Accessibility links

«ҚазСат-3» Байқоңырдан ұшырылуы мүмкін


Спутник. Көрнекі сурет
Спутник. Көрнекі сурет

Қазақстанның үшінші жер серігі «ҚазСат-3» әуелде жоспарланғандай француз айлағынан емес, Байқоңырдан ұшырылады деп хабарланды.

Ақпанның 6-сы күні вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның «ҚазСат-3» атты үшінші жер серігін кешіктірмей, уақытында ұшыру керектігін тапсырды.

"ҚазСат-3" бойынша Ресеймен келісіміміз бар. Әбден тақалған кезде ұшу мерзімі шегерілді деген хабарлама алмайтындай қатаң ескертейік - әйтпесе бұл біз үшін катастрофа болмақ" деді Бақытжан Сағынтаев бейсенбі күні ұлттық ғарыш агенттігінің отырысында.

Бұған дейін "ҚазСат-3" жер серігін 2013 жылдың аяғында ұшыру жоспарланған болатын. 2013 жылдың сәуір айында «Қазғарыш» агенттігі жер серігін Францияның Латын Америкасында орналасқан Куру айлағынан ұшыратынын хабарлаған еді.

Агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев әуелгі жоспарды жер серікті жасауға көмектескен француз компанияларының "өндірістік құпиясын ашпау ниеті" деп түсіндірген болатын.

«Француз тарабының көпке ашқысы келмейтін қандай да бір құпиялары бар. Сондықтан бұл жер серік «Ариан-5» зымыран тасығышымен бірге Куру айлағынан ұшырылады. Басқа ешқандай себеп жоқ» деген еді Мұсабаев.
Талғат Мұсабаев, "Қазғарыш" агенттігінің басшысы
Талғат Мұсабаев, "Қазғарыш" агенттігінің басшысы

Алайда жер серікті ұшыру кейінге қалдырылып, кейін оның Байқоңырдан ұшырылатыны туралы айтыла бастады.

Жыл басында ресейлік "Роскосмос" агенттігі осы жыл ұшырылуы тиіс аппараттар тізімін жариялады. Олардың арасында «ҚазСат-3»-тің "Протон-М" зымыран тасығышымен ұшырылатыны жазылған. Мұның себебін әзірге "Қазғарыш" түсіндірген жоқ.

2008 жылы қараша айында Ресейге тапсырыс беріліп жасалған «Қазсат-1» спутнигімен байланыс үзілген соң Қазақстан 2011 жылы екінші ресейлік "ҚазСатты" сәтті түрде ұшырғанымен, сынға қалған. Сол себепті "Қазғарыш" агенттігі үшінші спутникті еуропалық компанияларға жасатуға ниеттенген еді. Бірақ франциялық «EADS Astrium» ұсынған жасанды жер серігінің жобасын "тым қымбат, әрі Қазақстан территориясынан кеңірек аумақты қамтитын аса қуатты" деп сипаттаған "Қазғарыш" «Қазсат-3»-тің тек кейбір бөлшектерін ғана Францияда жасатқан.

Дәл қазір қызмет көрсетіп тұрған Ресейде жасалған "ҚазСат-2" жер серігі ресми мәлімет бойынша 63 пайыз жүктеме алып жұмыс істеп тұр. Алайда Қазақстанның байланыс операторлары жер серігінің пайдасын әлі көре алмай жүргендерін айтып шағынады.

Байланыс операторларының көтерген мәселесіне қатысты ақпанның 6-сы күнгі жиында сөйлеген "Қазғарыш" басшысы Талғат Мұсабаев қазақстандық жер серігіне көшу туралы көлік және коммуникация министрлігінің бекіткен жоспар әлі орындалмай жатқанын айтты. Бұл сөзге жауап берген вице-премьер Бақытжан Сағынтаев "қазақстандық спутникке көшу жоспары уақытында орындалып келе жатқанын, "ҚазСат-3" ұшырылғанша орындалатынын" айтты.

«Қазғарыш» агенттігінің хабарлауынша, 2014 жылы Байқоңырдан "ҚазСат-3"-тен бөлек тағы екі қазақстандық аппарат ұшырылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG