Accessibility links

60-қа толған Қажыгелдин көп саяси эмигранттың біріне айналды


Әкежан Қажыгелдин, қуғындағы оппозицияшыл саясаткер. Сақып Жаңабаевадан алынған сурет.

Әкежан Қажыгелдин, қуғындағы оппозицияшыл саясаткер. Сақып Жаңабаевадан алынған сурет.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин наурыздың 27-сі 60 жасқа толды. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басты бәсекелесі саналған саясаткердің мерейтойына арналған кішігірім ғана шараны ұйымдастырушылар Қазақстан коммунистері мен жұмысшылар қозғалысының белсенділері болып шықты.


Наурыздың 27-сі Қазақстан коммунистерінің Алматыдағы кеңсесінде қуғындағы оппозиционер Әкежан Қажыгелдиннің 60 жасқа толуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы «Қазақстан жұмысшылар қозғалысының» төрайымы Сақып Жаңабаева болып шықты. Сонымен қатар кезінде Әкежан Қажыгелдин құрған РНПК партиясының бірқатар белсенділері мен Қазақстан компартиясының төрағасы Ғазиз Алдамжаров қатысты.

Сақып Жаңабаевның айтуына қарағанда бұл шара туралы Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы серіктері, қазіргі танымал саясаткерлер құлаққағыс етілген. Бірақ олардың кейбірі денсаулығына, кейбірі жұмысбастылығына байланысты келе алмайтынын айтқан.
Сақып Жаңабаева, Қазақстан жұмысшылар қозғалысының жетекшісі. Алматы, 27 наурыз 2012 жыл

Сақып Жаңабаева, Қазақстан жұмысшылар қозғалысының жетекшісі. Алматы, 27 наурыз 2012 жыл


Мәслихатқа қатысқандар Әкежан Қажыгелдин дәл қазіргі уақытта Қазақстанға ауадай қажет болып тұрғанын, бірақ оның елге оралу-оралмауы тек бір адамға, яғни Назарбаевқа байланысты деген пікірлер айтты. Сонымен қатар олар «Қазақстан президенті әкімшілігі мен Қажыгелдин арасында бірнеше жылдан бері келіссөз жүріп жатқанын» да білетін болып шықты, бірақ оның жай-жапсарын ашпады.

Саяси сарапшылар бұрынғы премьер-министрдің кейінгі іс-қимылдарына қарай отырып, Әкежан Қажыгелдин Қазақстан билігімен саяси келісім жасауға ұмтылып отыр, сондықтан саяси белсенділігі азайды деген жорамалдар жасады.

«ПАРАСАТСЫЗ БОЛСА, «ПАРАСАТ» ОРДЕНІН ТАПСЫРМАС ЕДІ»

Экс премьер-министр Әкежан Қажыгелдин жөніндегі ел ішінде әртүрлі көзқарас қалыптасқаны байқалады. Солардың бірі: «Қажыгелдин - мемлекет мүлкін жаппай талан-таражға салушы, республиканың ірі өндіріс ошақтарын шетелдік инвесторларға су тегін үлестіруші» десе, екіншісі: «Қажыгелдин – реформатор» деп санайды.

Алғашқы пікірді қолдаушылар «Қажыгелдиннің премьерлігі тұсында республикада жекешелендіру ісі әділетсіз жүргізілді, осы кезде өз қалтасына қомақты қаржыны баспаса, қуғында жүріп қай ақшасына өмір сүретін еді, оппозицияны қалай қаржыландырар еді?» деген сауал қояды. Екінші пікір иелері «Егер ол біліксіз, парасатсыз басшы болса, оған Назарбаев әуелі «Парасат» орденін тапсырып, ізінше соттамас еді» дейтін уәжін алға тартады.

Осыған орай Қажыгелдиннің саяси күресіне екі түрлі баға беріледі. Алғашқылары «қара басының қамы үшін билікке таласты» десе, кейінгілері «Қазақстанда шынайы демократия орнату үшін Назарбаевқа қарсы ашық күреске шықты» деп санайды.
Алайда екі жақ та, ортадағы бейтараптар да «кезінде Қажыгелдин Назарбаевқа шынайы бәсекелес бола алатын саяси тұлға болды» деген пікірмен келіседі.

ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ «ТАҢДАУЫ» МЕН «ҚҰТТЫҚТАУЫ»

Бұрынғы премьер-министр биліктен кетпестен бұрын өзінің алдында екі таңдау тұрғанын айтқан еді. Оның біріншісі «Джеймс Гиффеннің арқасында Қазақстан байлығының тоналуына көз жұмып отыра беру», екіншісі, оған қарсылық білдіріп азаматтық көзқарасын білдіру.
Әкежан Қажыгелдин, қуғындағы саясаткер. 2008 жылдың жазы.

Әкежан Қажыгелдин, қуғындағы саясаткер. 2008 жылдың жазы.


Әкежан Қажыгелдин 2004 жылы «Республика» басылымына берген сұхбатында Назарбаевқа «не Джеймс Гиффенді, не мені таңда» деген талап қойғанын айтады. Қажыгелдиннің айтуына қарағанда Назарбаев сол жолы Джеймс Гиффенді таңдаған, алайда кейіннен ол таңдауы үшін қатты өкінген көрінеді.

Джеймс Гиффеннен туындап, «Қазақгейтке» ұласқан бұл даудың соңы бертінде ғана аяқталғаны мәлім. Қазақстанның оппозициялық басылымдары кезінде бұл оқиғаның өршуіне Назарбаевтың өзі себепші болғанын жазған еді. Осы оқиға басталғанда Қажыгелдин Назарбаевқа телефон шалып, «құпия-есеп шоттарының» ашылғанымен құттықтағанын жазады оппозициялық басылымдар.

САЯСАТКЕРГЕ АЙНАЛУ

1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Қажыгелдин «оппозицияға кетуі мүмкін» деген жорамалдар 1996 жылдардың өзінде пайда бола бастаған еді. Сол кездегі танымал саясаттанушылардың бірі Нұрболат Масанов «Қажыгелдин биліктен кетсе, оппозицияның компрадорлық қанатының жетекшісі болуы мүмкін» деген болжам жасаған болатын.

Оған республиканың саяси өміріне араласа бастаған бірқатар басылымдарға премьер-министрдің ықпалына ете бастауы да біршама түрткі болғанға ұқсайды.
Премьер-министрлік қызметте отырғанына үшінші жыл болғанда Әкежан Қажыгелдинді орындаушыдан гөрі «саясаткер» ретінде көбірек танытатын сұхбаттар «Караван» мен «КТК» арнасынан жиі шыға бастады. «Караван» газетіндегі қатарынан жарияланған үшінші сұхбаты («Да, я служил в КГБ», 05.09.1997) мен газеттің дәл сол нөмірінде әкесі Мағжан туралы мақаладан кейін бір ай өтпей-ақ Әкежан Қажыгелдин «денсаулығын түзету үшін» Швейцария клиникасына белгісіз мерзімге кетіп қалды.

СЫРТТАЙ ҮКІМ

Премьер-министр Швейцарияда жүргенде оппозициялық «Азамат» қозғалысының тең төрағалары Ғалым Әбілсейітов, Мұрат Әуезов пен Петр Своиктер Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, «елдің бар байлығын сатып, экономикаға орны толмас залал келтірген, оңды-солды сұхбат беріп, өзін-өзі жарнамалауға ұмтылған премьер-министрді орнынан босатуды» сұрады.

Қазақстан президентіне қазан айында Швейцариядан жолдаған хатында Қажыгелдин өзін премьер-министрлік қызметтен босатуды сұрай отырып, президентке адал болып қала беретінін мәлімдеді.

1998 жылғы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев қайта оралған Әкежан Қажыгелдинге «Парасат» орденін тапсырып, өзіне штаттан тыс кеңесші етіп алды. Бірақ көп ұзамай-ақ Қажыгелдиннің кеңес берумен шектелгісі келмейтіні, алдағы президент сайлауына қатыспақ ниеті бары белгілі болды.
Әкежан Қажыгелдин (оң жақта). Ресми вебсайттан алынған сурет.

Әкежан Қажыгелдин (оң жақта). Ресми вебсайттан алынған сурет.


1998 жылы қырқүйектің 5-күні Алматыда «Әділ сайлау үшін» қозғалысын құруға арналған жиынға Әкежан Қажыгелдин де қатысқан еді. Соңынан Қазақстан соты Қажыгелдин әлі тіркеуден өтпеген қозғалыстың жиналысына қатысты деп әкімшілік жауапқа тартып, соның негізінде оны президенттік сайлаудан шеттетті. Оппозициялық басылымдар Қажыгелдинге осы кезде оқ атылып, қастандық әрекеті жасалғанын, айыптау науқаны басталғанын жазады.

Сол жылы желтоқсан айында Қазақстанның республикалық халықтық партиясын құрып, көп ұзамай шетелге кетуге мәжбүр болған «Парасат» орденінің иесін 2001 жылы Қазақстанның жоғарғы соты 10 жылға бас еркіндігінен айыру туралы сырттай үкім шығарды. Кейін Қажыгелдинді Қазақстанның ресми сұрауы бойынша Интерпол екі мәрте ұстап, екеуінде де босатып жіберді.

ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ КЕЗДЕСУЛЕРІ

- Әкежан Қажыгелдин шетелде жүрсе де Қазақстандағы оппозициялық күштермен байланысын үзген жоқ. Саясат сахнасына әр кезеңде шыққан жаңа оппозициялық күштер, жаңа тұлғалармен қалай да тіл табысуға ұмтылды. Ол құрған партия республикадағы радикалды оппозициялық партияға айналды, - деп жазады саяси сарапшылар.

Публицист Сейдахмет Құттықадам 2000 жылдың жазында Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы вице-президент, кейінгі зейнеткер Ерік Асанбаевпен кездесуге жол іздегенін айтады.

- Қажыгелдин онымен кез-келген шет мемлекетте кездесуге дайын болды. Бірақ Асанбаев әуелде келіскенімен, кейін түрлі себептермен айнып қалды, - дейді ол.
Сейдахмет Құттықадамның айтуынша, бұл келіссөзді жүргізуге Әміржан Қосанов пен Петр Своик делдалдық еткен. Петр Своик жоғарыда айтылғандай кезінде «премьер-министр Қажыгелдинді орнынан босатуды талап етіп» президентке хат жазғандардың бірі болатын.
Әкежан Қажыгелдин (сол жақта) мен Мұхтар Әблязов К+ телеарнасына сұхбат беріп отыр. Лондон, 13 наурыз 2010 жыл

Әкежан Қажыгелдин (сол жақта) мен Мұхтар Әблязов К+ телеарнасына сұхбат беріп отыр. Лондон, 13 наурыз 2010 жыл


Қажыгелдиннің белгілі оппозиционерлермен тіл табысуынан сескенген билік түрлі тосқауылдар қоюға тырысқанын айтады саясаткерлер. 2004 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында оппозициялық қайраткер Балташ Тұрсымбаев та Әкежан Қажыгелдинмен Вашингтонда болатын кездесуіне кедергі жасалғанын, көп ұзамай көлігі өртелгенін айтқан еді.

2005 жылғы қаңтар айының соңында Әкежан Қажыгелдин биліктен кетіп, Назарбаевтың басты сынаушысына айналған Заманбек Нұрқаділовпен кездеседі. Бұл туралы ақпан айында Еуропа сапарынан оралған Заманбек Нұрқаділовтің өзі айтқан еді.

Қазақстандағы жемқорлықпен күресуді көздейтін халықаралық қоғамдық комиссия құрғанын, оған қазір шетелде жүрген қазақстандық оппозиция өкілдері, кейбір журналистер енгенін айтқан Заманбек Нұрқаділов кезінде өзі де айрықша шүйліккен Қажыгелдинге: «Әкежан, сен президент болуға лайық адамсың, елде әділ сайлау өтіп, оған өзіңді ұсынғанда мен сені қолдар едім» деп айттым» деген еді.

