Accessibility links

Сот үкіметтің әкесінің арызын қайтарды, енді Мәсімовпен Сағымбаевтың өзі соттаспақшы


ХАС ЕР КЗ" компаниясының құрылтайшысы Қажымқан Мәсімов. 21 желтоқсан, 2009 жыл..

ХАС ЕР КЗ" компаниясының құрылтайшысы Қажымқан Мәсімов. 21 желтоқсан, 2009 жыл..

Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық соты премьер-министр Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімовтың адам құқығын қорғаушы Талас Сағымбаевқа қарсы арызын қараусыз қалдырды. Сот арызданушы үлкен Мәсімов істі сотқа дейін шешу туралы заң талабын орындамаған деп шешті.

"СОТТЫҢ ШЕШІМІ ӘДІЛ"

Наурыздың 1-і күні Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық соты Қажымқан Мәсімовтың адам құқығын қорғаушы Талас Сағымбаевқа қарсы арыз-шағымы негізінде қозғалған азаматтық іс бойынша сот отырысы болып өтті.

Өткен аптаның жұма күні-ақ алдын-ала тыңдаулары өткен процестің бүгінгі отырысы ұзаққа созылған жоқ. Аудандық сот премьер-министрдің әкесінің шағымын қараудан бас тартты.

Судья Мая Ғалиева арызданушы заң ережелерін дұрыс сақтамаған, атап айтқанда істі сотқа дейін шешу жолдарын қарастырмаған деп шешті. Арызданушының аудандық сот шешіміне шағым түсіруіне 10 күн уақытыбар.

Премьер-министрдің әкесі сот арқылы 10 миллион теңге моральдық шығын өндірілуін талап еткен болатын. Мәсімовтың өкілінің айтуынша, сотқа шағымдануға Сағымбаевтың Қажымқан Мәсімовтің кәсіпкерлерді цементпен қамтамасыз етемін деп жинап алған қаржыны бермей жүргені туралы баспасөзде айтқандары түрткі болды.

2009 жылы наурыз айында шымкенттік бір топ кәсіпкер Астанаға келіп , Қаржы полициясы алдында наразылық акциясын өткізіп, құрылтайшысы Қажымқан Мәсімов болып табылатын "ХАС ЕР КЗ" құрылыс компаниясына қатысты шара қолдануды талап еткендері белгілі. Онда үлкен Мәсімовтың цементпен қамтамаыз ету жөніндегі міндеттемесін орындамағандықтан кәсіпкерлерге 77 миллион теңге берешек екендігі айтылған болатын.

Алайда жауап беруші – Сағымбаев арызданушының талаптарымен келіспейді. Дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында ол сот әділ шешім қабылдады деп отыр

- Судья Мая Ғалиева заңды шешім шығарды деп ойлаймын. Өйткені, Мәсімовтің өзі, жеке тұлға ретінде, бұл материалдардың барлығын жоққа шығаруын сұрап мақала жариялап, бұқаралық ақпарат құралдарына қайрылмаған.

Сонымен бірге, ол жазбаша түрде де, көзбе-көз, сондай-ақ өкілдері арқылы да маған шыққан жоқ. Яғни, азаматтық процесуалдық кодексінің істі сотқа дейін шешуді қарастыратын ережесін ешкім жоққа шығарған жоқ, - деді ол.

«ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРЫЛУЫНА ҚАРТ МӘСІМОВ ЖАУАПТЫ ЕМЕС»

Арызданушы Қажымқан Мәсімовтың өзі сот процестеріне қатысқан жоқ. Сотта оның мүддесін Мәсімовтың өкілдері қорғады. Сөз болып отырған істің жұма күнгі алдын-ала тыңдауларында Мәсімовтың ресми өкілі Қуат Талғабаев, «Азаттық радиосына берген сұхбатында, шымкенттік кәсіпкерлерге берешек қарызға Қажымқан Мәсімов жауапты емес деп мәлімдеді.

- Егер мен сізден алсам, мен сізге қайтарып беруім керек. Егер мөрі бар ЖШС болса, оны сол жауапкершілігі шектеулі серіктестік қайтарып беруі тиіс, - деді Талғабаев.

Бұл уақытта Талас Сағымбаев енді өзінің үлкен Мәсімовке қарсы арыз-шағым түсіргендігін айтып отыр. Сағымбаев сот арқылы 1 жарым миллион доллар талап еткен. Ендігі жерде Сағымбаев қарт Мәсімовтың алдынан өтуді артық деп есептейді.

- Мен оған неге хабарласуым керек? Қажымқан Мәсімов, «ХАС-ЕР КЗ» директоры ретінде, бұл кісілерден ақша алса, одан кейін оларды сотқа берсе… Бұл жерде қандай қисын болуы мүмкін? Мен неге бірінші болып алдына баруым керек, бұл кісілерден ақшаны мен алдым ба? – дейді Сағымбаев.

Сағымбаевтың айтуынша, Қажымқан Мәсімов басқаратын «ХАС-ЕР КЗ» компаниясы Шымкенттегі жүздеген кәсіпкерден құрылыс үшін деп қомақты қаржы жинап алған. Қазіргі таңда 130-ға жуық кәсіпкер 100 мыңдаған доллар берешегін қайтара алмай жүр.

Кейбір кәсіпкерлер Мәсімовтің есепшотына 380 мың доллар қаржы аудардық дегенді алға тартып отыр. Олар премьер-министрдің әкесі алдамайды деген сеніммен қаржы құйғандықтарын жасырмайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG