Accessibility links

Маусымның 20-сы күні «Қазғарыш» агенттігі Қазақстанның КazEOSat-2 жер серігі Ресейдің «Ясный» ғарыш айлағынан ұшқанын хабарлады.

«Қазғарыш» агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда «Жерді қашықтан барлайтын Қазақстанның КazEOSat-2 жерсерігі маусымның 20-сы күні Астана уақытымен сағат 01:11-де Ресейдің Орынбор облысындағы «Ясный» айлағынан ұшқан.

Агенттік хабарламасында «КazEOSat-2 (Kazakhstan Earth Observation Satellite – Қазақстанның жерді бақылайтын жерсерігі) спутнигін «Қазғарыш» тапсырысы бойынша Францияның Airbus Defence and Space концерні құрамына кіретін Ұлыбританияның Surrey Satellite Technology Limited (SSTL) компаниясы жасаған. КazEOSat-2 жер серігі «Днепр» (Ресей) зымыран-тасығышымен ұшырылды» деп жазады.

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Қазғарыш» агенттігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ербол Дәулетов «КazEOSat-2 жерсерігі Қазақстандікі болғанымен, оны Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру міндетті емес екенін» айтады.

Салмағы 200 килограммнан аспайтын жер серіктерін топтастырып ұшыру коммерциялық тұрғыдан тиімді саналады. Сондықтан Ресейдің өзі де кейде жерсеріктерін өзге елдердің аумағынан ұшатын зымырандарға қосады.

"Қазақстан осыған дейін «КазСат-3» спутнигін жасау жөнінде тапсырыс бергенде Ресей жағы оны әрі қарай ұшыруды да өз мойнына алды. Сол сияқты КazEOSat-2-ні жасаған француз компаниясының құрамындағы Ұлыбритания компаниясы Қазақстанмен шарт жасасқан кезде ұшыруды да міндетіне алған. Сондықтан олар да өздеріне экономикалық тиімділік жағын қарастырды" дейді Ербол Дәулетов.

NАСА (АҚШ ғарыш мекемесі) түсірген Арал теңізінің 2008 жылғы (сол жақта) және 2013 жылғы (оң жақта) суреттері. (Көрнекі сурет)

NАСА (АҚШ ғарыш мекемесі) түсірген Арал теңізінің 2008 жылғы (сол жақта) және 2013 жылғы (оң жақта) суреттері. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық КazEOSat-2 жер серігін алып ұшқан «Днепр» зымыран-тасығышының иесі болып саналатын халықаралық «Космотранс» ғарыш компаниясының 10 пайыз акциясы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясына тиесілі.

KazEOSat-2 мониторинг және табиғи апаттардың алдын алу, жер кадастрын жүргізу үшін Қазақстан территориясынан және Жердің басқа аймақтарынан фотосуреттер түсіреді. "Қазғарыш" спутниктің "ел қауіпсіздігін сақтау, қорғанысын нығайту мақсатында да картографиялық жұмыстар атқаратынын" хабарлады.

Қазақстан биыл сәуірде Оңтүстік Америкадағы Француз Гвианасының Куру ғарыш айлағынан KazEOSat-1 спутнигін ұшырған еді.

Қазақстанның тұңғыш жерсерігі «Казсат» 2006 жылы маусымның 18-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған еді. Ресейдің Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-зерттеу орталығында дайындалған бұл жерсерігі үшін Қазақстан 65 миллион АҚШ долларын төлеген. Алайда ол 2008 жылы маусымның 8-і күні басқару аппаратында ақау пайда болуына байланысты жұмысын тоқтатқан.

Қазақстан 2011 жылы шілденің 16-сы күні - «ҚазСат-2», 2014 жылы сәуірдің 28-іне «ҚазСат-3» жерсерігін Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырды.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG