Accessibility links

Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штаб ҰҚК төрағасы Шабдарбаевты «жауапқа» шақырды


"Алма-Ата-инфо" газетінің бас редакторы сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.
"Алма-Ата-инфо" газетінің бас редакторы сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Журналист Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штаб ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа жазған хаттың мәтінін бір мезгілде ҰҚК-нің барлық аймақтық департаменттеріне табыс ету акциясын өткізетіндіктерін мәлімдеді.

Алматыда19 тамыз, сәрсенбі күні, үш жыл абақтыға кесілген «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штаб баспасөз-мәслихатын өткізді. Баспасөз-мәслихатына қатысушылар ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың атына жазылған мәлімдеменің мәтінін жариялады, сонымен бірге Рамазан Есіргеповке берілген үкімге қарсы жаңа қарсылық акциялары жайында хабарлады.

БАСПАСӨЗ-МӘСЛИХАТЫНЫҢ ӨТПЕЙ ҚАЛУ ҚАУПІ ТУДЫ

Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штаб биліктің қарсылық әрекеттеріне тап болып үлгерді деді журналистерге «Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау қорының президенті Розлана Таукина. Ол жақында ғана «Интерфакс» агенттігінің баспасөз-орталығында болады деп мәлімденген баспасөз-мәслихатының не үшін «Азат» партиясының кеңсесінде өтіп жатқанын журналистерге түсіндіріп беруге мәжбүр болды.

Розлана Таукинаның айтуынша, бұл баспасөз-мәслихатының өтпей қалу қаупі туған. Өйткені, баспасөз-мәслихаты өтер қарсаңда «Интерфакстің» баспасөз-орталығы күтпеген жерден оны өткізуден бас тартқан. Бұл уақытта олармен қаржылық мәселелер шешіліп,
Журналист Рамазан Есіргеповті қорғау штабының мүшелері: оның зайыбы Раушан Есіргепова, "Азат" төрағасының орынбасары Петр Своик, "Журналистер қауіп-қатерде" қорының президенті Розлана Таукина, Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Өтеген Ықсанов. Алматы, 19 тамыз, 2009 жыл.
«Интерфаксте» өткізілгелі отырған баспасөз-мәслихаты бойынша хабарламалар жіберіп қойған.

- «Интерфакс» баспасөз-орталығының басшылығына күшті қысым жасалды ма деп ойлаймын. Өйткені, жоспарланған баспасөз-мәслихатынан бас тартуға негіз болар нәрсені мен көріп тұрған жоқпын: біз алдын ала төлем жасадық, оған қоса «Интерфакс» баспасөз-орталығының бүгінгі жұмыс кестесі бойынша бұл уақытқа ешқандай шара белгіленбеген. Осы оқиғадан соң біз хабарласқан екі баспасөз-клубы да бұл уақытқа бос еместіктерін айтты. Сол себепті біз бүгін бұл баспасөз-мәслихатын «Азат» партиясының кеңсесінде өткізіп отырмыз,- деді Розлана Таукина.

Ол, сонымен бірге, Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штаб ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың атына хат жолдап отырғанын, және бір мезгілдік акция өткізу үшін хат мәтінін барлық аймақтарға жіберіп отырғандарын журналистерге хабарлады.

- Бұдан бөлек, бүкіл Қазақстан бойынша бір мезгілдік акция өткізу үшін біз бұл хаттың мәтінін барлық аймақтарға жібереміз. Біз арнайы акция өткізіп, 25 тамыз күні таңертеңгі сағат 11-де елдің барлық аймақтарында кез-келген адам осы хаттың мәтінін ҰҚК-нің аймақтық органына тапсыратын болады. Бұл жерде пикет және сол сияқты шара өткізу міндетті емес. Тек ҰҚК ғимаратына келіп, оның кеңсесі арқылы осы хатты тапсыру керек,- деп түсіндірді Розлана Таукина.

«РАМАЗАН ЕСІРГЕПОВ ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫНАН АЙРЫЛДЫ»

Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штабтың ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың атына жазған «ҰҚК төрағасы жауап берсін!» деп аталатын хат мазмұнын түсіндіре отырып оның зайыбы Раушан Есіргепова «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов қорғану құқынан айрылып, ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан оған жала жабылды деп мәлімдеді баспасөз-мәслихатында.

Раушан Есіргепова, "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы. Алматы, 19 тамыз, 2009 жыл.
- Рамазан Есіргепов не үшін сотта қорғаушысыз қалды, яғни Р.Есіргепов неге адвокаттың қызметін пайдалану жөніндегі өзінің конституциялық құқынан айрылды, ҰҚК төрағасы осыған жауап беруі керек. Қазір апелляциялық шағымды жазу барысында оған қиындықтар туып тұр. Ол сотта өзін-өзі қорғағанымен, заңгер емес қой және заңгерлік жұмыстың барлық қыры мен сырын, оның ішінде апелляциялық шағымды даярлаудың жолдарын білмейді,- деді Раушан Есіргепова.

Раушан Есіргепова, сонымен бірге, ҰҚК өзінің баспасөз-қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаровтың аузымен жала жапты деді.

