Accessibility links

Сарапшылар «мұнай өңдеу зауыттарын жөндеуге алты миллиард керек» дегенге сенбейді


Атырау мұнай өңдеу зауыты өртеніп жатыр. Атырау, 13 қаңтар 2010 жыл.

Атырау мұнай өңдеу зауыты өртеніп жатыр. Атырау, 13 қаңтар 2010 жыл.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытын жөндеу үшін өте қомақты қаржы бөлмек. Ал сарапшылар «ондай ақшаға жаңадан үш зауыт салуға болады» дейді.

2012 жылы қазанның 2-сі күні «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Ләззат Қиынов KAZENERGY форумында Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытын жөндеу үшін 6 миллиард доллар бөлінетінін мәлімдеді.

«САПАЛЫ БЕНЗИН КӨБЕЙЕДІ»

Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент қаласында үш мұнай өңдеу зауыты бар. Қазақстан стратегиялық даму институтының дерегіне сүйенсек, кезінде Атыраудағы зауытты салуға - 2 миллиард доллар, Павлодардағы зауыт құрылысына 1,2 миллиард доллар жұмсалған. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты 700 миллион долларға салыныпты. Енді осы үшеуін мемлекет алты миллиард долларға қайта жөндеуден өткізбек.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.


«ҚазМұнайГаз» компаниясының бастығы Ләззат Қиынов 6 миллиард долларға жөнделген соң «зауыттардың жұмысы жанданатынын» айтып:

- Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын қайта жөндеу экономиканың дамуына тың серпіліс береді. Жөндеу жұмыстары 2013-2015 жылдары жүреді. Модернизациядан өткен соң қазақстандық зауыттар жылына 19 миллион 500 мың тонна мұнай өңдейді. Мұнай өңдеу тереңдігі 80-90 пайызға жетеді. Мазут өнімі азайып, сапалы бензин көбейеді. Қазақстандық бензиннің сапасы «Еуро-4» стандартына дейін көтеріледі, - деген еді.

«ҮШ ЗАУЫТТЫҢ ДА ЖҰМЫСЫ БАЯУ»

Саяси шешімдер институтының маманы Сергей Смирнов «Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуді қажет ететінін» айтқанымен, «6 миллиард доллар» деген сомамен келіспейді.

- Олардың (Қазақстандағы үш зауыттың) мұнай өңдеуі өте төмен. Батыста және АҚШ-та мұнай өңдеу тереңдігі – 95 пайыз, Қазақстанда 70 пайызға әрең жетеді. Бір жағынан, зауыттарды күрделу жөндеуге 6 миллиард доллар дегенді олар қайдан алды? Соны түсінбей отырмын. Атыраудағы зауыт осыған дейін екі рет жөндеуден өткен. Модернизация жұмыстарын жапониялық компания жасады. Жөндер алдында «жоғары октанды бензин өндіру артады» деген мәлімдеме жасалды. Бірақ елдегі бензиннің қазіргі сапасын қарапайым халық жақсы біледі. Енді «тағы да жөндеп, евростандартқа сай жанармай шығарамыз» дейді, сену қиын, - деді сарапшы.
Алты миллиард дегенді олар қайдан алды?.. Атыраудағы зауыт осыған дейін екі рет жөндеуден өткен. Модернизация жұмыстарын жапониялық компания жасады.

Ал Қазақстан стратегиялық даму институтының өкілі Бела Сарлыбаева:

- Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс істеп тұрған жоқ. 2010-2011 жылғы деректер бойынша, Атыраудағы зауыттың өндіріс қуаты 5 миллион тонна болғанымен, 4 миллион 300 мың тонна мұнай өңдеген. Ал Павлодар зауытының жылдық жоспары 7 миллион 500 мың тонна болғанымен, 4 миллион 800 мың тонна мұнай өңдепті. Шымкентте 6 миллион тонна өңделу керек, бірақ 4 миллион тонна ғана өңдей алған. Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар министрлігі елге үш мұнай өңдеу зауыты жетеді және төртіншісін салмаймыз деп мәлімдеген, - деді.

Ал Сергей Смирнов «Қазақстандағы бірде-бір мұнай өңдеу зауыты мұнайды жоғары сапамен өңдей алмайтынын» айтып:

- Қазақстан қазір евростандартқа жетуге талпынып жатыр. Алайда бізде мүмкіндік аз. Мұнай өңдеу технологиясын өзгерту керек. Бүгінгі зауыттар ұзағанда «Евро-2» стандартындағы бензин өндіре алады. Оның өзіне күрделі жөндеу керек. Европа қазірдің өзінде «Евро-5», Беларусь «Евро-4» бензинін шығарып жатыр. Ал Қазақстан жиырма жыл бойы «Еуро-2» стандартына жете алмай келеді, - деді.

«СУ ЖАҢА ҮШ ЗАУЫТ САЛУҒА БОЛАДЫ»

Бела Сырлыбаева «мұнай өңдеу зауытының экологияға зияны көп» екенін айтты.

- Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттары мүмкіндіктерінше жұмыс жасап жатыр. Бірақ оның экологияға зияны туралы ешкім ойлап жатқан жоқ. Мысалы, Норвегия өз территориясында мұнай өңдемейді. Сырттан өңделгенін сатып алады. Олар экологияны құртпау үшін осындай қадамға барған, - деді ол.

Ал Сергей Смирнов мұнай өңдеу зауыттарының халық денсаулығына зиянымен қоса, «6 миллиард долларға су жаңа үш зауыт тұрғызуға болатынын» ескертті.
«ҚазМұнайГаз» бөліп отырған алты миллиард долларға су жаңа үш зауыт тұрғызуға болады. Тіпті бұл қаржыға атом станциясын да сала аласыз.

- Атыраудағы зауыт қалаға өте жақын орналасқан. Бұл - қауіпті. Былтыр АҚШ пен Қытайда мұнай өңдеу зауыттары өртеніп, талай шығын әкелген. Сондықтан қаладан 30-40 шақырым жерден жаңа зауыт салған дұрыс. «ҚазМұнайГаз» бөліп отырған 6 миллиард долларға су жаңа үш зауыт тұрғызуға болады. Тіпті бұл қаржыға атом станциясын да сала аласыз, - деді ол.

2012 жылдың қыркүйегінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы Румыниядағы бөлімі - «Ромпетролға» қарасты мұнай өңдеу зауытын толық жөндеп шықты. Компания таратқан мәліметте жөндеуден өткен зауыттың шикі мұнайды өңдеу көлемі 3 миллион 800 мың тоннадан 5 миллионға дейін артқаны, өнімнің «Евро-5» стандартына көшкені жазылған.

(Материалды әзірлеуге Нұрмахан Ахметов үлес қосты)
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG