Accessibility links

Қазақ интернеті және «электрондық шекара»


Уикипедиядағы танымал тілдерде қанша мақала бар екендігі көрсетілген сурет.

Уикипедиядағы танымал тілдерде қанша мақала бар екендігі көрсетілген сурет.

Қазақстан президенті Назарбаев «электрондық шекара» ұғымын енгізу керегін айтады. Ал «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев «шекарасыз интернетте тілдік егемендік қана болуы мүмкін» дейді.


Алматыда маусымның 16-сы күні қазақша интернетті дамытуға байланысты жиын өтті. Бұл жиынға қатысушылар қазақ тілінің дамуы ақпарат алмасу технологиясына белгілі бір деңгейде тәуелді екенін айтады. Қазір әлемдік Уикипедияның қазақша жағы ақсап тұр дейді олар.

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ТЕХНОЛОГИЯ

- Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі Уикипедияның жағдайы өте нашар. Орыс тілімен салыстыратын болсақ, онда ақпарат жүз есеге кем. Азаматтардың ақпаратқа қол жетімділігі төмен болғандықтан көптеген проблемалар шешілмей жатады, - деді депутат Мұрат Әбенов.

Ақпараттарға қарағанда, интернет тұтынушылардың өздері жасайтын виртуалды алып энциклопедияда бүгінгі таңда 18 миллионнан астам
Қазақстан парламенті мәжілісі депутаты Мұрат Әбенов. Алматы, 16 маусым 2011 жыл.

әртүрлі тілде мақала орнатылған. Оның 3,5 миллионнан астамы ағылшын тілінде болса, 700 мыңнан астамы орыс тілінде. Ал қазақ тілінде мақалалардың саны 25 мыңнан асса, олардың бәрін сапалы деп атау қиын екен.

«Самұрық-Қазына» қорының демеуімен құрылған Wikibilim («Уикибілім») қорф өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта Қазақ энциклопедиясының он томдығы тек кітапханаларда ғана емес, сонымен бірге интернетте де пайда болатынын айта кетті. Олардың айтуынша, Қазақ энциклопедиясының редакциясы кітаптың электронды нұсқасын беруге келісіп отыр.

Қатысушылар бейсенбілік жиында Уикипедияға мақалалар орнатумен ғана мәселе шешілмейтінін, азаматтардың белсенділігі өте маңызды екенін де атап өтті. Олар Уикипедиядағы қазақша мәліметтер қорын жыл соңына дейін 200 мыңға жеткіземіз десті.

УИКИПЕДИЯНЫҢ ЖАБЫЛУЫ

Азаттық тілшісімен сұхбатта «Wikimedia Foundation» қорының өкілі Тинг Чен бейтарап бағыт ұстанғанына қарамастан құрсаулану проблемасының Уикипедияны да айналып өтпегенін айта кетті. Оның айтуынша, осы мезгілге дейін Қытай, Иран, т.б. елдерде Уикипедия энциклопедиясы ашылмай қалған. Оның айтуынша, бұл елдердің үкіметтері одан қауіптенуі мүмкін.

- Уикипедия ешқандай құпия мәліметтер жарияламайды. Бәлкім, Қытай үкіметі оны Қытайға қарсы жоба ретінде таныған болуы мүмкін. Мұндай
Уикипедияның қазақша беті. Алматы, 16 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

кезде сол елдерге тек ескерту айту ғана қолымыздан келеді. Дегенмен 2008 жылы Қытай энциклопедияны жабуын қойды, - дейді Тинг Чен.

«ЭЛЕКТРОНДЫҚ ШЕКАРА» НЕМЕСЕ «ӨЗГЕЛЕРДІ ШЕКТЕУ»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитінің айтқан сөзі де бұл жиында әңгіме болды. Маусымның 15-сі күні Нұрсұлтан Назарбаев интернеттің «қуатты құрал екенін» айтып, халықаралық құқық ұғымына «электрондық шекара», «электрондық тәуелсіздік» ұғымдарын енгізетін мезгіл жетті» деп мәлімдеген болатын.

Жиын қонақтары президенттің бұл сөзін интернет бостандығына қатысты емес, қауіпсіздік тұрғысында «кеңінен түсіну қажет» деген «ақыл» айтты.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев бұл баспасөз мәслихатында оқылған хатында: «Ешқандай шекараны мойындамайтын интернетте егемендіктің жалғыз ғана түрі – тілдік еркіндік қана болуы мүмкін» екенін жазыпты.

Жиында кейбір сайттардың Қазақстанда ашылмай қалуы да сөз болды. «Қазақтелеком» тұтынушылары маусымның 10-ынан бері wordpress.com блог-тұғырының қазақстандық бөлігін аша алмай отырғанын Азаттық радиосы хабарлаған. «Қазақтелеком» компаниясы Туиттердегі парақшасында бұған еш қатысы жоқ екендіктерін жазады.

Уордпресс бұрындары да бірнеше күн маңында жабылып, қайта ашылған. Қазір оның ашылмай тұрғанына бір аптаға жуықтады.

Журналист-блогшы Асхат Еркімбай қалай азаматтардың ақпарат алмасу еркіндігі шектелмеуі керек деп есептейді.

- Қазақстанға өз ішінде қазақша блог-тұғыр сөзсіз керек. Бірақ ондай блог-тұғыр бар екен деп басқа мүмкіндіктерді шектеп тастауға болмайды. Мәселен, егер мен ағылшын тілінде жаза алсам, неліктен уорпреске ағылшынша жазбасқа немесе шетелдегі қазақтармен уордпрес арқылы байланыспасқа? Бүгінгі таңда трафик сақтау, ақпараттық қауіпсіздік мақсатында ұлттық блог тұғырлар да жасалып жатыр. Мысалы, керекинфо.кз, ойтөбе.кз, тағы басқалар бар. Дегенмен бұл өзгелерді шектеу деген сөз болмаса керек, - дейді Асхат Еркімбай.

Қазақстандық Yvision.kz блог-платформасының жоба менеджері Самсон Безмятежный Уорпрестің ашылмауынан Қазақстан тұрғындары «Лайфжорналдан» артық зиян шегіп жатқанын айтады.

- Шын мәнінде бұл - үлкен проблема. Себебі автономды қазақтілді блогтар, тіпті барлығы десек те болады, сол жақта орналасқан. Енді қазір олардың көбісі қарапайым әдіспен блогтарына кіре алмай жүр, - дейді Самсон Безмятежный.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG