Accessibility links

Астана балабақшаларында тамақ қымбаттады


Қазақстандағы балабақшаның бірі. Алматы, 11 масым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы балабақшаның бірі. Алматы, 11 масым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астаналық ата-аналар балабақша ақысы екі есе қымбаттағаны көрсетілген түбіртек алған. Білім басқармасы мамандары «балаларды тамақтандыру қымбаттап кетті» деп түсіндіреді.

Бұл проблеманы бірінші болып «Шаңырақ» ұйымы төрағасы Махамбет Әбжан көтерді.

МӘЖБҮРЛІ ҮНЕМ

«Шаңырақ» ұйымы төрағасы Махамбет Әбжан.

«Шаңырақ» ұйымы төрағасы Махамбет Әбжан.

Махамбет Әбжанның екі баласы Астанадағы мемлекеттік №3 «Батыр» балабақшасына барады. Ол енді балалары бір ай балабақшаға бара алмайтыны туралы арыз жазбақ. Отағасы балабақшаның айлық төлемі екі есе қымбаттап, «отбасы бюджетіне қиын тигендіктен», осындай шешім қабылдағанын айтады. Енді ол екі баласы үшін 16 мың теңгенің орнына 32 мың теңге төлеуі тиіс. Оның айтуынша, балабақша қызметкерлері айлық төлемнің өсу себебін балаларды тамақтандыру бағасының қымбаттауымен түсіндірген.

- Меніңше, бұрын балабақшаларға субсидия бөліп тұратын. Ал қазір дағдарысқа байланысты тіпті нанға бөлінетін субсиядияны да алып тастап жатқанын байқадым. Мүмкін, тамақ өнімдері қымбаттады деп бізді алдап отырған шығар, - дейді Махамбет Әбжан.

Ол «бұл мәселені Астана әкімдігімен шешіп алмайынша немесе өзге бір амалын тапқанша» балаларын балабақшаға жібермейтінін айтады. Оның пікірінше, тұрмысы нашар отбасыларға балабақша ақысын төлеуде әлдебір жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Белсенді «әйелім екеуміз ата-аналарға тиімді бағамен шағын балалар орталығын ашсақ па деп қайта ойлана бастадық» дейді.

«ТӨРТ РЕТ ТАМАҚТАНАДЫ»

Астана білім басқармасы мамандарының Азаттыққа айтуынша, балабақша ақысы бес жылдан бері өзгермеген әрі ата-аналар балалардың тамағы үшін ғана төлейді. Қалған шығынның бәріне қалалық бюджеттен қаражат бөлінеді.

Мектепке дейінгі оқу-тәрбие бөлімі бастығы Анар Смақованың айтуынша, бұрын балабақшада үш мезгіл (таңғы, түскі және бесін асы) тамақтандырса, енді балалар төрт мезгіл тамақтанады - сағат 16:30-дан 16:50-ге дейін бесін асы және сағат 10:30-дан 11:00-ге дейін екінші таңғы ас ішеді.

- Бұрын Астанада мемлекеттік балабақшалардың айлық ақысы үш жасқа дейінгі сәбилер баратын кіші топтар үшін 8 400 теңге (енді 14 700 теңге болған), ересектер тобы үшін 10 080 теңге (енді 16 800 теңге) болатын, - дейді Анар Смақова.

Астанадағы базар. (Көрнекі сурет)

Астанадағы базар. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, қазір Астанада бір адамға шаққандағы азық-түлік себетінің бағасы 24 033 теңге, сондықтан 8 400 – 10 080 теңге (күніне 400-480 теңгеден шығады) балаларды бір ай тамақтандыруға жетпейді.

- Азық-түлік өнімдерін сатушылар балаларды мұндай бағамен тамақтандырудан бас тартып жатыр. Мамандар мен технологтар тамақтың бағасын қымбаттату кезінде азық-түліктің статистика органдары көрсеткен бағасы мен балабақшаларға арналған санитарлық нормаларға сүйенді, - дейді Анар Смақова.

Астана білім басқармасы мамандарының айтуынша, жыл маусымы мен балалардың даму ерекшелігіне қарай ас мәзірі де өзгеріп отырады. Жаз мезгілінде балаларға жеміс-көкөніс, ал қыста ақуызға бай тағамдар көбірек беріледі.

- Бірақ қыстың өзінде баға 16 мың 800 теңгеден аспайды, ал жазда азық-түлік сатып алу арзанға түссе, балабақшаның айлық төлемі қайта есептеледі. Сондықтан балабақша тамағының ата-аналар төлейтін айлық сомасы өзгеріп тұрады. Әр өнімнің өз бағасы бар, ата-аналар баласының не ішіп-жегенін әрі оның қанша тұратынын күнделікті ілінетін ас мәзірінен біліп тұрады, - дейді Анар Смақова.

ӘКІМНІҢ БАСТАМАСЫ МЕН ДЕВАЛЬВАЦИЯ

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков. 2015 жылдың ақпаны.

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков. 2015 жылдың ақпаны.

Балабақшалардың айлық ақысын өсіруді былтыр білім беру саласы қызметкерлерінің конференциясында Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков ұсынған. Ол «балабақшаның ақысы мүлде арзан, салған қаражат өзін ақтамайды, ал бүкіл Қазақстан бойынша ең арзан балабақша ақысы Астанада» деп мәлімдеген.

Былтыр билік теңге девальвациясынан кейін «доллар бағамының өсуі Қазақстандағы азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына әсер етпейді» деп мәлімдеген. 2015 жылдың тамызынан бері Қазақстан теңгесі екі есе құнсызданды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, мұнайдың тоқтаусыз арзандауына байланысты теңге бағамы да құлдырап барады, ал Қазақстан экспортының 65 пайызы - мұнай өнімдері.

Статистика комитетінің дерегінше, қазір көбінесе жеміс пен көкөністер, жұмыртқа, өсімдік майы, дақылдар мен теңіз өнімдері қымбаттаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG