Accessibility links

Құқық қорғаушы Харламов ауруханадан абақтыға жөнелтілді


Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов.
Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов.
Құқық қорғаушы Александр Харламов бірер күн бұрын Алматыдағы жүйке жүйесі ауруларын емдейтін ауруханадан осы қаладағы тергеу абақтысына жөнелтілді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне оның әйелі Марина Каплунская хабарлады.

Харламовтың психиатрлық ауруханадан абақтыға әкетілгенін Алматы абақтысының кезекші қызметкері және ол тексеруден өткен «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» мекемесінің сот-медициналық сараптама бөлімі де растады.

Риддер қаласында тұратын журналист Александр Харламов наурыз айында тұтқындалып, "діни алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған еді. Сәуірдің соңында оны мәжбүрлеп Алматыдағы жүйке ауруларын емдейтін клиникаға жатқызған. Мұнда оның "ақыл-есі түзу, я түзу емес екенін" анықтамақ болған.

Марина Каплунскаяның айтуынша, Александр Харламов "ақыл-есі түзу" деп танылған. Бірақ Харламов жатқан психиатрлық аурухана құқық қорғаушының психикасына жасалған тексеру нәтижесі туралы ақпарат беруден бас тартты.

Александр Харламовтың ісі қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының алаңдаушылығын тудырған еді. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Харламовқа таңылған айыпты алып тастауға және оны психиатрлық ауруханадан шығаруға шақырған еді.

Қазақстандық адам құқықтарын қорғау бюросы Харламов жергілікті полиция өкілдеріне қатысты сыни мақала жазған соң тұтқындалғанын және оған таңылған айыптың "саяси астары барын" мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG