Accessibility links

«Хьюман Райтс Вотч»: өзбектер абақтыда да азапталып жатыр


Өзбектердің өз талабын қойып көшеге шыққан сәті. Oш. 12 шілде 2010 жыл.

Өзбектердің өз талабын қойып көшеге шыққан сәті. Oш. 12 шілде 2010 жыл.

Халықаралық адам құқын қорғайтын "Хьюман Райтс Вотч" ұйымы Қырғызстан оңтүстігіндегі түрмелерде өзбектер зорлық-зомбылық көріп жатыр, мұның арты жаңа қақтығыстарға ұласуы мүмкін деп мәлімдеді.


ҚЫРҒЫННАН КЕЙІНГІ СОЙҚАН

Халықаралық адам құқын қорғайтын ұйым Қырғызстан оңтүстігіндегі түрмелерде өзбектер зорлық-зомбылық көріп жатыр, мұның арты жаңа қақтығыстарға ұласуы мүмкін деп мәлімдеді.

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымының сәрсенбі күні жарияланған жаңа баяндамасында этникалық өзбектерді тұтқындау және оларға Ош қалалық полициясында қысым көрсету аймақтағы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін деп жазылды. Қырғызстанның оңтүстік облыстарында өткен айдағы ұлтаралық қақтығыстардан кем дегенде 309 адам қаза тауып, 400 мыңнан астам этникалық өзбек босып кетті.

Ұйымның ғылыми қызметкері Анна Нейстат Азат Еуропа/Азаттық радиосына Ош қаласынан телефонмен берген сұхбатында қаланың түрлі аудандарында «жаппай қауіпсіздік операциялары» жүріп жатыр, соның барысында қырғыз полициясы көптеген адамды ұстады деп хабарлады.

«Бұл ұсталғандардың арасында қырғыздар жоқ дегенді білдірмейді, билік өкілдері бірнеше қырғыз тұтқындалды деп отыр. Бірақ бізде ұсталғандардың басым бөлігі этникалық өзбектер деген мәлімет бар»,- деп хабарлады ұйым өкілі. Нейстаттың айтуынша, «Хьюман Райтс Вотч» мұндай тексерулердің заң аясынан шығып кетіп жатқандығына алаңдаушылық танытып отыр.
Қарсылық акциясы. Oш. 12 шілде 2010 жыл.

«Бұған қоса біз қауіпсіздік күштерінің өздерін және тұтқындау себептерін таныстырмау, ұсталған кісілер туралы олардың туған-туыстарына мәлімет бермеу секілді заң ережелеріне жат әрекеттеріне, кездейсоқ тұтқындауларға ерекше назар аударып отырмыз», - деді Нейстат.

«Хьюман Райтс Вотч» полицияның тұтқындағыларға зорлық-зомбылық көрсеткен 30-дан астам жағдайды дәлелдейтін құжаттар бар екендігін мәлімдеді.

Анна Нейстаттың айтуынша, зорлық-зомбылық туралы мағлұматтар зардап шегушілердің өздерінен, бұған қоса оларды түрмеде көрген туған-туыстары мен адвокаттарынан алынған.

Жақында босап шыққан тұтқындардың бірқатары «Хьюман Райтс Вотч» ұйымына түрме қызметкерлері өздерін аяусыз ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткендерін, атап айтқанда тұншықтырып, темекі тұқылымен күйдіргендерін айтып берген.

Ішкі істер департаментінің уақытша абақтысында бірнеше күн отырған екі кісі мекеме ішінде, тергеу бөлмесінде, дәлізде өздерінен басқа ұрып-соғылған ондаған тұтқындарды көргендіктерін мәлімдеді.

"ПАРА БЕРСЕҢ, БАРА БЕРЕСІҢ"

Күш көрсетудің басты құралдарына тоқталған «Хьюман Райтс Вотч» баяндамада тергеушілер резіңке шоқпарлармен, жұдырықпен ұрып, тебеді деп атап көрсеткен.

«Зардап шегушілердің екеуі бастарына противогаз кигізіп, естерінен танып қалғанша тұншықтырғандығын хабарлады. Тұтқындардың бірі темекімен күйдіріп қинағандығын айтты» делінген баяндамада.

Өзінің аты-жөні толық аталуын қаламаған Ош қаласының 25 жастағы тұрғыны этникалық өзбек Ойбек Азат Еуропа/Азаттық радиосының өзбек қызметіне жергілікті полиция оны өткен аптада ұстағандығын хабарлады.

«Бізді қамауда аяусыз ұрып-соқты. Олар тіпті тұтқындардың қолын сындыра жаздады», - дейді ол.
Өзбектер өз құқығын қорғауды талап етеді. Oш. 12 шілде
2010 жыл.
Ойбектің айтуынша, ол туған-туыстары полиция қызметкерлеріне пара бергеннен кейін барып бостандыққа шыққан.

«Хьюман Райтс Вотч» ұсталғандарды Ош қалалық полициясында, Ош облыстық ішкі істер департаментінде, жергілікті полиция бөлімшесі мен ұлттық қауіпсіздік қызметінде ұстайтындығын хабарлады.

Халықаралық ұйым үкіметті себепсіз тұтқындаулар мен зорлық-зомбылықты тоқтату үшін шара қолдануға шақырды, мұның арты ұлтаралық қақтығыстардың қайталануына әкеп соқтыруы мүмкін деп ескертті.


"МИНИСТРЛІК ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫН ЖҮРГІЗІП ЖАТЫР"


Қырғызстан ішкі істер министрінің орынбасары Меліс Тұрғанбаев «Хьюман Райтс Вотч» мәліметтерін жоққа шығарып отыр. Оның пікірінше, мұндай баяндамалар «жағдайды одан сайын ушықтыру» үшін дайындалады.

«Мешіттерде, ауыл әкімшіліктерінде, ақсақалдар мәжілістерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Олар бізге осы секілді жалған ақпараттарды тоқтатыңдар деп айтып жатыр. Бұл екі ұлттың арасына от салады. Осыны оқып алады да, кейбіреуі «біздің жақтан көп өлтіріп кетіпті» деп ашу-ызаға басады. Сөйтіп жағдайды одан сайын ушықтырады. Сондықтан шындықты жазу керек», - деді Меліс Тұрғынбаев.

Қырғыз құқық қорғаушысы Тоқтайым Уметалиева ел оңтүстігінде тұтқындау мен зорлық-зомбылық барын растайды. Десе де, Уметалиева содан өзбектермен қатар қырғыздар да зардап шегіп жатыр дегенді айтып отыр.
XS
SM
MD
LG