкина «Аттестацияға сәйкес жұмысшылардың жалақыларын арттырамыз» деп отырған «Қазақмыс» корпорациясының әрекеті заңда көрсетілмегенін айтқан еді.

- Бірде-бір заңда жалақыны өсіру үшін жұмысшыларды аттестациядан өткізу керек деп жазылмаған. Жұмысшылар инфляцияны ескере отырып, жалақыларының жыл сайын артып отырғанын талап етеді. Ал олардың айлықтары соңғы үш жылда бірде-бір рет өспеген, - дейді Нәйла Чуйкина.

«Қазақмыс» компаниясының Алматыдағы өкілі Мақсұт Жапабаевтың сұрауы бойынша компанияға қарасты өндірістік бөлімдердің қайсында жалақы «аттестацияға сәйкес бірте-бірте өсіп жатқаны» жайлы «ресми сауал» жібердік. Ол туралы Азаттық сайтынан білетін боласыздар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG