Accessibility links

Министрлік өкілі: Кейкі батырдың "бас сүйегінің фрагменттері" әкелінді


Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші. Арқалық, 31 желтоқсан 2012 жыл.

Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші. Арқалық, 31 желтоқсан 2012 жыл.

Мәдениет және спорт министрлігі өкілі Азаттық тілшісіне "Кейкі батырдың бас сүйегі фрагменттері Астанаға қазанның 6-сы күні түнде ұшақпен әкелінгенін" растады. Батырдың басын әкелуге Ресейге барып келген ғалым Нұрсан Әлімбай "бас сүйектің барлық бөліктері бар, қалпына келтіруге болады" дейді.

Министрліктің аты-жөнін атамауды өтінген өкілі бас сүйектің қандай жағдайда екенін сипаттаудан бас тартып, "фрагменттер" (бөліктер) деген сөзбен шектелді. Оның айтуынша, Кейкі батырдың бас сүйегін қалай жерлеу мәселесін енді "сарапшылар ақылдаспақ" және "Кейкінің жақын туыстары іздестіріліп жатыр".

- Негізгі мақсат - Кейкі батырдың бас сүйегін қазақы ғұрыптармен жерлеу, - дейді министрлік өкілі.

Шенеунік Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеуге қатысты қандай шаралар жоспарланып отырғанын айта алмайтынын білдірді.

Кейкі батырдың бас сүйегін Санкт-Петербург қаласынан алып келген топтың ішінде болған Алматыдағы орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай қазанның 6-сы Азаттық тілшісіне «Сағат түнгі үште Астанаға ұшақпен әкелдік. Бас сүйектің барлық бөліктері бар, қалпына келтіруге болады» дейді. Ғалымның айтуынша, «Кейкі батырдың бас сүйегінде 1923 жылғы қанды оқиға іздері анық көрініп жатыр».

- Бастың өзінде жазылған сұмдық қанды оқиғаның ізі де көрініп тұр. Тізерлетіп қойып, кетпенмен мойнынан шапқан. Оң жақ бетін шауып түсірген. Өтпейтін кетпенмен бірнеше рет шабу деген сұмдық қой. Енді оны айта алмаймын, қарау да өте ауыр. Кетпен ізі бірнеше жерде бар, - дейді Нұрсан Әлімбай.

ЖЕРЛЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ТУЫСТАРЫНЫҢ ПІКІРІ

Кейкі батырдың бас сүйегін әкелу рәсімін видеоға түсіруге барған Азаттық тілшісі ұшақтың арнайы рейспен түнгі үште келгенін, бас сүйекті мамандар алып кеткенін білген.

Кейкі батырдың бас сүйегін күтіп тұрған азаматтар. Астана әуежайы, 6 қазан 2016 жыл.

Кейкі батырдың бас сүйегін күтіп тұрған азаматтар. Астана әуежайы, 6 қазан 2016 жыл.

Әуежайда Кейкі батырдың туыстары деген бір топ азамат та күтіп тұрды. Олар да кешігіп келгендіктен, ештеңе көре алмаған. Туыстары ұшақтың келетін уақыты қате хабарланған деп болжайды. Өзін батырдың туысы ретінде таныстырған Өтеш Бекішев:

- Бір жерде денесі қалды, бір жерде басы қалды. Бас пен дене бірігуі керек. Өз топырағына бұйыруы керек. Бірақ қай жерге жерлеу мәселесі әлі шешілмеген. Арқалық-Ақтөбе тас жолы бойында салынған кесенесі бар. Көпшілік сол жерге жерленгенін қалайды, - дейді ол.

Батырдың тағы бір туысы Қасым Мейірман:

- Үлкен аталарымыздың өзі Кейкі атын айтуға сескенетін. Ерлігін, халқына қайырымын айтқанда да көмескі айтатын. Егемендік арқасында атамыздың басы ортамызға келіп, халқымыздың мәртебесі жоғарылады. Тасты өзені бойынан Кейкіге бейіт салынған. Қазір бейіт ішінде Кейкі қаза тапқан жерден әкелінген топырақ қана бар, - дейді ол.

Кейкі батырдың ұрпақтарының бірі Қасым Мейірман. Астана, 6 қазан 2016 жыл.

Кейкі батырдың ұрпақтарының бірі Қасым Мейірман. Астана, 6 қазан 2016 жыл.

Ал Кейкі батырдың басын әкелуге қатысты шараларға қатысып жүрген белсенді Берік Әбдіғалиев:

- Жерлеу мәселесін арнайы комиссия қарастырады. Туыстарының ойы екіге бөлініп тұр. Біреулері Астанадағы пантеонда жерленсе дейді, екіншілері ол кісінің аруағына арналған жол бойындағы кесенеге қойса дейді. Осы екі мәселені қарап, үкімет шешімін шығарады деп ойлаймыз және көп ұзатпайды деп үміттенемін. Енді арнайы антропологиялық орталық экспертиза өткізіп, ресми қорытынды жасайтын шығар. Үкімет [осы жайлы] ақпаратын жариялайды деп ойлаймын, - деді.

Кейкі батыр - 1916 жылы Қазақстанның Торғай өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілісі лидерлерінің бірі. Қостанай облысында дүниеге келген. Көтеріліс кезінде ерліктерімен көзге түскені айтылады.

Арқалық қаласында қатар тұрған Ленин мен Кейкі батырдың (оң жақта) ескерткіштері. 31 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Арқалық қаласында қатар тұрған Ленин мен Кейкі батырдың (оң жақта) ескерткіштері. 31 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Тарихшылардың мәліметтеріне қарағанда, сол кезде Әбдіғаппар хан мен Амангелді батыр бастаған көтерілісшілердің жасағы 50 мың жауынгерден асқан. Осы қолдың ішінде Кейкі батыр бастаған арнаулы мергендер тобы құрылған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, 1919 жылы көктемде көтеріліс басшысы Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батырды совет билігі қуғындай бастаған. Қазақ даласында бой тасалап жүрген Кейкі 1923 жылы ұсталып, басы кесілген. Мұнан кейін батырдың басы Ресейге жөнелтілген.

Биыл тамызда сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен кездесуінде 19-ғасырдағы қазақ билеушісі Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін қайтаруды сұраған.

Оқи отырыңыз: Кунсткамера ғалымдары Кенесарының басы жоқ екенін айтады

Санкт-Петербургтегі Ұлы Петр атындағы этнография және антропология музейі немесе Кунсткамера өкілдері бұған дейін Азаттықтың Орыс редакциясына Кейкі батырдың басын қайтаруға болатынын айтқан еді. Мамандар «Кенесары ханның басы Кунсткамерада жоқ және оның осы мұражайда сақталғаны туралы сөз аңыз ғана» деген.

Бұған дейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан Қазақстанның ұлттық тарихы үшін маңызы бар, қазір Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи сағанасында тұрған Тайқазан (1989 жылы) және Мәскеуден Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі (2011 жылы) әкелініп, Астанадағы мұсылмандар зиратына жерленді.

XS
SM
MD
LG