Accessibility links

«ҚазАтКом» елдімекенінде болған төбелесте 3 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған


Наурыздың 18-і күні Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Маловодное ауылына ірегелес «ҚазАтКом» елдімекені тұрғындары арасында болған төбелестің аяғы қантөгіске әкеліп соқтырды. Алматы облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, төбелес кезінде 3 адам қаза болып, 6 адам ауыр дене жарақатымен ауруханаға түскен. Төтенше оқиғаға байланысты облыстық ішкі істер департаменті ҚР Қылмыстық істер кодексінің 96-бабының 2-бөлімі бойынша 3 түрлі қылмыстық іс қозғады.

Кісі шығынына алып келген тұрғындар арасындағы төбелестің туындауына наурыздың 17-сі күні Маловодное ауылында екі азаматтың кикілжіңі себеп болған деген алдын-ала жорамал айтылып отыр. Ал, наурыздың 18-і күні әлгі төбелес Маловодное ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан «ҚазАтКом» ауылында жалғасын тапқан.

Жексенбі күні «ҚазАтКом» ауылына кешкі сағат алты кезінде келгенімізде, осы ауылдағы бір тұрғын үй мен автокөліктің өртеніп жатқанына куә болдық. Сұрастыра келгенде, бұл ауыл тұрғыны Махмаханов Елза деген адамның үйі болып шықты. «Азаттық» тілшісіне өз аты-жөнін атамаған ауыл тұрғыны көзімен көргенін былайша баяндап берді:

- Мен ауылға, шамамен түскі сағат 3-тен 45 минут кеткенде, досымның үйіне келе жатқан едім. Осы кезде ауылға жеңіл автокөліктерімен бір топ жігіт кірді. Бірнеше уақыттан кейін оқ атылды. Шамамен 20 жігіт газ балондарымен үйді өртеуге кірісті.

Осы күнгі оқиғаның куәгерлерінің бірі Марат есімді жігіт болған оқиғаға Маловодное ауылынан басқа Шелек, Ащысай, Таусүгір, Ақши ауылдарынан да жастардың жиналғандарын айтады:

- 180-дей қазақ жігіттері «ҚазАтКом» ауылындағы Махмахановтардың үйінің алдына жиналдық. Қаза болған Шелектің жігіті дауыстап: «кім сөйлеседі, жекпе-жекке шығыңдар!» дегені мұң еді, үй жақтан 3 винчестрмен оқ жаудыртты. Сол кезде біздің көзімізше екі жігіт оққа ұшты. Жігіттердің біразы жараланды.

Оқиға орнына келген Алматыдағы «Вайнах» шешен мәдени орталығы төрағасының орынбасары Нагаев бұл оқиғаға былайша баға берді:

- Менің жеке көзқарасым бойынша, бұл кейбір күштердің қолымен жасалынып отырған арандатушылық оқиға болуы мүмкін.

Оқиға орынында болған Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Бағдат Майкеев «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде былай деді:

- Шығын саны үшеу. Оның екеуі қазақ, біреуі шешен ұлтының өкілдері. Сондай-ақ, екі шешен азаматы ауыр халде. Ал жарақат алған төрт қазақ жігіті де ауруханада. ҚР Қылмыстық істер кодексінің 96-бабының 2-бөлімі бойынша 3 түрлі қылмыстық іс қозғалды: қару қолдану, сол қарудан екі адамның өлгені және төрт адамның қару арқылы жарақат алуы.

Алайда полиция өкілі қаза болғандар мен жарақат алғандардың нақты аты-жөнін атамады. Сондықтан, өртенген үй иелерінің тағдыры қандай болғаны да әзірге беймәлім қалып отыр.

Дүйсенбі күні осы оқиғаға байланысты Астанада брифинг өткізген ІІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Қожахметов бұл мәселені ұлтаралық кикілжің деп қарастыруға болмайтындығын баса айтты. ІІМ өкілі өз сөзінде «Бұқаралық ақпарат туралы» заңға сәйкес, азаматтар арасында орын алған кез-келген оқиғаны олардың этникалық немесе ұлттық ерекшеліктеріне байланыстырған ақпарат тарату - ұлтаралық кикілжіңдердің тұтануына әсер еткен деп бағаланып, ондай ақпарат таратқан баспасөз құралы жауапқа тартылатынын ескертті. Қожахаметов төбелеске қатысқандардың қай ұлтың өкілдері екендігі қазір басталған тергеу-тексеру жұмыстары аяқталған соң белгілі болады деп хабарлады.

Бұл оқиғаның соңы одан әрі ушығуына жол бермеу үшін ауыл ақсақалдарынан құрылған комиссия қалыптасқан жағдайды сабырмен, өзара кеңес арқылы шешу жайлы ұйғарымға келді.
XS
SM
MD
LG