Accessibility links

Бессайысқа Ресейден келген спортшы барады


Тауэр көпіріндегі олимпиада сақиналары. Лондон, 1 маусым 2012 жыл.

Тауэр көпіріндегі олимпиада сақиналары. Лондон, 1 маусым 2012 жыл.

Қазіргі бессайыс спортынан олимпиада ойындарында бар болғаны екі комплект медаль сарапқа салынады. Спортшылар жүгіру, суда жүзу, семсерлесу, ат спорты және веложарыс бәсекелері бойынша жеңімпазды анықтайды.

Қазіргі бессайыстан олимпиадаға барлығы 76 спортшы келеді. Бұл спорттың ерекшелігі - бір елден көп дегенде төрт спортшы ғана жарысқа қатысады. Оның екеуі - әйел, екеуі ер адам болуы керек.

ҚАЗАҚСТАН АТЫНАН РЕСЕЙДЕН КЕЛГЕНДЕР БАРАДЫ

Қазақстаннан олимпиадаға Павел Илященко мен Рустам Сабурхузин барады. Павел Илященко Лондон лицензиясын Мәскеуде өткен әлем чемпионатында жеңіп алды. Спортшы 11-орын алған еді. Илященко - 2011 жылы Буэнес Айрес қаласында (Аргентина) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Павел Ильященконың Аргентинадағы әлем чемпионатында күміс медаль алып тұр. Буэнос Айрес (Аргентина), 2011 жыл. Сурет әлеуметтік желіден алынды.

Павел Ильященконың Аргентинадағы әлем чемпионатында күміс медаль алып тұр. Буэнос Айрес (Аргентина), 2011 жыл. Сурет әлеуметтік желіден алынды.


Ал Рустем Сабурхузин Башқұртстанда туған. Пекин олимпиадасына Ресейдің атынан қатысып, жүлде ала алмады. Сабурхузин Пекинде жеңіске жете алмағаннан кейін, Ресей құрамасының бапкерлері командадан шығарып тастады. Осыдан соң бессайысшы Лондон олимпиадасына Қазақстанның атынан қатысуды ұйғарыпты. Сабурхузин - Еуропа чемпионатының жүлдегері.

Спорт журналисі Төлеубек Әділбекұлының айтуынша, «Сабурхузин олимпиададан жүлде ала алмайды».

- Қазақстанда олимпиада ойындарының алдында әр федерация жарысқа осыншама спортшы апарамыз деп мақсат қояды. Қазіргі бессайыс федерациясы Лондон олимпиадасына екі жолдама ұтып алуды алдарына міндет етіп қойды да, сол мақсатты орындау үшін Ресейден спортшы шақырды. Пекин олимпиадасына Ресейдің атынан қатысқан Сабурхузин - сол үшін Қазақстанға шақырту алған спортшы. Ол осыдан бес жыл бұрын мықты болған шығар, қазір жүлдеге таласар жағдайда емес, - деді спорт журналисі.

БҰРЫНҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

1996 жылғы Атланта олимпиадасында қазақстандық спортшы Александр Парыгин чемпион атанған еді. Олимпиада басталуға он бес күн қалғанда жолдама алған спортшыны алтын алады деп ешкім ойламады. Бірақ Парыгин сенсация жасап, жеңімпаз атанды. Ал тағы бір қазақстандық бессайысшы Дмитрий Турин 31-орынға әрең ілікті.

1998 жылы Александр Парыгин спорттан кетті де, қазіргі бессайыс Қазақстанда тоқырауға ұшырады. Сидней олимпиадасына қазақстандық бірде-бір спортшы жолдама ала алмады. Ал Парыгин Қазақстаннан бапкерлік жұмыс таппаған соң, Австралия азаматтығын алып, сол елге көшіп кетті. Чемпион қазір Австралияда тұрады.

Атлантадағы алтыннан кейін, араға сегіз жыл салып, 2004 жылғы Афина олимпиадасына Қазақстаннан Лада Жиенбаланова мен Людмила Шумилова барды. Жиенбаланова - 14, Шумилова 30-орыннан аса алмады.
Пекин олимиадасының "Құс ұясы" атты стадионда өткен жабылу салтанаты. Пекин, 24 тамыз 2008 жыл.

Пекин олимиадасының "Құс ұясы" атты стадионда өткен жабылу салтанаты. Пекин, 24 тамыз 2008 жыл.


Лада Жиенбаланова Пекин олимпиадасына да қатысты. Алайда Қытайдағы ойындар спортшы үшін сәтсіз аяқталып, 36-орынды қанағат тұтты. Ал тағы бір қазақстандық Юлия Круссина 26-орын алды.

Олимпиададан бөлек, Қазақстан құрамасы 1997 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында командалық жарыс бойынша бессайыстан қола жүлде алды. Командаға ең көп ұпайды Парыгин алып берді.

2006 жылы Дохада (Катар) өткен Азия ойындарында Лада Жиенбаланова жекелей жарыста чемпион атанса, Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында күміс жүлдеге ие болды.

Жиенбаланова - екі дүркін Азия чемпионы. 2007 жылғы әлем біріншілігінде төртінші орын алған.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG