Accessibility links

«Қазақстан өз тілін қорғауды Ресейден үйрену қажет»


Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев.

Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев.

Ресей қазағы ол елдегі қандастарының Қазақстан билігіне санаулы-ақ өтініші бар екенін айтады.

Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев Азаттыққа берген сұхбатында ондағы қазақтардың қандай көмекке мұқтаж екенін айтты.

Азаттық: – Сіздер Ресей қазақтарының Самара облысында өткен кіші құрылтайында (3-5 қазан) Ресей қазақтары мен Қазақстан арасында ынтымақтастық жөніндегі ұзақ мерзімдегі бағдарлама жасауды ұсындыңыздар. Мұндай бағдарлама жасауға не себеп болды?

Тоқтарбай Дүйсенбаев: – Бұл бағдарлама біріншіден Ресей қазақтары мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайта түсу үшін керек. Екіншіден, қазақ тіліне байланысты саяси көмек сұраймыз. Ресейде тұрамыз, өстік-өндік – осы күнге дейін қазақ тілінің мәселесі шешілмей келеді. Өйткені Қазақстанға керегі жоқ тілдің басқаға да қажеті жоқ. [Ресейде] Қазақстан елшілігі бар. Бірақ «сол елшіліктің қажеттілігі бар ма, жоқ па» деген ой да бар бізде.

Азаттық: – Неге?

Тоқтарбай Дүйсенбаев: – Өйткені біз, Ресей қазақтары, Қазақстан елшілігіне керек емеспіз. Әсіресе қазіргі жалпы дағдарыс белең алып тұрған кезде бізбен жұмыс істейтін бір маман да жоқ ол жерде. Жалпы, Қазақстан елшілігінің бұл жақта немен айналысып отырғанын да түсінбейміз. Өйткені олар бізге: «Сендер – Ресей азаматысыңдар. Өз жерлеріңде тұрып жатырсыңдар. Өз мәселелеріңді өздерің шешіңдер» деп жауап береді. Олар тек Ресейде тұратын Қазақстан азаматының мәселесін шешуге ғана көмектеседі.

Азаттық: – Ресейдегі қазақтар Қазақстаннан қандай мәселелер бойынша жәрдем күтеді? Жуықта өткен құрылтайда ол шаруаларды шешу үшін көршілес екі ел арасында кемінде облыстық деңгейдегі келісімдер жасалған жоқ па?

Ресей қазақтары ұлттар фестивалінде өнер көрсетіп отыр. Омбы, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей қазақтары ұлттар фестивалінде өнер көрсетіп отыр. Омбы, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Тоқтарбай Дүйсенбаев: – Әрине, біз – Ресей азаматымыз. Бірақ қазақ болғаннан кейін тілдік мәселерімізді Қазақстанға қаратып айтамыз. Әйтпесе Қазақстаннан тамақ сұрап отырған жоқпыз. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Бізде қазақ тілі тек отбасылық тіл деңгейінде қалып бара жатыр. 2011 жылғы өткен құрылтайда қазақ тілінің мәселесін көтерген болатынбыз. Онан бері төрт жыл өтіп кетіпті. Бірақ шешілген бірде-бір нәрсе жоқ.

Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы облыстармен аздап мәдени-гуманитарлық бағытта жұмыстар істейміз. Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімшілігі өз шамаларынша мәдени қарым-қатынас жасап, Қазақстан деген ел бар екенін білдіріп қояды. Ал республикалық масштабта алғанда ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз.

Азаттық: – Ресейдегі қазақтардың тіл мәселесінен басқа тағы қандай уайымдары бар?

Тоқтарбай Дүйсенбаев: – «Ресей мен Қазақстан – мәңгілік дос» деп айтады. Бірақ Ресейдің қазақтар ең көп шоғырланған жерінде бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Өйткені бұл тақырыпқа Қазақстан жағынан ешқандай құлық жоқ. Әйтпесе Ресейдің 10 облысында ғана қазақтар тұрады. Сол өңірлердің бір-екеуіне мектеп салып тастауға қаражат жетеді ғой. Егер шыққан шығынның 50 пайызын Қазақстан жағы көтеріп алса, 50 пайызын өзіміз табар едік. Бұл – тек менің ғана пікірім емес, Ресейде тұратын барлық қазақтың пікірі. Тіл жойылса, одан кейін бұл жерден қазақтық та кетеді.

Бұл жерде саяси шешім қажет. Өз тілін қорғауды Қазақстан Ресейден үйренуі керек. Мәселен, Ресей сыртта тұратын өкілдеріне арнап мектеп салып жатыр. Қазақстан да осындай бір жүйемен жұмыс істеуі керек. Біз тек мерейтойларда ғана еске түсеміз, құрылтайда бас қосамыз. Болды, содан кейін ұмытып кетеді – тек бес жыл өткен соң еске бір-ақ түсеміз.

Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумында отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумында отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Ресми есеп бойынша, Ресейде қазір қанша қазақ бар?

Тоқтарбай Дүйсенбаев: – Ресейдегі қазақтардың ресми санын қазір 700 мың шамасында деп жүр. Бірақ біздің есебіміз бойынша 1 миллионнан көп. Өйткені қазір Ресейде жеке бас құжатына ұлты жазылмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын алып тастаған. Егер жаз деп мәжбүрлесең ғана жазып береді. Сондықтан құжаттарына біреу ұлтын жаздырады, біреу жаздырмайды, негізінен «Ресей азаматы» деп қана жазылады. Сол себепті ресми есепті шындыққа келеді деп айту қиын.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG