Accessibility links

Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды ҰҚК ұстап әкетті


Болат Атабаев пен Жанболат Мамайдың жақтастары ҰҚК абақтысы алдында шеру өткізіп тұр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.

Болат Атабаев пен Жанболат Мамайдың жақтастары ҰҚК абақтысы алдында шеру өткізіп тұр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйлерінен ұстап әкетті. Жақтастары Атабаев пен Мамайды қорғау комитетін құрып, ҰҚК алдында шеру өткізді.

ҰҚК қызметкерлерінің ұстап әкеткені туралы ақпаратты Азаттыққа Болат Атабаевтың өзі хабарлап:

- Мені ҰҚК-нің ұстап әкеткенін адвокатым әлі білмейді, оны ұстап жатқан кезде таба алмай қалдым. Кеше Алматы қаласының Алмалы аудандық соты сыртымнан сот өткізіп, мені ұстауға шешім шығарыпты. Менің қолымды қайырып, көлікпен Қарасай батыр көшесіндегі ҰҚК-нің уақытша қамау абақтысына алып келді, - деді.

"ЛАС ҚОЛДАРЫҢЫЗДЫ БОС ҚОЙДЫМ"

Көршісі Олег Кусковтың айтуынша, Атабаевты сағат 10-ның шамасында пәтерінен сыртқа шыққанда ұстап әкеткен.

- Болат Атабаевты сыртқа шығып бара жатқанда түсі көк, мемлекеттік нөмірі 055 деген Toyota Runner көлігінен түскен үш жігіт ұстап әкетті. Оны ұстамақ болып жатқанын көріп қалған көршілер шу шығарған еді, әлгілер бізге өздерінің ҰҚК қызметкерлері екенін айтып, тынышталуымызды сұрады, - дейді Кусков.

Режиссер мамырдың 23-інде Жаңаөзенге тергеуге шақырылған. Ол маусымның 5-і күні Facebook әлеуметтік желісінде "Лас қолдарыңызды бос қойдым - мені сотсыз, 1937 жылдағыдай сыртымнан соттап жібере аласыздар! Сотсымақтарыңызға қатысып, оны заңды процесс етіп көрсетуге құлқым жоқ" деп, тергеуге өз еркімен бармайтынын мәлімдеген.

Ал маусымның 13-і Болат Атабаевқа Азаттық радиосында онлайн конференцияда отырған жерінде ҰҚК қызметкері маусымның 14-і Жаңаөзен қаласына тергеуге келуге шақырту қағазын беріп кеткен еді. Атабаев тергеуге барудан бас тартатынын жазып берген.

Екі күн бұрын болған ол оқиғаны мына жерден көре аласыз:

2012 жылы ақпанның 2-сінде театр режиссері, Жаңаөзен оқиғасын зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссияның мүшесі Болат Атабаевқа қылмыстық кодекстің 164-бабының 3-тармағы бойынша "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айып тағылған.

"САНТЕХНИКПІЗ"

ҰҚК-нің Жанболат Мамайды ұстап әкеткенін азаматтық белсенді Инга Иманбай хабарлады.

"Рух пен тіл" ұйымының мүшесі Диас Бейсенбек Азаттық тілшісіне "ҰҚК қызметкерлері Жанболат Мамайдың үйіне "сантехникпіз" деп алдап кірген" дейді.
Қоғамдық белсенді Жанболат Мамай.

Қоғамдық белсенді Жанболат Мамай.


Жанболат Мамайдың өзі бұған дейін ҰҚК қызметкерлерінің үйіне келгенін, бірақ есікті ашпай отырғанын Азаттық тілшісіне хабарлаған еді.

ҰҚК әзірге қоғамдық белсенділердің ұсталуына қатысты қандай да бір түсініктеме бермей отыр. Алматыдағы ҰҚК департаменті өкілі Азаттық тілшісіне Астанадағы бас кеңсеге хабарласу керек екенін айтты.

- Біз білмейміз, ол Алматыда ұсталды ғой - сол жақтан сұраңыздар, - деді Астанадағы аты-жөнін айтпаған кезекші.

Осы күні Төлеген Жүкеев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Әміржан Қосанов, Ермұрат Бәпи т.б. оппозиция белсенділері "театр режиссері Болат Атабаев пен "Рух пен тіл" қоғамдық ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды қорғау комитетінің құрылғанын" мәлімдеді.

Жанболат Мамайдың әкесі, белсенділер ұйымдастырған баспасөз мәслихатына келген Мамай Құрмашұлы билік ұлын "оппозициядан шығарып, өз қатарына тарту үшін бұған дейін талай құда түсіп, саудаласқанын" айтты.

Жанболат Мамайдың әкесінің айтқаны:

Оппозиция белсенділері осы жиыннан кейін ұран жазылған плакаттар ұстап, Алматы қалалық ҰҚК тергеу абақтысына барды. Олар таңертең қамалған Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды қудаламауды талап етіп, биліктің бұл әрекетін айыптады. Жиналғандарға ҰҚК тарапынан әзірге ешкім жауап бермеді.

Атабаев пен Мамайды қолдау шарасы:

164-БАП

Жаңаөзен оқиғасынан бері бес адамға «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылды. Олар - тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, «Халық майданы» қозғалысының белсенділері Айжангүл Әмірова мен Серік Сапарғали, «Рух пен тіл» ұйымының белсендісі Жанболат Мамай, театр режиссері Болат Атабаев.

2012 жылы мамыр айының соңында Владимир Козлов пен Серік Сапарғали Алматыдағы ҰҚК абақтасынан Ақтау абақтысына жеткізілді. Айжангүл Әмірова 2012 жылы қаңтарда Ақтауда ұсталып, қамалған.

Қазақстан қылмыстық кодексінде 164-бапқа қатысты үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оппозициялық белсенділерге тағылған, 164-бапта көрсетілген айып - Жаңаөзен оқиғасына байланысты.

Жаңаөзен мен Шетпеде шерушілерді күшпен қуып тарату барысында, кем дегенде, 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алды (ресми есеп бойынша). Оппозиция қаза болғандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG