Accessibility links

«ҚазМұнайГаз» бірнеше ақпарат құралын сатады


Алматыда өткен медиа форумға келген телеарна операторлары. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыда өткен медиа форумға келген телеарна операторлары. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Компания сатылады деп жариялаған ақпарат құралдары басшылары комментарий беруден қашқақтады. Сарапшылар пікірінше, олардың иесі ауысқанымен, медиа нарықтағы жағдай өзгемейді, бақылауда болады.

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) компаниясы «Рауан Медиа Групп» холдингіне «Астана» телеарнасы, NS және «Деловая волна» радиостанциялары, «Нұр Астана», «Түркістан» газеттері кіреді.

Қазан айының аяғында «СТВ» телеарнасы «Рауан Медиа» тобына кіретін ақпарат құралдарының сатылатынын хабарлады. Телеарна ұлттық компанияларды мемлекет атынан басқаратын «Самрұқ-Қазына» қорының атқарушы директоры Нұрлан Рахметовтің «Бұл ақпарат құралдары «ҚазМұнайГаз» компаниясына өте қымбатқа түсіп отыр» деген сөзіне сілтеме жасады.

Нұрлан Рахметов «Салаға қатысы жоқ активтердің бәрінен құтылмақпыз. Оның ішінде «Рауан Медиа Групп» та бар. Оны сатуға не біреуге беруге тырысамыз» деп мәлімдеді.

Қаржы үнемдеу мақсатымен «Рауан Медиа Групп» медиа-холдингінің 2015 жылға дейін сатылатыны да хабарланды. БАҚ-тың бір бөлігі бизнеске сатылады, бір бөлігі жергілікті атқару органдарына беріледі деп жоспарланған.

ШЫҒЫН АЗАЙҒАНЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕ

Сатылатын кейбір БАҚ басшылары Азаттық тілшісіне комментарийді «НҰР Медиа» холдингінен алуға кеңес берді.

NS радиостанциясы бас директорының орынбасары Бауыржан Құрманғалиев «баспасөзде жарияланған ақпараттан басқа ештеңе білмейміз» деумен шектелді.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының Астанадағы кеңсесі.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының Астанадағы кеңсесі.

​Ал «Астана» телеарнасы бас директорының қабылдау бөлмесінде «НҰР Медиа» холдингінен комментарий алу» туралы ұсыныс арнаның бірінші басшысы Ләззат Танысбаймен талқыланған соң айтылды.

Ал «Рауан Медиа Групп» компаниясының сайтында ешқандай байланыс телефоны көрсетілмеген. Бірақ «НҰР Медиа» холдингінің бас директоры Ерлан Байжановтың ақпарат құралдарына «Салаға қатысы жоқ активті сату жаңалық емес. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының салаға қатысы жоқ активтерін қайта құрылымдаудың 2009 жылы бекітілген жоспарларын іске асыру 2015 жылға қарай аяқталады деп белгіленген» деді.

Холдингтің бас директоры «Рауан Медиа Групп» ойдағыдай дамып отыр деп есептейді. Байжановтың айтуынша, «Астана» телеарнасының рейтингі екі жарым есе өскен. «HD-форматтағы жаңа құрал-жабдықтар сатып алған телеарна эфирінде көптеген қызықты бағдарламалар пайда болды» дейді ол.

- Радиодан хабар тарату нарығындағы бәсекелестік артқанына қарамастан, NS радиостанциясы өз позициясын ұстап отыр. Қазақ тілінде шығатын сапалы басылымдардың ішінде «Түркістан» газеті көш басында. «Нұр Астана» газеті AynaLine.kz жастар порталы ретінде өз аудиториясын кеңейтіп, толығымен онлайн форматына көшті - дейді Ерлан Байжанов Remarka.kz сайтына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «Рауан Медиа» тобының әкімшілік шығындары 2008 жылғы 765 миллион теңгеден 2012 жылы 270 миллион теңгеге дейін қысқарған. Ол «бұл кезең ішінде жалпы зиянды шығын 642 миллин теңгеден 164 миллин теңгеге дейін, яғни 74 пайызға азайып, кіріс көлемі 550 миллион теңгеден 1 миллиард 300 миллион теңгеге дейін көбейді, яғни екі есе артты» дейді.

«БӨТЕНДЕР» МЕН «ӨЗ АДАМДАРЫ» ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАР

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов «ҚазМұнайГаз» компаниясының салаға қатысы жоқ активтерін сатылымға шығару - «мұрагер» операциясы қарсаңында қажетті ресурстарды тиісті қолға шоғырландыру белгісі» дейді.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

- Яғни, ақпарат құралдарынан тұратын активтерді жаппай сату жоспарланып отыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы сияқты салаға қатысы жоқ активтерден құтылу - жалпы дұрыс идея. Бірақ жалпыұлттық БАҚ кімдердің қолына түсетінін халық бақылауы тиіс. Оларды Қазақстан шығармашылық одақтарының басқаруына беру әділетті әрі дұрыс шешім болар еді, - дейді Әміржан Қосанов.

«Правовой медиацентр» компаниясының директоры Диана Окремова «Сатылатын ақпарат құралдары жеке адамдардың қолына түседі дегенге сену қиын. Қазақстанда жекеменшік және тәуелсіз басылымдар мен телеарналар жоқтың қасы, олардың көпшілігі белгілі бір көлемде мемлекеттік тапсырыс алады» дейді.

- Ақпарат құралдарының бәрі белгілі бір дәрежеде бақыланады. «Астана» телеарнасы, мүмкін Астананың қалалық телевизиясына айналатын шығар, оны әкімдік балансына өткізеді. Медианарыққа ешқайсысын еркін жібере салмайды. Меніңше, бәрі бақылауда болады, - дейді Диана Окремова.

Тәуелсіз саясаттанушы Әділ Нұрмақовтың пікірінше, ақпарат құралдарын сату процедурасы жабық формада өтіп, ал «Рауан Медиа Групп» холдингін «өз адамдарының» бірі сатып алады.

- Басқа біреудің қолына өткізеді, оның кім екенін біз білмейтін де боламыз. Қазақстанда 15 жыл бойы мықты бақылауда болған қазақ тіліндегі таралымы көп басылымдар мен хабар тарататын ірі БАҚ-ты әлдекімге ұстатып қоя береді дегенге сену қиын, - дейді Әділ Нұрмақов.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының салаға қатысы жоқ активінің болашақ тағдырын «НұрМедиа» басқарушы медиа-холдингінің атқарушы директоры Ерлан Байжанов та нақты болжай алмайды.

"Астана" телеарнасы. (Көрнекі сурет)

"Астана" телеарнасы. (Көрнекі сурет)

​- Шағын және орта бизнесті қолдау үшін бәсекелес ортаға активтерді шығару - мәселенің бір қыры. Ал кіріс бермейтін, бірақ қоғамдық немесе корпоративтік пайда әкелетін активтерді не істейміз? Оларды ешкім алмайды. Сондықтан көптеген елдерде мәдени және медиалық ұйымдарды қолдау тәжірибесі бар, - деп мәлімдеді ол Remarka.kz сайтына берген сұхбатында.

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда 2 мың 600-ге жуық ақпарат құралдары бар. Оның 80 пайыздан көбі - мемлекеттік емес БАҚ деп есептелгенімен, «Қазақстанда тәуелсіз ақпарат құралы жоқ» деген пікір де бар. Қазақстандық медиа нарық сарапшыларының айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда қатаң қадағаланады, бұл нарыққа сырттан ешкімді кіргізбейді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG