Accessibility links

Қазаткомдағы қақтығыс: төрт жылда не өзгерді?


Қазатком ауылының тұрғыны Алтынбек Есенұлы. Алматы облысы. 6 мамыр, 2011 жыл.

Қазатком ауылының тұрғыны Алтынбек Есенұлы. Алматы облысы. 6 мамыр, 2011 жыл.

Әулеті 2007 жылғы Қазатком оқиғасында ойрандалған Элса Махмаханов қайтыс болды. Оның үйі орналасқан ауылда қазір қазақтар мен шешендер тату тұрады. Бірақ өздері «бір-бірімен араласпайтындарын» айтады. Ал халық қарапайым жұрттың жақындасуына кедергі сыбайлас жемқорлық дейді.

Бұдан төрт жыл бұрын, 2007 жылдың наурызында Алматы облысының Маловодное және Қазатком ауылдарында жергілікті бірнеше қазақ және шешен тұрғындарының арасында қақтығыс болды. Алғашында бильярд залында басталған төбелес 79 жастағы ұлты шешен Элса Махмахановтың үлкен ауқатты әулетін ойрандап, іс қару қолдануға дейін жетті. Қырғынның салдарынан бес адам қаза тапты, оның үшеуі - Элса Махмахановтың ұлдары. Оның екі үйінің біреуі және жеңіл автокөлігі өртеніп кетті. Көршілес бірнеше шешеннің үйлерінің терезелері сынды.

Қақтығыстың шығу себептеріне қатысты бірнеше болжам бар. Махмахановтар әулеті ауылдағы ең жақсы деген жерлерді иеленіп алған, қақтығыс оған пісіп-жетіліп, әлеуметтік теңсіздік кейін ұлтаралық қақтығысқа ұласқан. Тағы бір болжам бойынша, қақтығысты көлеңкелі бизнеске қатысы бар адамдар тұтандырған.

Билік бұл оқиғаға ұлтаралық алауыздық көрінісі емес, кісі өлтіру, өрт қою және сол сияқты әдеттегі қылмыстық іс деп баға берді. Бас прокуротура Маловодное мен Қазаткомдағы оқиғаларды таратқан кезде ұлтаралық алауыздықты тұтандырғаны үшін қылмыстық жауапқа тарту кезінде немесе оны саяси мақсатта қолдану әрекеттеріне аса сақтықпен қарады.

Сот болып, бірнеше адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал қақтығысқа қатысқан кейбіреулері әлі де қашып жүр.

Маловодное мен Қазатком ауылдарындағы бұл оқиғаларды жазуға Азаттық радиосының журналистеріне мүлдем басқа жайт түрткі болды. Мамыр айында радионың журналистері осында болған жер сілкінісінің салдары жайында репортаж дайындаған болатын. Жер сілкінісінен көптеген үйлер бүлініп, тіпті кейбірі тұруға жарамай қалыпты.

КАЗАТКОМНЫҢ ӘКІМШІЛІК ЖӘНЕ ТҰРМЫСТЫҚ «ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ»

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Евгенемаловодное селолық округінің әкімшілік орталығы - Маловодное ауылы ­Алматыдан шамамен 70 шақырым жерде Құлжа тас жолының бойында орналасқан. Маловодное арқылы өтетін күре жол - ауылдың басты көшесі. Жол бойында 2007 жылы 17 наурызда төбелес болып, ертесі Махмахановтар отбасындағы жағдайға себеп болған бильярд залын байқамау мүмкін емес. Махмахановтың үйі де осы жолдың бойында еді.

Қазатком ауылы Маловодноедан сегіз шақырым әріде. Қазаткомнан «өркениетке» апарар жол дәл осы Маловодное ауылынан өтіп, Құлжа тас жолына барып қосылады.

Мүмкін, Қазатком кенті Маловодное ауылына телініп, соның құрамдас бөлігі ретінде қабылданатыны да сол себептен шығар. Себебі қазаткомдықтар күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін алу үшін Маловодное ауылына барады.
Қазатком ауылының көрінісі. Алматы облысы. 6 мамыр 2011 жыл.


Алайда жергілікті әкімшілікке ісі түскен қазаткомдықтарға Маловодное ауылына емес, селолық округтің әкімшілік орталығы орналасқан Ақши ауылына баруға тура келеді. Осылайша, Қазатком ауылы әкімшілік тұрғыдан шалғайда жатқан Ақши ауылына бағынышты. Бірақ ауылдықтардың күнделікті өмірінде ең жақын жатқан «өркениет ошағы» - Маловодное ауылы. Маловодное ауылының әкімшілігі, оның ішінде құқық қорғау органдары Қазаткомға тиіп тұр, ал Ақши селолық округі одан әлдеқайда қашықта жатыр.

ҚАЙТЫС БОЛҒАН ЭЛСА МАХМАХАНОВТЫҢ ҮЙІ

Маловодное ауылынан Қазаткомға барар жолда Азаттық радиосының тілшілері көлігіне жол-жөнекей бір жолаушы мінді. Өзін Алтыншаш деп таныстырған 45 жастар шамасындағы әйел әңгімешіл болып шықты.

Маловодное ауылынан Қазаткомға дейінгі сегіз шақырымдық жолда біз ойлағандай жылдам жүре алмадық. Көліктің жылдам жүруіне жолдың ой-шұқыры кедергі болды. Әңгімешіл Алтыншаш жолды бір, оған қоса оны жөндеуге бөлінетін қаржыны жымқырып қоятындарды екі сыбап алды. Сосын Қазаткомның ішіндегі жолдардың жаңбыр жауса адам жүре алмайтын лай болып кететінін айтты. Осы жолмен ойранға қатысқандардың Элса Махмахановтың үйіне қарай жүргенін де есіне алды.

- Олар елу көлікпен жүрді. Айқайлап, қолдарында таяқ, арматура ұстап алды, - дейді Алтыншаш. Ол көршісінің адамдардың лек-легімен келіп жатқанын көргенін айтты.

Қазаткомға жақындағанда ауылдың сыртында шағын көлді байқадық.

- Бұл көл Махмахановтардың әулетіне тиесілі болатын. Сол кездері олар бізге көлге мал суаруға, балаларға шомылуға рұқсат етпейтін. Бұл көл қазір ешкімнің қарауында емес, - деді Алтыншаш.

Ол бізге сондай-ақ көлге таяу тұрған Махмахановтардың үйін көрсетті. Жерінің аумағы үлкен үй биік темір қоршаумен қоршалыпты.
Элса Махмаханов осы үйде тұрған. Қазатком кенті. Алматы облысы. 6 мамыр, 2011 жыл.


- Оның екі үлкен үйі болды. Ағаштан салынған үйі сол кезде өртеніп кетті. Ал екіншісі аман қалды. Элса қарттың өзі қайтыс болса да, үйі аман қалды. Қазір ол үйінде бір туысы тұрады. Бірақ Махмахановтар басқа жаққа көшіп кетті. Қайда көшкенін білмеймін. Жер сілкінісі оның үйіне әсер еткен де жоқ, - дейді Алтыншаш.

Оның сөзінше, жер сілкінісі негізінен үйлері ескі, тұрмысы төмен ауыл тұрғындарына қиын соққан, ал үйі берік ауқаттыларға әсер етпеген.

"ТҮБІ БІР ЖАНЖАЛДЫҢ БОЛАТЫНЫ АНЫҚ ЕДІ"

Қазаткомға кіре бере Алтыншаш түсіп қалды да, орнына Ләззат Сегізбаева есімді келесі бір ауыл тұрғыны мінді. Әскер қатарына шақырылған баласын шығарып салған Ләззат жер сілкінісінен қираған үйлерді көрсетіп, Қазатком ауылының ішінде жолсерік болып жүруге келісімін берді.

Оның үйіне бара жатқан жолда екі қабатты жаңадан салынған үйдің жанынан өттік. Үй құдды ешқандай жер сілкінісі болмағандай кейіпте тұр. Онда кім тұратынын сұрағанымызда Ләззат бір «жаңа қазақтың» тұратынын ғана білетіндігін айтты. Үйдің айналасы биік тұтас дуалмен қоршалған. Үйдің жанына жете бере қабаған ит үріп қоя берді. Біздің бұл үйдің иесімен сөйлесу ниетіміз су сепкендей басылып қалды.

Сосын ол өзге де көршілерінің үйіне кіріп, қабырғаларында пайда болған жарықшақты көруді ұсынды:
Ауыл тұрғыны Ләззат Сегізбаева. Қазатком ауылы. Алматы облысы. 6 мамыр, 2011 жыл.


- Олардың үйіне кіріп көріңіздерші. Үйлері, әрине, менікінен жақсы болса да, тұрмысы төмен, үйлерінде еркегі жоқ, - дейді Ләззат.

Көрші үйде кімнің тұратынын сұрағанымызда, Ләззат:

- Онда Майдат Хасанова деген әйел тұрады. Оның әпкесі бар, жақын маңда тұрады. Әпкесі екеуінің де тұрмыстары төмен. Қарт әкелері Маловодноеда, - деп жауап берді.