Әкежан Қажыгелдин сонымен қатар 2006 жылы ақпан айында Еуропа кеңесінің парламенттік Ассамблеясында Жармахан Тұяқбаймен де кездескен.

ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ ҮНДЕУЛЕРІ

Кейбір сарапшылар шетелде жүрген Әкежан Қажыгелдин Қазақстандағы саяси өзгерістерді терең біле алмады десе, енді кейбірі оппозиция жетекшілерімен жүздесіп, Қазақстан саяси партиялары мен қоғамына жазған бірнеше үндеулері Қажыгелдиннің республикадағы саяси ахуалды бақылап отырғанын көрсетеді деп санайды.

Соның ішінде Қазақстанның оппозициялық партияларын «Ақжол» партиясының төңірегіне топтасуға шақырған 2004 жылғы үндеуі оппозициялық күштерді біріктіруге жасалған тағы бір қадам болды деп санайды саясаттанушылар. Бұл үндеуді саяси партиялар әрқилы қабылдағанымен, сол жылы Қазақстанда Демократиялық күштердің кеңесін құруға ықпал еткен еді.

Қажыгелдин 2009 жылы мамырдың 1-і «Жалпыхалықтық ынтымақтастық акциясын өткізу» және оппозициялық күштерді біріктіру туралы тағы бір үндеу жасап, 13 адамға «ел тағдырын қолға алуды» ұсынды Бірақ Қазақстанның саяси өмірінен «жырақтай бастаған оппозициялық қайраткердің» ұсынысы аяқсыз қалды.

Осы үндеуге орай Азаттық радиосына берген сұхбатында Қажыгелдин «билік қайықты шайқамауға шақырады, алайда халық пен билік екі басқа қайықта» деген еді.

«КЕЙІНГІ ҚАЖЫГЕЛДИН»

Қазақстандық саясаттанушылар қуғындағы Әкежан Қажыгелдиннің кейінгі кездері саяси белсенділігі азайғанына назар аударады. Оның бір себебі Назарбаевпен келіссөзге келудің жаңа мүмкіндіктерінің пайда болуы деген болжам айтады.
2008 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Әкежан Қажыгелдин Ақордамен бейресми келіссөздер болғанын растаған еді. Соның ішінде Рахат Әлиев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілі ретінде өзіне бірнеше рет келгенін, осы сыңайда келіссөздер әлі де жасалып жатқанын, немен аяқталары белгісіз екенін жеткізген болатын.
Петр Афанасенко, Рахат Әлиевті сотқа тартушы Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы кежеуілі. Вашингтон, маусым айы, 2011 жыл

Петр Афанасенко, Рахат Әлиевті сотқа тартушы Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы кежеуілі. Вашингтон, маусым айы, 2011 жыл


«Мен тек қана бір нәрсені — өз еліме қайтқым келетінін айта аламын. Мен өз елім үшін, әсіресе дәл қазіргідей қиын жағдайда, көп пайдалы іс атқара алатынымды білемін» деген Қажыгелдин Азатыққа берген сұхбатында.

Ол осы сұхбатында өзінің елден кетуіне себепші болған Рахат Әлиевтің кейін кешірім сұрағанын, бірақ мұндай мәселелер кешірім сұраумен ғана шешілмейтін де ескерте кеткен.

2011 жылы Қажыгелдиннің бұрынғы кежеуілдері (телохранитель – ред.) Рахат Әлиевті қамауда болған кезде өздерін азаптап, қинады деп айыптап, Австрия сотына шағым түсірді. Бұрынғы премьер-министр былтырғы желтоқсанда өзінің де Әлиевті сотқа бермекші ниеті бар екенін мәлімдеді.

Қажыгелдиннің Жаңаөзен оқиғасынан кейін Назарбаевты сипай қамшылап сынауының бір себебі - ымыраға келуді іздеген саясаткердің тәсілі болуы мүмкін дейді кебір сарапшылар. Ал енді біреулері Қажыгелдин Қазақстан билігімен күресте қажи бастады деген пікір айтады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG