Accessibility links

Полицияның қадағалауындағы Маловодное ауылында тұрғындар тағы да жиын өткізді


Наурыздың 20-сы күні Маловодное ауылындағы мәдениет үйінің алдында 300-дей ауыл тұрғыны жиналды. Жиналған жастар наурыздың 19-ы күні тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен қамауға алынған 8 ауыл тұрғынының босатылуын талап етіп, өткен жексенбіде қантөгіспен аяқталған төтенше оқиғаның себеп-салдары анықталсын деп отыр. Қазір бұл ауылда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген полиция жасағы жұмыс істеуде.

Наурыздың 20-күні Маловодное ауыл тұрғындарының мәдениет үйі алдына жиналуына осыдан үш күн бұрын осы ауылға жақын маңдағы қантөгісті оқиға себеп болды. Осы ауыл тұрғыны Бекзат есімді жігіт наурыздың 19-күні мәдениет үйінің алдына жиналғандарын айтады. Оның айтуынша, бейбіт жиынға қатысқан жастарды полиция қоғамдық тәртіп бұзды деп ұстап, автокөлікке тиеп алып кеткен:

- Наурыздың 19-ы күнгі жиыннан үйлеріне қайтып бара жатқан жігіттер болатын. Нақты қанша баланы ұстағанын білмейміз. Көзімізше полиция қызметкерлері балаларды тепкілеп, шетінен алып кетіп жатты. Әйелдерге, бала-шағаға қарамады. Отбасымызбен шығып ажырата алмадық. Бүгінде қандай жағдай болатыны белгісіз. Кешке жақын кім біледі?

Ал Сабыр есімді ауыл тұрғыны наурыздың 18-інен бері бұл ауылдан тыныштық кетті дейді:

- Екі күн болды бала-шағам мектепке барған жоқ, үйде отыр. Көшеге шығудан қалдық. Біздің де жүргенімізге екі күн. Кеше елу шақты баланы полиция автокөлігіне салып алып кетті. Бүгін солардың босатылуын талап етіп тұрмыз.

«Азаттық» радиосының тілшісі осы мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Мейрам Аюбаевтан түсініктеме алған еді:

- Наурыздың 20-сы күні кешкі сағат алтыда Маловодное әкімішілігінде ақсақалдар алқасы мен ауыл тұрғындары келісім мәселелерін талқылады. Халық тараған соң, түнгі сағат 10-ның кезінде, ауылдағы дүкен иесінің бірінен хабар келді. Оның хабарлауынша, Виноградов көшесінде бұзақылар үйдің терезелерін талқандапты. Осы хабарды алғаннан соң жедел полиция қызметкерлері 8 қазақ жігітін ұстады. Медициналық сараптаманың нәтижесінде олардың ағзасында ішімдіктің бар екендігі анықталған. Жігіттердің жастары 25-30-дың арасы.

Сондай-ақ облыстық прокурор Мұхтар Жүргенбаев ауыл ақсақалдары мен жастардың атынан сотқа арыз жазып, қамалған 8 жігіттің босатылуын талап еттік деді:

- Екінші рет мұндай жеңілдіктер жасалынбайды. Әркім өз ісіне заң алдында тікелей жауап береді. Сондықтан бүгінгі талап орындалды деп еспетейміз.

Осы кезде қамаудан шыққан 8 жігіттің біреуі жиын алдында сөз алды:

- Кешегі қамалған 8 жігіттің барлығы дерлік шықты. Бізге ешкім күш қолданған жоқ. Сіздерге рахмет. Атым - Сәбит, Ащысай аулынанмын.

Осы жиынға келген парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдрахманов жиналған жастардың талабы орынды деп отыр:

- Ауыл азаматтарының қойған бірінші талабы - шешен ұлтының азаматтарындағы қару-жарақтың алынуы. Бұл іспен құқық қорғау органдарының адамдары жұмыс істеп жатыр. Екінші талап: қамауға алынған 8 жігітті босату еді, ол талап орындалды.Үшінші талап, Махмахановтар отбасының осы ауылдан көшірілуі. Бірақ, олардан бүгінде бір де біреуі ауылда қалған жоқ. Екеуі қаза болды, біреуі өлім аузында, тағы екеуі түрмеде. Шешелері ауырып жатыр.

Қазіргі уақытта 20 адамнан тұратын қоғамдық комиссия оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жұмыс істеп жатыр.
XS
SM
MD
LG