Артынша қазір өздерінің тату тұратынын, бірақ үш жыл бұрын бәрі басқаша болғандығын айтқан Ләззат кенет батылданып кетті:

- Қалай болғанда да, мен сол кезде шешендер мүлдем басынып алды деп ойлаймын. Бәрібір түбі бір жанжалдың болары анық еді. Құдай бәрін көріп тұр ғой. Неге сол кезде біздің жігіттерді ғана соттап, олардан ешкімді соттамай қойды?

Ләззат Сегізбаеваның айтуынша, ол өзінің осы ойын Махмахановтар отбасының ойраны шыққаннан кейін-ақ білдірген. Бірақ сол кезде оны өз пікірін айта бастағаннан-ақ ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыптай бастаған. Осы себепті Ләззат «аузына ие болуға» мәжбүр болған. Артынан тіпті мешітте шешендерден кешірім сұрағанын да айтты.

Алайда Ләззат Сегізбаева сол кездегі қанды қақтығыстың себебіне қатысты өз ұстанымын өзгертпек емес. Жалпы ол бұл тақырып жайында ешкіммен сөйлеспейтін болса да, журналистерге ойын айтудан тартынбады.

«ТАТУ ТҰРАМЫЗ, БІРАҚ АРАЛАСЫП КЕТПЕЙМІЗ»

Майдат Хасанованың үйіне барғанымызда, әпкесі де осында екен. Майдат Хасанованың үйінің жарықшағы мен түсіп қалған сылақтарын көрген соң әпкесі Айдат бізді өз үйіне алып барды. Ал біразға дейін бізге жол көрсеткен Ләззат Сегізбаева үйіне қайтып кетті.

Айдат Хасанованың тұрып жатқан үйі екі отбасына тиесілі екен.

- Үйдің бір бөлігі бір қазаққа тиесілі. Оны өзім көрген жоқпын. Мұнда мүлдем келмейді. Қалада тұрады, дәрі-дәрмек сатумен айналысады деп естимін. Үйдің соған тиесілі жартысы құлайын деп тұр. Егер ол құласа, менің үйімді де қоса ала кетеді. Бірақ мен жалғызбасты болғандықтан, ешнәрсе істей алмаймын. Көршім қайда жүр, білмеймін, - дейді Айдат.

Ол аңдаусызда әңгіме ауанын қақтығысқа қарай бұрып әкетті.
Ауыл тұрғыны Айдат Хасанова. Қазатком ауылы. Алматы облысы. 6 мамыр 2011 жыл.


- Негізі жап-жақсы тұрып келе жатқан сияқты едік. Сосын мына ойран басталып еді – біздің жергілікті қазақтар... Қысқасы, біз бір-бірімізді түсінген сияқтымыз. Сөздің қысқасы – қарым-қатынасымыз басқаша сипат алды. Қазір тыныш. Бірақ алғашқы үш жылдай жағдай шиеленісті болды. Мен қазақтар бізді ұнатады, бір-бірімізді сыйлаймыз деп ойлаушы ем. Бірақ олай болмай шықты.

Біз Қытайдан келген оралман Алтынбек Есенұлының үйінде болдық. Оның үйі жер сілкінісінен қатты зардап шегіпті, үйінің қабырғалары тұтастай құлап қалған. Мұнда бізге өзін Мәдина деп таныстырған 55 жас шамасындағы әйел де келді. Мәдина Қазаткомның байырғы тұрғыны екен. Оның сөзінше, қазақтар ауылдағы шешендерге жалданып жұмыс істейді екен, бірақ шешендердің қазақтарға жалданып жұмыс істеген кезі болмапты.

Мәдинаның сөзінше, қазір Қазаткомда қазақтар мен шешендер бейбіт тұрмыс кешіп жатыр. Ол: «Біз бір жанұядай тату тұрамыз. Бірақ қазақ пен шешеннің аралас некеге тұрған кезі бола қойған жоқ» дейді.

ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН ҚАРАПАЙЫМ ОТБАСЫЛАР КӨП ЗАРДАП ШЕКТІ

Қазаткомнан Маловодное ауылына қайтып келе жатқанда бізге қолдарына бөтелке ұстаған үш жасөспірім бала кездесті. Олардан әкімшіліктің қайда орналасқанын сұрап едік, қолымыздағы фотоаппарымызды көрген жасөспірімдер өздерін суретке түсіруімізді өтінді. Тілектерін орындаған соң, жасөспірімдер әкімшілікке барар жолды нұсқап жіберді.

Біз барған уақытта Маловодное ауылының әкімі орнында болмады. Әкім келгенше жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп тұрдық.

Тұрғындардың айтуынша, Маловодное ауылында да Қазатком сияқты жер сілкінісінен негізінен тұрмысы төмен отбасыларының ескі үйлер зардап шегіпті.
Гүлбаршын Иманбаева зілзаладан құлаған үйдің қабырғасын көрсетіп тұр. Қазатком ауылы. Алматы облысы. 6 мамыр 2011 жыл.


Әңгіме ауаны әлеуметтік арнадан біртіндеп ұлтаралық қатынастарға қарай ойысты. Ауыл тұрғындары колхоздар мен совхоздар тараған кездегі жер телімдерінің әділетсіз бөлінгендігін айта кетті. Қазақстанның оңтүстігіндегі сияқты, халық «жерді пара ұсынған кім көрінгенге үлестіре берді» деп жергілікті әкім-қараларды кінәлайды.

Шешендер жайында:

- Әрине, олар қазір бұрынғыдай бетімен кетпеген. Біздің жас кезімізде би кештеріне баратынбыз. Сонда биге тек шешен жігіттері ғана қалтасына пышақ салып келетін. Ал 2007 жылғы оқиғадан кейін ондай жайт тыйылды, - дейді Маловодное ауылының бір тұрғыны.

ШЕНЕУНІК ҚАЗІР «ЦЕНЗУРАНЫҢ ЖОҚТЫҒЫНА» ӨКПЕЛІ

Евгенемаловодное ауылдық округінің әкімі Нұрлан Жалпақовпен кездесу кезінде одан ауыл тұрғындары айтқан пікірлердің шындыққа қаншалықты жақын екендігін сұрадық.

Алайда Еңбекшіқазақ ауданынан Маловодное ауылына жер сілкінісінен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруға келген басқа бір шенеунік Нұрлан Жалпақовтың алдын орап кетті. Ауданнан келген шенеунік қазір бұрынғы совет одағы кезеңіндегідей ақпарат құралдарына цензура қойылмайтынына налыды.

- Жас кезімізде біздің қазақ мектебінің ұлдары орыс, ұйғыр балалармен жиі төбелесіп қалатынбыз. Бірыңғай атқа мінген төрт жүз, бес жүз қазақ балалары Шелекке барып, ұйғырдың балаларын сабап кетеміз. Олар да сөйтеді. Ертесі татуласатынбыз. Алайда, ол кезде ешкім ұлтаралық қақтығыс болды деп жазбайтын. Себебі ол кезде цензура болды! Ал қазір бұрын төбелесіп жүрген ұйғырлармен бауырымыз сияқты көрісеміз, - дейді ауданнан келген шенеунік.

Оның сөзін Нұрлан Жалпақов Маловодное ауылына қатыстырып іліп әкетті:

- Егер қазір Маловодноеда екі адам шекісіп қалса, алдымен ҰҚК, ішкі істер басқармасы бірден олардың кім екенін сұрайды. Егер қазақ пен қазақ, немесе орыс пен орыс төбелессе, ештеңе етпейді. Тек қазақ пен шешен сөзге келіп қалмаса болды.

«2007 жылы 17 наурызда Элса Махмахановтың кіші баласы мен қазақ жігітінің арасында жанжал болған бильярд залы сол кезде Махмахановтардың отбасына тиесілі болатын. Қазір ол бір қазақтың иелігінде», - дейді ауданнан келген шенеунік.

Көпшілігі бұл қанды қақтығыстың себебі мен мәні әлі күнге толық ашылған жоқ деп санайды. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпты қоғамға өте жұпыны түрде жеткізді. Бас прокуратура бұл тақырыпта қозғауға тыйым салып, қақтығыс орын алған кезде-ақ БАҚ жетекшілеріне, әсіресе интернет сайттарының иелеріне қатаң ескертпе жіберді. Ол ескертпеде қақтығыс жайында материал жариялағаны үшін ғана емес, тіпті оған түсінік бергені үшін де қылмыстық жауапқа тарту жөнінде айтылған еді.

Сөйтіп, онсыз да белді баспасөз құралдарынан ажырап қалған шағын қалалар мен ауылды жерлер бұрынғыдай оқиғаны сол түсінбеген күйі тіршілік кешіп келеді. Қазаткомды жанай өтетін бір кездері Қытайдан Еуропаға жүк керуені тасымалданған атақты Құлжа тас жолы сияқты тіршілік ағымы да Қазаткомды сырт айнала өтіп жатыр.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG