Accessibility links

«Комета S» баспасының директоры қылмыстық қудалаудан құтқаруды сұрайды


«Комета-S» баспасының директоры Юлия Козлова. Алматы, 9 қараша, 2009 жыл.

«Комета-S» баспасының директоры Юлия Козлова. Алматы, 9 қараша, 2009 жыл.

Қаржы полициясы «Комета S» баспасының директоры Юлия Козловаға қарсы қылмыстық іс қозғады. Баспахана өкілдері қылмыстық істің қозғалуына «Республика» газетінің басып шығарылуы негіз болды дейді. Ал, қаржы полициясы бұған түсініктеме бермей отыр.

24 қыркүйек күні түнде қаржы полициясы тарапынан тексеріске тап болған «Комета-S» баспасының төңірегінде жағдай ушығып тұр. Осылай деп 9- қараша күні өткен баспасөз мәслихатында баспахана басшысы мен баспа заңгері мәлімдеді.

Жоғарыда айтып өткен 24- қыркүйек күнгі түнгі тексеріс кезінде Алматы қалалық қаржы полициясы баспаның барлық кеңселік және бухгалтерлік есеп-қисап құжаттарын, компьютерлерін түгелдей алып кеткен болатын. Сонымен бірге, қаржы полициясы баспаны жауып, баспаға тәулік бойы кезекшілік күзетін қойған еді.

ЖАБЫЛҒАН БАСПАХАНА КҮНДІЗ-ТҮНІ КҮЗЕТІЛУДЕ

Баспахана өкілдерінің айтуынша, олар баспахана ғимаратын жалға алу туралы келісімшартты бұзуға мәжбүр болған. Алайда, жабылған баспахананы арнайы қызмет өкілдері күні-түні көз айырмай күзетуін жалғастырып жатыр дейді баспахана өкілдері.
Қаржы полициясының қызметкері "Комета S" баспасының есігіне арест қағазын жабыстырып жатыр. Алматы, 24 қыркүйек 2009 жыл.


Баспахананың заңгері Сергей Уткиннің сөзіне қарағанда, баспа басшылығына салық тексерісі жөніндегі актіні әкеліп табыстаған. Онда баспахана бюджетке 3 миллион теңге төлемегені көрсетілген. Заңгер баспахананың құжаттары мен компьютерлері әкетілгеннен кейін онымен Алмалы аудандық салық комитеті мен қаржы полициясы бір мезгілде жұмыс істеген деп отыр. Заңгер Сергей Уткин қаржы полициясы тарапынан болған тексеріс қылмыстық іс қозғау үшін жүргізілген деп есептейді.

САЛЫҚ КОМИТЕТІ БАСПАХАНАНЫҢ ҮШ ТҮРЛІ АЙЫБЫН АЙҚЫНДАП БЕРДІ


- Баспахананы оның өнімдерінің бағасы нарықтағы орташа бағамен сәйкес келмейді деп айыптап отыр. Алайда, заң бойынша, трансфертті баға тек экспорт пен импорттық операцияларда, халықаралық келісімшарттар негізінде жүзеге асады. Ал, баспахана экспортқа өнім шығармайды. Баспахана тек қана жеткізушіден баспа қағазын сатып алып отырған. Соған қарамастан, салық инспекторлары баспаханаға баспаның өзі ешқашан таппаған табыс көлемін жазып жіберген,- деді Сергей Уткин.

Сөзін сабақтаған Сергей Уткин баспахананы қағаз шығынын дұрыс көрсетпегені үшін де айыптап отырғанын жеткізді

- Салық инспекторы ешқашан өндірістік іспен айналыспаған әрі бұл істе ешнәрсе түсінбейтінге ұқсайды. Қағазға белгілі бір нәрсені басып шығару үшін қағаздың орауын жазады. Бұл өз кезегінде қосымша шығынды талап етеді. Салық инспекторларының ойынша, баспа қағазының орауын жазу мен қағазды шығындау бір нәрсе сияқты. Сөйтіп, баспа шығындарының есебінен салық инспекторлары 200 тонна орауы жазылған баспа қағазын алып тастаған. Кішкентай баспахананың мұндай көлемдегі баспа қағазын бірнеше жыл пайдаланатыны рас. Демек, салық инспекторларының ойынша, баспахана қағаздың қиқымын да шығындамай газет басып шығаруы тиіс екен, - деді Сергей Уткин.

Заңгер Сергей Уткин салық комитетінің «Комета S» баспаханасына таңып отырған үшінші айыбына да тоқталды. Оның айтуынша, баспахана жаңа техникалар сатып алу үшін құрылтайшыдан қаржылық көмек алу келісіміне отыруын салық инспекторлары салық актісінде дұрыс емес деп көрсеткен. Салық комитетінің өкілдері салық актісінде баспахананың құрылтайшыдан қаражат алуын заңсыз деп тауып, ақшаны несиеге тек банктен алуға болады деп көрсеткен.

- Кәсіпкерлердің барлығы бір-біріне қарызға қаражат бергенде пайызсыз береді. Өйткені, пайызбен қаражат беру банк ісімен шұғылданған болып табылады. Ол тіпті, қылмыстық іске дейін апарып соғуы мүмкін. Кәсіпкерлер осындай жайсыздықтан сақтанады. Бірақ та, бұл жолы салық комитетінің қызметкерлері пайызсыз қаражат беруді заңсыз деп тауыпты, - деді Сергей Уткин.

Сергей Уткиннің айтуынша, аталмыш баспахана бухгалтерлік есеп-қисапты дұрыс жүргізбеген деп айыпталып отыр. Алайда, бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу ісінде нақты нені бұзғаны және бұл айыптың нендей нәрсеге негізделіп отырғанын баспахана заңгері айыптау қорытындысынан да, салық актісінен де кездестірмеген.

ІСТІ АУЫР ЖӘНЕ АСА АУЫР ҚЫЛМЫСТАРДЫ АШУ БӨЛІМІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ ЖҮРГІЗУДЕ

Баспасөз мәслихатында адвокат Сәлімжан Мусин 29 қазаннан бастап Юлия Козлованы қорғау ісіне кіріскенін атап өтті. Адвокат аталған істі қаржы полициясының ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша аға тергеушісі Мұрат Бекбергеновтің жүргізіп жатқанын айта келіп, заң бойынша, аталған қылмыстық іс орташа дәрежедегі қылмыстық іс бола тұра, оны неліктен ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінің тергеушісі жүргізіп отырғандығынан секем алғанын жеткізді.
Адвокат Сәлімжан Мусин Алматыдағы баспасөз-мәслихатында. 9 қараша, 2009 жыл.


- Негізі мұндай қылмыстық істерге заң бойынша, 1 жыл бас бостандығынан айыру немесе қоғамдық жұмыс істеу және айыппұл төлеу қарастырылған. Бірақ, менің ойымша, бұл іс жоғарыдағы жазалаулармен шектелмейтін сияқты. Әрине, бұл істің алдын ала ойластырылып, бір орталықтан басқарылып отырғандығы бірден байқалып тұр, - деді Сәлімжан Мусин.

Сондай-ақ, Сәлімжан Мусиннің сөзіне қарағанда, ол қаржы полициясы ғимаратына барған кезінде ғимаратқа жетпей автомат асынған екі адам, тағы оншақты адам оны тоқтатып, жеке куәлігін алмақ болған және портфелін тексермекке талпынған.

Ал, «Комета S» баспасының директоры Юля Козлова өзгеде баспалардың басшылары өзіне хабарласып, «Республиканы» баспағанда тыныш қана жұмысыңды жалғастыра берер едің деп айтқанын мәлім етті. Оның ойынша, қаржы полициясы о бастағы діттеген мақсатына жетті.

- Баспахананың құжаттарын, өзге де мүлкін алып кеткенде қаржы полициясы қылмыстық іс қозғауды жоспарлаған. Олар дегеніне жетті. Алып кеткен құжаттарды өздерінің ыңғайына қарай пайдаланып қылмыстық іс қозғап отыр. Біздің баспаханада «Алға» және «Азат» газеттері басылып келген. Олардың жолын жапты. Қазір оларды ешбір баспахана баспайды. Біздің баспадан шығатын басқа да басылымдарды басқа баспалар басудан бас тартып отыр, - деді Юлия Козлова.

ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ӨЗІН СОТҚА БЕРУ

Баспасөз мәслихатында сондай-ақ, «Голос Республики» газеті редакторының міндетін атқарушы Татьяна Трубачева Юлия Козлова аталмыш басылым редакциясы алқасының мүшесі болғандықтан, оған қарсы қозғалған қылмыстық іс газетке жасалған қысым деп атады.

- Бұл іс арқылы бәрімізді қорқытпақ деп ойлаймын. Істің негізі «Республикамен» тікелей байланысты. Бұл дегеніңіз, газетті саяси қуғындау деген сөз, - деді Татьяна Трубачева.
Бұл іс арқылы бәрімізді қорқытпақ деп ойлаймын. Істің негізі «Республикамен» тікелей байланысты...


Баспасөз жиыны барысында «Комета S» баспасы қаржы полициясын сотқа бергені мәлім болды. Өйткен, заңгер мен баспа басшысы және адвокат қаржы полициясы қызметкерлерінен аталған баспахана бухгалтерлік есеп-қисап жүргізуде нақты қандай ережені бұзғанын білгісі келеді. Егер, нақты ереже бұзушылық жоқ болса, онда сот баспа директорына қарсы қылмыстық іс қозғау туралы бұйрықтың күшін жоюға шешім қабылдауға міндетті дейді баспа заңгері мен адвокат.

Бұл мәселеге байланысты Алматы қаласы қаржы полициясының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, «Комета S» баспасына байланысты қылмыстық іске тек Астанадағы қаржы полициясының баспасөз қызметі түсініктеме беретінін айтты. Ал, Астанадағы қаржы полициясының баспасөз қызметімен хабарласу мүмкін болмады.

Естеріңізге, сала кетсек, 4 қараша күні қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай «Комета S» баспасының директоры Юлия Козловаға қарсы 22 қазанда қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Брифингте Мұрат Жұманбай:

- Тексеру барысында Козлова бухгалтерлік есеп мәліметтерін құжаттаудан жалтарғаны және есеп мәліметтеріне кәсіпорынның шаруашылық қызметі туралы жалған ақпаратты әдейі енгізгендігі, сол арқылы мемлекетке 2 миллион 700 мың теңге шығын келтіргендігі анықталды, - деген болатын.
XS
SM
MD
LG