Accessibility links

Қоянды дауын «арандатушылық» деп сипаттаушылар да бар


Астананың іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындары жер дауына қатысты наразылықтарын айтып тұр. Азаттық видеосынан алынған скриншот. Қоянды, 27 қазан 2014 жыл.
Астананың іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындары жер дауына қатысты наразылықтарын айтып тұр. Азаттық видеосынан алынған скриншот. Қоянды, 27 қазан 2014 жыл.

Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында басталған жер дауына «қауесетке ермеуге» шақырған блогер мен белсенді де араласты. Ал сарапшылар олардың ісін «биліктің тапсырысы» деп бағалайды.

Азаматтық белсенді әрі журналист Қасым Аманжолұлы елде маңызды қоғамдық-саяси дағдарыс байқала бастағанда әлеуметтік желілерде биліктің көзқарасын жақтайтын белсенділер де күрт көбейіп кететінін айтады. Ол сөзіне мысал ретінде Астанадан 20 километр жердегі Қоянды ауылында жер дауы шыққан кездегі блогер Азамат Битан мен «Желтоқсан рухы» ұйымының мүшесі Талғат Рысқұлбековтің әрекеттерін атайды.

- Қояндыға барған Талғат Рысқұлбековтің видео-үндеуі мен блогер Азамат Битанның видео-сюжетінде «тек үйдің іргетастары ғана күрелген» делінген. Бірақ іргетас та - біреудің мүлкі. Оның иелерімен кездеспестен сыртынан қарап, бұра тартуы таңырқатты, - дейді Қасым Аманжолұлы.

«ЕШКІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒЫП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫН»

Биыл қараша айының бас кезінде Қоянды ауылында басталған жер дауынан хабар берген ақпарат құралдары «оралмандардың үйлері сүріліп, жерлерінен айрылғалы отырғанын» хабарлаған. Бұл мәліметтер жариялана сала Қояндыға барған блогер Азамат Битан мен белсенді Талғат Рысқұлбеков бұқаралық ақпарат құралдарын «ауылдағы жағдайды асыра баяндады» деп айыптай сөйлеп, ол жерден видео-сюжет жасаған.

Астанада өткен "Блог-құрылтайда" өзін Азамат Битан деп таныстырған блогшы. YouTube желісінен алынған скриншот. Видео YouTube-ке 2012 жылы мамырдың 25-і күні жүктелген.
Астанада өткен "Блог-құрылтайда" өзін Азамат Битан деп таныстырған блогшы. YouTube желісінен алынған скриншот. Видео YouTube-ке 2012 жылы мамырдың 25-і күні жүктелген.

​Азамат Битан «кейбіреулер баяндағандай 11 тұрғын үй емес, 11 үйдің іргетасы және жартылай салынған бір үй ғана бұзылғанын» баяндаған.

Ал Талғат Рысқұлбеков «Қоянды тұрғындары ауылға қажетті әлеуметтік нысандар салынатын жерді басып алған, кейбір оралмандар жерге қатысты алаяқтық әрекеттерге өздері де қатысқан» дей келе, «Журналистер елді тағы да дүрліктірсе, бастарына айран құйып масқаралауға» уәде берген. Олар Қояндыда түсірген видеоларын YouTube желісі арқылы жариялап, пікірлерін Facebook-тегі парақшаларында да жиі жазған.

Азаттық тілшісі Қояндыдағы жер дауы мәселесіне қатысты тұрғындар пікірін берген ақпарат құралдарын сынаған бұл азаматтардың өздерімен тілдескен еді. «Желтоқсан рухы» ұйымының мүшесі Талғат Рысқұлбеков:

Талғат Рысқұлбеков. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.
Талғат Рысқұлбеков. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.

- Жер дауымызды шешіп беріңіздер деп, Қоянды тұрғындарының өздері өтініш айтқан соң бардық. Барсақ «11 үйді қиратылды» деген ақпарат жалған боп шықты, тек 11 іргетас қана екен, - дейді.

Ал блогшы Азамат Битан Қояндыдағы жер дауы жайын Facebook-парағында жазып жүргенін айтады.

- «Қоянды туралы видеоны түсіруге не түрткі болды?» деген сауалыңызды түсінбедім. Қоянды Астанадан алыс емес қой. Мұнда болсаңыз, сіз де түсірер едіңіз. Ешқандай астарсыз, блогердің кезекті бір жұмысы деп қараған дұрыс шығар. Ешкімнің де сойылын соғып жүрген жоқпын, - деді блогшы Азамат Битан.

«ӘЗІРШЕ ШЫНДЫҚ ҚАЖЕТ ЕМЕС, БІРЛІК КЕРЕК»

Бірақ журналист Қасым Аманжолұлы «оппозициялық қайраткер Козловқа жұмыртқа лақтыруымен есте қалған Талғат Рысқұлбековтің, Twitter-парағында өзін «Сырттан сыбап, іштен ірітіп жүргендер Елбасының тегін адвокаты деп есептейді» деп сипаттаған Азамат Битанның аяқ астынан Қояндыдағы жер дауында белсенділік танытуы күлкілі екенін айтады.

­

Журналист Қасым Аманжолұлы.
Журналист Қасым Аманжолұлы.

- Мұндай әрекеттер арнайы ұйымдастырылады. Биліктің тапсырысын орындаушыға ұқсайтын блогерлер саяси-әлеуметтік мәселелерге келгенде «бұл іспен ел ағалары айналысып жатыр, мәселені солар шешуі керек, араласпаған жөн» деген сияқты пікір жазып, сабырға шақырушының рөлін сомдауға көшеді. Олар әлеуметтік желіде топ болып пікір таратады, бірақ оларды қарапайым халықтың қолдағанын көрген емеспін, - дейді Қасым Аманжолұлы.

Астаналық блогер Серік Керейдің айтуынша, «тапсырыспен жұмыс істеп, өзін блогер ретінде таныстырушылар күрт көбейген; арнайы тапсырыс алмаса да, биліктің ұстанымын біржақты қолдаумен шұғылданушылар да жеткілікті».

- Олар «шындықты әзір айтудың қажеті жоқ, бізге бірлік керек» дейді. Олар биліктегі таныстарының тілектерін орындайды. Биліктен 25 мың теңге алып, әлеуметтік желілерде билікті насихаттайтындар да көп. Олар әлеуметтік-саяси маңызы бар пікірлерге жабыла шабуыл жасай алады, - дейді Серік Керей.

Блогер Серік Керей. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
Блогер Серік Керей. Сурет Facebook парақшасынан алынды.

Блогердің пікірінше, билік мәселені ушықтырмай шешкісі келсе, проблеманы барлық қырынан көрсететін тәуелсіз блогерлердің пікіріне көбірек назар аударғаны жөн.

- Өйткені жалдамалылардың жалған ақпараты қоғамдық пікірді уақытша басқа жаққа бұрғанымен, уақыт өте олар сенімсіз ақпарат көзіне айналады, - дейді Серік Керей.

«БИЛІКТІҢ ӨЗІН-ӨЗІ САҚТАУ ИНСТИНКТІ»

Алайда блогер Серік Керей Қояндыдағы жер дауына басқа саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар араласпаған кезде «Желтоқсан рухы» ұйымының атынан барған Талғат Рысқұлбековтің кейбір пікірін қолдайтынын айтады.

- Талғат Рысқұлбековтің кей сөзін қуаттаймын. Жерді алдап сатқандардың ішінде Қоянды тұрғындарының өздері де бар. Құжатсыз жерлерді маған да сатқысы келгендер болған. Сондықтан «түк білмедік» деудің жөні жоқ. Бірақ Рысқұлбековтің «жерді заңдастыруға болмайды, 70-80 үйдің орнына мектеп пен аурухана салады екен» дейтін билікшіл пікірлерімен келісу қиын. Өйткені Алатаудың етегіндегі коттедждердің бәрін заңдастырған биліктің Қояндыдағы 10 сотық жерді заңдастыруға да мүмкіндігі бар, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Қояндыдағы жер дауы ұлғая бастады

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қасында отырған Ерлан Сайыров (оң жақта).
Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қасында отырған Ерлан Сайыров (оң жақта).

Ал саясаттанушы Ерлан Сайыров елдегі саяси-әлеуметтік шиеленіс кезінде тәуелсіз ақпарат құралдары мен билікшіл азаматтар арасында пікір қайшылығы болуын қалыпты құбылыс деп біледі.

- Биліктің де өзі дұрыс деп санайтын ұстанымы бар. Оны әртүрлі жолдармен білдіруі мүмкін. Бұл - биліктің өзін-өзі сақтау инстинкті. Шындыққа жету үшін екі тараптың пікірі болғаны дұрыс. Осы екі көзқарасты парапар ұстау керек, - дейді Ерлан Сайыров.

Саясаттанушының пікірінше, Қояндыдағы жер дауын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық белсенділер қазір айтпағанда, бірнеше жылдан кейін бұл мәселе шегіне жетіп жарылатын еді.

- Тәуелсіз белсенділер мен еркін ақпарат құралдарының миссиясы - билікке қоғамдағы проблемаларды көрсету. Тәуелсіз көзқарас, бүкпесіз ұстанымның арқасында көптеген мәселе ушықпай шешіледі, - дейді ол.

Қоянды, 19 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қоянды, 19 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Сарапшылар биліктің өзіне қарсы наразылық туған жерде қоғамдық пікірді өзгерту үшін ресми БАҚ-қа қоса, әлеуметтік желілер мен блогерлерді де белсене пайдалануға көшкеніне бірнеше жыл болғанын, соңғы кездері ол әдісті мейлінше тездетуді үйренгенін айтады.

Билік ұстанымын қолдаушы блогерлер мен тәуелсіз блогерлердің арасындағы пікір қайшылығы 2011 жылы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен қаласында болған, ресми есеп бойынша 16 адам полиция оғына ұшқан оқиғадан кейін қатты байқалған.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін іле-шала, 2011 жылы желтоқсанның 21-24-і күндері ол қалаға биліктің қолдауымен барған блогшылар «қисынсыз талап қойған, арандатуға еріп кеткен» мұнайшыларды айыптап, «түймедей нәрсені түйедей» етіп көрсететін «ақпараттық дұшпандарға» да ренжіп қайтқан.

2011 жылы желтоқсанның соңғы күндері республиканың үш аймағынан тәуелсіз үш блогшы шығып, олар да Жаңаөзенге барған. Олар халықтың ашық сөйлеуге өздеріне еріп жүрген полицейлерден жасқанғандарын, бірақ кей тұрғындар «елді арандатқан - полицейлердің өздері» деген пікірлерін айтып үлгергенін жазған.

XS
SM
MD
LG