- Оның баспасөз-қызметі түпнұсқаны көрсетпестен, қайдағы бір ксерокөшірме негізінде жала жапқаны үшін ҰҚК төрағасы жауап беруі керек. ҰҚК баспасөз-қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров ксерокөшірмені қолында бұлғаңдатып, бұл Рамазан Есіргеповтің Сұлтан Махмадовқа жазған хаты, онда Рамазан соңғысының оған ірі көлемде ақша қарыз екендігі туралы жазған-мыс дегені естеріңізде ме? Рамазанның маған айтқанындай, бұл ксерокөшірмені сот іс материалдарынан алып тастаған. Өйткені, ол түпнұсқа болмаса дәлел ретінде жүрмейді,- деді Раушан Есіргепова.

ЫҚСАНОВ: ІСТІҢ ЗАҢСЫЗ ҚҰПИЯЛАНУЫ

ҰҚК қызметкерлерінің заң мен заңдылықты белден басқаны үшін ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев жауап беруі керек. Бұл, әсіресе Рамазан Есіргеповтің ісінде анық байқалды деп ойлайды Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Өтеген Ықсанов.

- ҰҚК қызметкерлері Рамазан Есіргеповке қарсы қылмыстық іс қозғай отырып өздерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған. ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті бір мезгілде жәбірленушінің, айыптаушының, тергеудің және сараптаудың функциясын атқарған. Осы арқылы ол ҰҚК департаменті бастығының ҰҚК төрағасының тікелей өзіне жолдаған мазмұны шүбәлі хатын жариялаған журналисті сөзсіз жазалау туралы өзінің әу бастағы мүдделілігін байқатқан. Әрине, бұдан соң Шабдарбаевтың бағыныштылары заң мен заңдылықты белден басты. Және ол олардың бастығы ретінде бұл үшін жауап беруі керек,- деді Өтеген Ықсанов.

ҰҚК қызметкерлері тарапынан заңдылықты барынша бұзудың бір фактісі ретінде Өтеген Ықсанов Рамазан Есіргепов ісінің заңсыз құпиялануын айтады.

- Бұл жердегі ең құпия нәрсе ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының ҰҚК төрағасына жазған хатының мазмұны ғана. Бірақ ол газетте жарияланған сәттен бастап-ақ құпия болудан қалды ғой. Ал Рамазан Есіргеповтің қылмыстық ісіндегі өзгесінің барлығы әу бастан-ақ құпия емес. Бірақ, ҰҚК осыған қарамастан бұл істі заңсыз түрде құпияландырды,- деді Өтеген Ықсанов.

Өтеген Ықсанов Рамазан Есіргеповтің ісіне байланысты ҰҚК-нің әрекеттеріне тек заңдық ғана емес, саяси да баға берді:

-Осындай әрекеттері арқылы ҰҚК өздерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан 2010 жылы төрағалық ететін ЕҚЫҰ-ның алдында ұятқа қалдырып отыр деп ойлаймын.

РАМАЗАН ЕСІРГЕПОВТІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ МИТИНГ БОЛАДЫ

Баспасөз-мәслихаты барысында Рамазан Есіргеповті қорғау жөнінде «Азат» партиясы 29 тамызда өткізуге уәде берген митинг жайы да сөз болды. Бұл сұраққа баспасөз-мәслихатына қатысып отырған «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своиктің жауап беруіне тура келгені түсінікті. Ол бұл жайында ешнәрсе білмейтінін, «Азат» партиясының мұндай жоспары жайында журналистердің өздерінен естіп отырғанын айтты.

«Азат» партиясының басшылығы «уәде» еткен митингіге байланысты мәселені Розлана Таукина түсіндіріп берді.

- Иә, мұндай әңгіменің болғаны рас. Бұдан бұрын Ұлттық баспасөз-клубында өткен баспасөз-мәслихатында Болат Әбілев 29 тамызда Рамазан Есіргеповті қорғау митингісін өткізу жайында өтініш беретіндігін хабарлады. Бірақ, қалалық әкімшіліктегілер 30 тамыз - Конституция күні болғандықтан, 29 тамызға рұқсат берілмейтінін айтып, сол себепті өтінішті бермей-ақ қоюға кеңес берген,- деді Розлана Таукина.

Ол, сонымен бірге, Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі митингті міндетті түрде, бірақ сәл кейінірек өткізетіндіктерін айтты.

- Біз бұл митинг Есіргеповті қорғау жөнінде осыған дейін өткізілген шаралардың негізінде даярланып, оның шыңы болуы керек деп ойлаймыз,- деп түсіндірді Розлана Таукина.

Тараз қалалық №2 соты «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің ісі бойынша үкімді 8 тамызда шығарды. Журналисті ҰҚК-нің қызметтік құпиясын заңсыз алып, жариялағаны үшін соттады. Оны үш жылға бас бостандығынан айырып, екі жылға баспа қызметімен айналысуына шек қойды.

Баспасөз-мәслихатына Р.Есіргеповтің зайыбы Раушан Есіргепова, «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина, Р.Есіргеповтің қорғаушысы Өтеген Ықсанов, «Азат» партиясының өкілі Петр Своик, ЖСДП партиясының өкілі Әміржан Қосанов қатысты.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG