Accessibility links

Канадалық хоккейші Қазақстан азаматтығын алды


Кевин Даллман (оң жақта) "Барыс" командасының сапында. Астана, 3 ақпан 2012 жыл. (Сурет "Барыс" командасының ресми сайтынан алынды)
Кевин Даллман (оң жақта) "Барыс" командасының сапында. Астана, 3 ақпан 2012 жыл. (Сурет "Барыс" командасының ресми сайтынан алынды)

31 жастағы хоккейші Кевин Даллман Қазақстанның хоккей құрамасында ойнамақшы. Спорт шолушысы хоккей федерациясының бұл әрекетін "Сочи олимпиадасының алдындағы жанталас" деп санайды.

Хоккей федерациясы арнайы таратқан мәлімдеме бойынша, Кевин Даллман Қазақстан азаматтығын ресми түрде алған. Енді ол Қазақстан құрамасының қорғаушысы болады.

- Даллман Қазақстанда 2008 жылдан 2012 жылға дейін тұрып, Астананың «Барыс» хоккей командасында ойнаған. 2013 жылдың басында хоккейшімен келісім жасалып, Қазақстан құрамасына ойнауға шақырылды. Хоккейшінің Қазақстан атынан әлемдік жарыстарға қатысуға халықаралық хоккей федерациясы арнайы рұқсат берді, - дейді Қазақстан хоккей федерациясының менеджері Шуми Бабаев Азаттық тілшісіне.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ХОККЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНАН АРНАЙЫ РҰҚСАТ АЛУ

Кевин Даллман 1981 жылы Канаданың Онтарио қаласында туған. Канаданың «Гелл Шторм», АҚШ-тың «Сент-Луис Блюз», «Лос Анджелес-Кинг» командаларында ойнаған. «Астана» командасында төрт жыл капитан болды. Қазір Ресейдің «СКА» клубында қорғаушы болып ойнайды.

Ұлттық құрама менеджері Шуми Бабаев:

- Кевин Даллман 1 ақпанда Венаға (Австрия) ұшып барады. Австрияда Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ал 7-10 ақпан аралығында Латвияның Рига қаласында Сочи олимпиадасының іріктеуіне қатысамыз. Қазақстан хоккейшілері Латвия, Франция, Ұлыбритания құрамаларымен олимпиада жолдамасына таласады. Осы жарысқа Даллман қатысады,- деді.

Бабаевтың айтуынша, Кевин Даллманн Қазақстанда бес жыл тұрған, сондықтан азаматтық алудан еш қиындық болмаған.

Кевин Даллманнан бөлек ресейліктер Максим Спиридонов пен Константин Руденко да Қазақстан азаматтығын алған. Олар да Ригадағы іріктеу жарысына Қазақстан атынан қатысуы тиіс еді. Бірақ халықаралық хоккей федерациясы бұл хоккейшілердің Қазақстан құрамасында ойнауына рұқсат бермеген.
Бұл туралы ақпарат Қазақстан хоккей федерациясының ресми сайтында жарияланды.

СТЕССИ ДАЛЛМАННЫҢ ШУЛЫ ЖАЗБАСЫ

2012 жылы Кевин Даллманның әйелі Стесси Даллман «Қазақстандағы кедейлік пен әділетсіздікті» сынап блог жазған еді.

«Қазақстанды ұнатпаймын. Бұл елде әділетсіздік көп. Қазақстанда табиғи ресурстар мен дамуға мүмкіндіктер бола тұра, халқы өте кедей тұрады. Мемлекетті дамытуға деп бөлінген ақша коррупция арқылы жоғалып кетеді. Қазақстанда барлығын ақша шешеді. Шағын бизнестен бастап, үй шаруашылығындағы мәселелерді шешу үшін ақша керек. Бұл менің Астанада тұрған төрт жылда көргенім» деп жазған болатын хоккейшінің әйелі өз блогында.

Осы жағдайдан кейін көп ұзамай хоккейші «Барыс» командасымен келісім-шартын үзіп отбасымен Ресейге көшіп кеткен.

«ДАЛЛМАНДАЙ БІР МЫҚТЫ КЕРЕК-АҚ»

Спорт сарапшысы Дүрәлі Дүйсебайдың ойынша, Даллманның Қазақстанға келуі хоккейдің дамуына септігін тигізеді.

Құрамаға шетелдіктер керегі жоқ дегенімізбен, Даллмандай бір мықтының жүргені дұрыс. Кәрі емес, жас жігіт. Әрі ықпалы көп болады. Даллманның Қазақстанға деген ниеті дұрыс секілді, келіншегі де еркелігін тастап, Қазақстанға үйренер, - дейді сұхбаттасымыз.

Спорт шолушысы Ришад Тұрғанбаевтың айтуынша, Кевин Даллманның Қазақстан азаматтығын алуы «олимпиада жолдамасын иеленудің қамы».

- Бұл бір күндік жеңіс үшін жасалған қадам. Қазір Қазақстан хоккей құрамасы 2014 жылы өтетін Сочи олимпиадасына жолдама алуды басты міндет санап отыр. Ал Даллман жолдама үшін өтетін жарыста Қазақстан құрамасының негізгі күші болатыны сөзсіз. Латвияда жолдама алып жатсақ, Кевин Даллманның келуін жақсылыққа балауға болады. Бірақ шетелдіктерге үміт артпай, өз хоккейшілеріміздің ойынын жақсарту бірінші кезекте тұруы керек, - дейді шолушы.

Бұған дейін Қытай мен Ресейден арнайы шақырылған ауыр атлеттер мен теннисшілер Қазақстан азаматтығын алған еді. Олардың қатарында олимпиада чемпиондары Қытайдан келген Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло және ресейліктер Светлана Подобедова, Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин сынды спортшылар бар.

Ал 2012 жылдың қарашасында шана спортынан Ресей құрамасының мүшесі Татьяна Невзерова Қазақстан азаматтығын алды. Қазір ол Сочи олимпиадасының іріктеуіне Қазақстан атынан қатысуға дайындалып жатыр.

Кевин Даллман – Батыстан келіп Қазақстан азаматтығын алған алғашқы спортшы.
XS
SM
MD
LG