Accessibility links

«ҚазМұнайГаздың» Батыстағы «тар жол, тайғақ кешуі»


Мұнай өңдеу зауыты. (Көрнекі сурет)
Мұнай өңдеу зауыты. (Көрнекі сурет)

«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясының бақылау пакеті Қытай қолына өте бастаған тұста Румыниядағы осы кәсіпорынға қатысты тергеу амалдары басталды. Бірақ «ҚазМұнайГаз» Еуропадағы бірқатар жобаларын бұдан ертеректе де жабуға мәжбүр болған.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Румыниядағы мұнай өңдейтін еншілес кәсіпорнының 51 пайыз акциясын (бақылау пакетін) сатуға кіріскені сол еді, ол жақта коррупцияға қатысты күдікпен тергеу амалдары басталғаны жарияланды. «ҚазМұнайГаз» 2007 жылы сатып алған румындық Rompetrol компаниясы 2014 жылы KazMunayGas International (KMGI) компаниясы болып қайта құрылған еді. Бірақ Румыния билігі бұл компанияны салыққа қатысты айыптауды баяғыда-ақ бастаған, яғни жүздеген миллион еуроның «салығын төлеуден жалтару» дауы жайлы 2011 жылы белгілі болған.

Кезінде сыншылар «экономикалық тұрғыдан пайдасы жоқ әрі шығыны көп» деп атап, Қазақстанның Румынияда активтер сатып алуына күмәнмен қараған. Оппозициялық кей тұлғалар «мәміле жария жасалмады» деп айыптаған. Дегенмен «Қазмұнайгаздың» KMGI компаниясының бақылау пакетін сату туралы шешімі Қазақстанның әлемдік дағдарыстан көп бұрын Еуропада бастаған жобаларынан тағы да тартқанын білдіреді. Қазір Қазақстан экономикасы 20 жылда байқалмаған құлдырау кезеңінде тұр, үкімет экономиканың бірнеше ірі секторын жекешелендіру жоспарын жариялады.

РУМЫНИЯ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АЙЫПТАУЛАРЫ

Енді Румыния прокуратурасы «Rompetrol компаниясы 2000 жылдан бастап салық төлеуден жалтарған, заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастырған әрі алаяқтық сияқты қылмыстар жасаған деген күдікке ілінді» деп жариялады. Мамырдың 9-ы күні «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы мүлкі қамауға алынды. Материалдық зиян келтірді деген болжаммен қозғалған қылмыстық істі тексеру аясында Румыния прокуратурасы бірнеше жеке тұлға мен KazMunayGas International (KMGI), OilField Business Solutions и SC Rompetrol Rafinare компанияларының меншігіне қамау салған. Румыния билігі болжамды зиян көлемін 752 миллион долларға бағалап, осынша соманың мүлкіне қамау салған.

Мамырдың 11-і күні «ҚазМұнайГаз» компаниясы Румынияның ұйымдасқан қылмыс және терроризммен күрес басқармасының айыптары 1999-2003 жылдарға, яғни ҚМГ компаниясы KMGI компаниясына иелік етпей тұрған кезеңге қатысты деп мәлімдеді. «ҚазМұнайГаз» өкілдері «Румыния билігі тексеру жүріп жатқанын 2007 жылы KMGI компаниясын (Rompetrol-дің бұрынғы компаниясы) сатып алған кезде КМГ немесе КМГИ-ге ресми хабарлаған жоқ» деп мәлімдейді.

Румынияның Бузау қаласы. (Көрнекі сурет)
Румынияның Бузау қаласы. (Көрнекі сурет)

«ҚазМұнайГаз» өкілдерінің айтуынша, ресми Бухарест тарапынан тексерудің басталғаны компанияны Румынияда дамыту жоспарына жайсыз әсер етуі мүмкін. Астана KazMunayGas International N.V. (KMGI) компаниясының бақылау пакетін Қытайдың CEFC China Energy Company компаниясына 680 миллион долларға сатпақ. Ал Қытай компаниясы Қазақстан мен Қытайдың премьер-министрлері былтыр желтоқсанның 14-і күні Пекинде мақұлдаған бұл мәмілені Оңтүстік-Шығыс Еуропадан сатып алынатын тағы бір плацдарм ретінде бағалап, Еуропа нарығына кіретін мүмкіндік деп атаған. Қытайдың CEFC компаниясы мәлімдемесінде KMGI «Еуропадағы брендтік ықпалын сақтап қалған стратегиялық маңызды компания» деген.

Қытайдың CEFC компаниясы «румындық мәміленің» жаңа айналымына, яғни KMGI мүлкі мен активтеріне қамау салуға қатысты әлдебір комментарий таратқан жоқ.

РУМЫНИЯДА БӘРІ ТАМАША БАСТАЛЫП ЕДІ

KMGI компаниясының Румынияда мұнай өңдейтін екі зауыты, Румыния, Болгария, Испания және Франция елдерінде мыңға жуық жанармай станциясынан тұратын желісі бар. Қытай тарабы мұнай өңдеу қуатын жылына бес жарым миллион тонна, ал мұнайды тасымалдау мүмкіндігін жылына 14 миллион тонна деп бағалайды.

«ҚазМұнайГаз» Rompetrol компаниясын 2007 жылы - сыртқы нарыққа шығу саясатын жүргізген жылдары сатып алған. «ҚазМұнайГаз» қазір «ескі қарыз» деп атап отырған қарыздарды облигацияға ауыстырған. Экстрадициялау ісі бойынша Франция түрмесінде отырған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов«Республика» сайтына берген сұхбатында компанияны сатып алу туралы 2007 жылғы мәміленің өзі күдік туғызған еді әрі «сапасы нашар бензин шығаратын, пайдасынан шығыны көп ескі екі зауытты үш миллиардқа жуық долларға сатып алмау керек еді» деп мәлімдеді.

Мұнай құбыры. (Көрнекі сурет)
Мұнай құбыры. (Көрнекі сурет)

«ҚазМұнайГаз» Rompetrol Group компаниясының 75 пайыз акциясын сатып алу туралы келісімге 2007 жылдың тамызында Алматыда қол қойған. Мәміленің жалпы сомасы 2,85 миллиард доллар деп бағаланған. Компанияның Қара теңізде мұнайды ауыстырып тиейтін инфрақұрылымы, Petromidia, Vega және Rompetrol Petrochemicals мұнай өңдеу зауыттары мен Шығыс Еуропа елдерінде жанармай станциялары желісі болған.

Кейінгі жылдары «ҚазМұнайГаз» Rompetrol компаниясындағы үлесін 100 пайызға дейін жеткізіп, оны Румыния нарығында алдыңғы орынға шығару, жанармай станцияларын толық жаңарту мен кеңейту жоспары жайлы жариялаған. Бірақ Қазақстанда сарапшылардың көбі жобаны әу бастан тиімсіз әрі шығыны көп жоба деп атаған, ал оппозиция Румыниядағы мәмілені жамылып «ұрланған миллиардтар» жайлы мәлімдеген.

Румыниядағы жобаға Қазақстанның қомақты қаржы құюына тура келді. Мысалы, 2010 жылы атыраулық «Ақ Жайық» газеті «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының сол кездегі президенті Қайыргелді Қабылдиннің құйылған инвестициялар жайлы сөздерін келтірген болатын. 2010 жылы «ҚазМұнайГаз» басшысы «Біз ол жаққа бір жарым миллиард доллар құйдық, енді келесі жылдың ортасында Еуропада Еуро-6 стандарты деңгейінде өнім шығаратын ең озық активіміз болады» деп мәлімдеген.

Бірақ әлгі жоспар орындалмай қалды. Румыниядағы жобаға салынған миллиардтар өзін ақтамаған сияқты.

БАТЫСТЫ «ЖАУЛАУДЫҢ» СӘТСІЗ ӘРЕКЕТТЕРІ

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Еуропа мен бұрынғы Совет Одағы елдері нарығына кіруге талай мәрте ұмтылған. Бірақ жобалардың талайы іске аспай қалды. 2005 жылдың желтоқсанында «ҚазМұнайГаз» («ҚазТрансГаз» еншілес компаниясы арқылы) Грузияның «Тбилигаз» газ тарату компаниясының активтерін сатып алған. Компания 2010 жылы көп пайда әкеледі деген дәмемен оған 50 миллиондай доллар инвестиция құйған.

2008 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Ресей мен Грузияның тамыздағы бес күндік соғысынан бері елдегі инвестициялық климат қатты өзгеріп кетті» деген уәжбен «Тбилигаз» активтерінен бас тарту ниетін жариялаған. Бұған қоса, Батумиде мұнай өңдеу зауытын салу идеясынан да бас тартатынын мәлімдеген болатын.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин мен Батуми мұнай терминалы директоры Жан Бонд Нилсен баспасөз мәслихатында отыр. Тбилиси, 22 қыркүйек 2006 жыл.
"ҚазМұнайГаз" компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин мен Батуми мұнай терминалы директоры Жан Бонд Нилсен баспасөз мәслихатында отыр. Тбилиси, 22 қыркүйек 2006 жыл.

Мұнай-газ саласы басылымдарының хабарлауынша. «ҚазМұнайГаз» Литва нарығына кіруге екі рет талпынып көрген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бірінші рет, яғни 2006 жылы «ҚазМұнайГаз» Мажейкяй мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) 53,7 пайыз акциясын сатып алу үшін 1,425 миллиард доллар ұсынып, үкіметке тиесілі бүкіл акцияны сатып алуға ниеттенген. Бірақ жергілікті билік зауыттың қожайыны Батыс компаниясы болғанын қалады.

2014 жылы кейбір ақпарат құралдары Польшаның PKN Orlen концернінің меншігіне өткен әлгі зауыттың акцияларын «ҚазМұнайГаз» тағы сатып алғысы келеді деп хабарлаған. Бірақ «ҚазМұнайГаз» бұл ақпаратты растамаған болатын.

«ҚазМұнайГаздың» 2006 жылы Ventspils nafta мұнай терминалының Латвия үкіметіне тиесілі 38,62 пайызын сатып алуды, сөйтіп Латвия нарығына кіруді көздеген жоспары да орындалмай қалған еді.

Есесіне, 2000 жылы «ҚазМұнайГазга» (нақтырақ айтқанда, кейін «ҚазМұнайГаз» құрамына кірген «Қазақойл» компаниясы) Украинада 1970-жылдардан бері жаңартылмаған әрі миллиондаған қарызы бар Херсон мұнай өңдеу зауытының 60 пайыз акциясын сатып алудың сәті түсті. Бірақ Украинадағы жобаның шығыны көп болып шығып, алты жылдан кейін «ҚазМұнайГаз» басшылығы акцияларды сату ниетін мәлімдеген.

2004 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясына Чехия Unipetrol холдингін жекешелендіру тендеріне қатысуға рұқсат бермей қойды.Чехияның сол кездегі сыртқы істер министрі Цырил Свобода Астанадағы баспасөз жиынында Чехияның Unipetrol холдингін жекешелендіру тендеріне қатысушылар тізімінен «ҚазМұнайГаз» компаниясын шығарып тастауды «Чехия үкіметінің стратегиялық шешімі» деп мәлімдеген болатын. Цырил Свобода зауытты сатып алғысы келгендер тізімінен шығып қалған кей компаниялар «зауытты қайта сатып жіберу үшін ғана сатып алуы мүмкін» деген болжам айтқан.

Тізімнен «ҚазМұнайГаздан» бөлек, Польша, Ресей және Словакия компаниялары да шығып қалған болатын.

XS
SM
MD
LG