Accessibility links

«ҚазМұнайГаз» Қашағандағы үлесін көбейтпекші


Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің Д аралы. 2009 жыл.
Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің Д аралы. 2009 жыл.
«ҚазМұнайГаз» Қашаған мұнай кенішіндегі АҚШ-тың ConocoPhillips компаниясына тиесілі үлесті сатып алуды жоспарлап отыр.

ConocoPhillips компаниясы «ҚазМұнайГазға» өз үлесін сата қалған жағдайда өндірілетін мұнайдың ширегі Қазақстан еншісіне тиетін болады.

Әлемдегі ірі мұнай компаниясының бірі ConocoPhillips-тің Каспий теңізінде орналасқан Қашаған мұнай кенішіндегі активтерін сататыны әртүрлі ақпарат көздерінен мәлім болды.

ҚАЗАҚСТАН ҮЛЕСІН КӨБЕЙТЕДІ

ConocoPhillips компаниясы ақпарат құралдары арқылы тарап жатқан бұл дерекке қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Алайда кейбір мәліметтерде компанияның кейбір активтерін сатып, ақшалай табыс түсіргісі келетіні айтылып жүр.

Өткен тоқсанда бұл компанияның табысы недәуір қысқарған. Кейбір мәліметтер бойынша, түсетін пайда 14 пайызға төмендеп, компания 15 миллиард доллар табыстан қағылған.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.

2012 жылдың соңына дейін ConocoPhillips 20 миллиард доллар тұратын активтерін сатпақ. Бизнес саласындағы басылымдардың ақпараты бойынша, бұл түсім ConocoPhillips-тің қиындап кеткен қаржылық жағдайын жақсартады.

«ҚазМұнайГаздың» Қашағандағы ConocoPhillips үлесін сатып алу жоспарын компанияның басқарма төрағасы Ләззат Қиынов Астанада өтіп жатқан KAZENERGY форумында айтты. Бұл жоспар «ҚазМұнайГаздың» әлемдегі ең ірі мұнайгаз компанияларының біріне айналу стратегиясымен сәйкес келеді. Егер Қазақстан тарабы америкалықтармен келісімге келе алса, Қазақстанның Қашағандағы үлесі 25 пайызға көбеймек.

KAZENERGY форумына қатысып отырған Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қашағандағы мұнай өндірісінің қашан басталатынын айтты.

Алғашқыда 2005 жылға белгіленген өндірістің басталу мерзімі бұған дейін бірнеше мәрте шегерілді. Мыңбаев енді Қашағаннан мұнай алу «2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында басталады» дейді.

АРЗАНҒА САТЫП, ҚЫМБАТҚА АЛАМЫЗ

Осы ретте Азаттық Алматыдағы саяси шешімдер институтының сарапшысы Сергей Смирновқа хабарласқан еді.

- Қазақстан бастапқыда активтерін «бюджетте ақша жоқ», «шетелден инвестор әкелу керек» деген себептермен мардымсыз бағаға сатты. Бірақ қазір сол активтерін қайтадан миллиард долларға сатып алуға мәжбүр, оның өзін қарыз алып төлемек. Қазіргі ақпараттар бойынша, америкалық компания сегіз-он миллиард доллар сұрап отыр. «ҚазМұнайГаз» ондай ақшаны қайдан алады? Барлық сыртқы қаржы нарықтары жабық, ел ішінен ондай қаражат табу қиын. Консорциумның басқа мүшелерінен сұрамаса... Оған қоса «ҚазМұнайГаздың» теңізден мұнай өндіру тәжірибесі жоқ, ал Қашағанның табиғи ерекшеліктері өте күрделі, - деді Сергей Смирнов.
Қазақстан сол активтерін қайтадан миллиард долларға сатып алуға мәжбүр, оның өзін қарыз алып төлемек. Америкалық компания сегіз-он миллиард доллар сұрап отыр. «ҚазМұнайГаз» ондай ақшаны қайдан алады?

Қашағандағы мұнай қоры шамамен 10 миллиард тонна деген ақпарат бар. Бұл – соңғы 40-50 жылда табылған ең ірі мұнай кенішінің бірі. Мұнай қоры 2000 жылдары Каспий теңізінің солтүстік бөлігінен табылды.

Қашағанды игеріп жатқан консорциумға «ҚазМұнайГаз», Италияның Eni, АҚШ-тың ExxonMobil, Голландия мен Ұлыбритания бірігіп құрған Royal Dutch Shell, француздың Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), ConocoPhillips (8,4 пайыз) және жапонның Inpex (7,56 пайыз) компаниялары кіреді.
XS
SM
MD
LG