Accessibility links

Құқық қорғаушы Харламовтың соты басталды


Александр Харламов, шығыс қазақстандық құқық қорғаушы.

Александр Харламов, шығыс қазақстандық құқық қорғаушы.

Риддер қаласында құқық қорғаушы, журналист Александр Харламовтың соты басталды. Оны діни араздық тудырды деп айыптайды. Ал Харламов атеист екенін айтады.

Шілденің 19-ы күні Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында өткен алғашқы сот отырысында Александр Харламов өзін кінәсіз деп білетінін және атеист екенін мәлімдеді.

Қазақстан адам құқықтары бюросының Шығыс Қазақстандағы облыстық филиал жетекшісі Аксана Каленованың хабарлауынша, сот ашық түрде өтіп жатыр, бірақ судья фотоға түсіруге тыйым салған.

ХАРЛАМОВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Сот процесіне қатысушылардың алғашқысы болып Риддер қалалық прокурорының орынбасары Рустам Садвокасов сөз алып, айыптау қорытындысын оқыды. Құжатта Харламовтың "ислам, иудаизм мен буддизм сияқты әлемдік діндерді зерттеп алып, діни жүйеге өзінше тәпсір жасағаны", ол көзқарасын интернет пен «Риддерские вести» газетінде жариялағаны туралы жазылған.

Айыптау қорытындысында соттың психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысына сілтеме жасалып, төмендегіндей сипаттама бірнеше рет қайталанған:
Мәтіндер дін ұстанатын адамдарға тек қана функционалдық емес, дисфункционалдық та әсер етуі мүмкін.

«Сараптамаға түскен мәтіндер дін ұстанатын адамдарға тек қана функционалдық емес, дисфункционалдық та әсер етуі мүмкін. Оның соңы қандай да бір діни жүйеге немесе барша дін атаулыға деген негативтік-сыни көзқарас тудырады».

Харламовқа ауыр қылмыс жасады, діни араздық тудырды деген айып тағылған. Бұл айып қылмыстық кодекстің 164-бабы ретінде соңғы уақытта көпке белгілі бастаған. Дәл осы бап бойынша, "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыппен оппозициялық саясаткер Владимир Козлов 7,5 жылға сотталған еді.

СОТТАҒЫ САУАЛДАР

Александр Харламовтың әйелі Марина Каплунская сот отырысынан кейін Азаттықпен телефон арқылы сөйлесті. Ол куәгер ретінде сол күні өзінің де сұралғанын, судья Қайырбек Елемесов келесі сот отырысын шілде айының соңына қалдырғанын айтты.

Харламов өзінің кейбір діни материалдарын жариялаған «Риддерские вести» газетінің редакторы да негізгі куәгер ретінде аталған. Бірақ ол сот отырысына келмей қалып, сот кейінге қалдырылған.
Қазақстандық православ христиан шоқыну рәсімін жасап тұр.

Қазақстандық православ христиан шоқыну рәсімін жасап тұр.


— Судья менен бірнеше рет Құдайға сенесің бе, шіркеуге барасың ба деп сұрады. Мен шешемнен көрген дәстүрді ұстанатынымды, мысалы, Пасха мейрамы кезінде жұмыртқа бояйтынымды, бірақ Құдайға сенбейтінімді, шіркеуге бармайтынымды және құлшылық қылмайтынымды айттым, — деді Марина Каплунская.

Марина Каплунскаяның сөзінше, судья балаларын шоқындыру туралы да сұраған. Шешесінің өтініші бойынша ол балаларының шоқынғанын айтқан. Ал күйеуінің діни тақырыптағы мақалалары сөз болған кезде ол мұның хобби екенін мәлімдеген.

— Барлық адамның бір хоббиі болады, біреу кесте тігеді, біреу тамақ пісіреді, ал Александр Милентьевич бос уақытында ғылыммен шұғылданады, — деген Каплунская сот отырысында.

ТЕРГЕУ ІСІ

Харламов негізінен құқық қорғаушы ретінде қызмет атқарған, жергілікті газетте күштік құрылымдардағы жемқорлық туралы мақалалар жазып тұрған. Бұдан бұрын ол өзін қудалаудың себебі діни ізденістерінде емес, жергілікті шенеуніктерді жемқор деп атаған өткір мақалаларында жатыр деп мәлімдеген. Бұл жайтқа басқа құқық қорғаушылар да назар аудартады.
Ол өзін қудалаудың себебі діни ізденістерінде емес, жергілікті шенеуніктерді жемқор деп атаған өткір мақалаларында жатыр деп мәлімдеген.

Тергеу амалдары кезінде Харламовтың ақыл-есінің дұрыстығы да тексерілген. Оны Өскемен абақтысынан Алматыдағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жеткізген. Бір айлық тексеруден соң оның ақыл-есі дұрыс деген қорытынды жасалып, кері жөнелтілген.

Харламов биылғы наурыз айынан бастап қамауда отыр. Бір топ қазақстандық ҮЕҰ, оның ішінде Қазақстандағы адам құқықтары бюросы мен «Тiрек» ұйымы бар, мамырдың 31-і күні өздері жасаған саяси тұтқындар тізімін жариялаған еді. Тізімдегі алты адамның біреуі Александр Харламов болатын.

Александр Харламовтың үстінен қылмыстық істің қозғалуы халықаралық құқық қорғау ұйымдарының да назарына түсті. Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Харламовқа тағылған қылмыстық айыптауды жоққа шығаруға шақырған.

Бұл іс бойынша келесі сот отырысы шілденің 29-ына белгіленді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG