Accessibility links

Жазушы Әбіш Кекілбаев өмірден озды


Жазушы Әбіш Кекілбаев. (Сурет kekilbaev.kz сайтынан алынды).

Жазушы Әбіш Кекілбаев. (Сурет kekilbaev.kz сайтынан алынды).

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев 76 жасында өмірден озды.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев 76 жасында өмірден озды.

ЖАЗУШЫНЫҢ СОВЕТШІЛ КЕЗЕҢІ

Негізінен Қазақстан қоғамына жазушы ретінде танылған Әбіш Кекілбаев алғашқы саяси қызметіне Совет Одағы кезінде, 1975 жылы, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бөлім меңгерушісі ретінде келген еді. Ол өмірінің осы кезеңінде жазушылығымен қатар публицистика жанрын да өрістетіп, уақыт талабына сай коммунистік рухтағы бірқатар толғаулар жариялады. 1977 жылы СССР-дің жаңа конституциясын талқылаған кезде оны «Адам бақытының хартиясы» деп атап, АҚШ-ты сынады. Кейбір мақалаларында «соғысқұмар» Батыс әдебиетін айыптады. Ол советтік кезеңде Қазақ ССР мәдениет министрі орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң көптеген адамдар ресми түрде ұлтшыл деп танылған кезде Қазақстан жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев «Ірі мұрат-мүдделерді көздейік» дейтін үндеу сипатындағы мақала жазды. Онда жазушы ​қазақ мәдениеті совет заманында ғана қалыптасты, оған дейін ұлттық мәдениетіміз болмады деген сарындағы пікірлерін білдіріп, қазақ жазушыларын Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуы, советтік тарихты бейнелейтін тақырыптарға айрықша мән беруге шақырды.

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЕҢБЕГІ МЕН КЕЙІНГІ БЕЛЕСТЕРІ

Бірақ Қазақстан тәуелсіздігі қарсаңында Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси белсенділігі өзгеше қырынан көріне бастады. Қазақ тілі мен жер-су аттарының мәселелері, ұлттық тарих, мәдениет-әлеумет жайы, ұлтаралық, халықаралық қатынас істеріне араласты.

Ол 1994 жылы сәуірдің 20-сында Қазақстанның тұңғыш рет көппартиялық кәсіби парламенті – Жоғары кеңестің төрағасы болып сайланды. Алайда бұл Жоғарғы кеңес бір жылға жетпей, 1995 жылдың наурызында Татьяна Квятковскаяның арыз-шағымына орай таратылды. Ал Әбіш Кекілбаев 1996 жылы қазанның 30-ы күні Қазақстан республикасының мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалды. 2002 жылы мемлекеттік хатшылықтан босап, парламент сенатының депутаттығына сайланды. Қазақстан президентінің мемлекеттік кеңесшісі қызметін де атқарған (1995 жыл) жазушы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын осы жылдары үнемі білдіріп отырды.

Жазушы 2004 жылы желтоқсанның 15-і күні бірінші нөмірлі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.

Әбіш Кекілбаев 2006 жылы премьер-министр Даниал Ахметовке мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде депутаттық сұрау жолдады. Бірақ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан «Мәселені олай қоюға болмайды. Құрып бара жатқан тіл жоқ. Ұлттар арасына жік салмау керек» деген сөз естіді.

Жазушы Әбіш Кекілбаев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жазушы Әбіш Кекілбаев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

​2009 жылы желтоқсанның 5-інде Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында Әбіш Кекілбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Сол кеште Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» белгісін тақты.

Алайда республика көлемінде аталып өткен мерейтойынан кейін көп өтпей, өкілеттік мерзімі аяқталмаса да, Әбіш Кекілбаев күтпеген жерден Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен сенат депутаты мәртебесінен айрылып, қоғамдық-саяси қызметтен шеттетіліп қалды. Жазушыны үшінші шақырылымдағы сенат депутаты етіп Назарбаев 2005 жылы қараша айында өзі тағайындаған еді.

ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНА БІЛДІРГЕН КӨЗҚАРАСЫ

Бұдан кейін Әбіш Кекілбаевты жұрт саясатта 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасы кезінде байқады. Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, полиция оғынан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған осы оқиғадан соң Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары Жаңаөзен оқиғасын айыптау сарынындағы материалдар таратып, совет заманындағы әдет бойынша зиялы қауым өкілдеріне сөз берді.

«Егемен Қазақстан» газеті жексенбі, желтоқсанның 18-індегі номерінде «Құқықтық сауатсыздық, азаматтық жауапсыздық» деген тақырыппен Әбіш Кекілбаев бастаған бір топ танымал адамдардың сөзін басты. Онда жазушы «Күйрету, қирату, бүлдіру, өз қолыңнан шыққан жасампаздыққа өзің қол көтеру сияқты әрекетке ешкімге, ештеңеге жаны ашымайтындар ғана бара алады. ...Бүкіл халық қуанып, тойлап жатқан мерекенің шырқын бұзу – ел естіп көрмеген сұмдық» деген пікір білдірген.

Биыл сәуір айында Әбіш Кекілбаевтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтағаны хабарланған еді.

1939 жылы Маңғыстау облысында туған Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиетінде 1960 жылдары танылды. Ол - "Үркер", "Елең-алаң", "Аңыздың ақыры" тарихи романдарының, "Күй", "Шыңырау", "Ханша дария хикаясы", "Құс қанаты" әңгімелері және т.б. қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармалардың авторы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG