Accessibility links

«Бала зорлаудан» соң ауыл бір көтеріліп басылды


Қазақстан полициясы. (Көрнекі сурет)

Қазақстан полициясы. (Көрнекі сурет)

Қордай ауданында «бала зорлау оқиғасынан» кейін ауыл халқы көтеріліп, 47 адам ұсталып, қайта босатылған. Айыпталушы жасөспірімнің Тараздағы интернатқа жіберілгені айтылады.

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында екі этникалық топ өкілдерін араздастыра жаздаған «бала зорлау оқиғасы» туралы бейресми хабар осы апта әлеуметтік желілер арқылы тарай бастады. Мұндай оқиғаның болғанын ауыл әкімдігі мен тұрғындар Азаттыққа растады.

Қаракемер ауылының тұрғындарының сөзінше, сәуірдің 13-і күні осы ауылдың 14 жастағы жасөспірім баласы көршісінің ойнап жүрген алты жастағы кішкентай баласын зорлады деген хабар тараған. Кінәлі отбасының жазалануын талап еткен тұрғындар көтеріліп, полиция күшімен басылған. Бұл оқиға кезінде 47 адам ұсталып, кейін босатылған. Ауылда жалпы жиналыс ұйымдастырылып, «баланы зорлады» деп айыпталған жасөспірім Тараздағы интернатқа жіберілген.

Жәбірленуші ретінде танылған баланың анасы Г. Т. болған жайттан естерін енді жиып жатқанын айтады.

«Оқиға өзінің (айыпталушы баланың – ред.) үйінде болған. Үйінде ешкім жоқ екен. Үйіміздің артында тұрады. Көрші. Баламызды үйіне алып барыпты. Сондай...жасапты. Баланың өзі айтып келіп отыр. Бес жастағы кішкентай бала. «Шынымен де сондай болды ма?», «сондайға дейін барды ма?» деп баланың жанын қоймай сұрадық. Ана бала (айыпталушы бала – ред.) да мойындады. Баланың ата-анасы болмағаннан кейін сосын ауылдық участковыйды шақырдық. Баламыздың айтуынша, сондай әрекет жасаған» дейді Г. Т. Азаттық тілшісіне.

Бұл оқиғадан соң жәбірленуші баладан тергеушілер жауап алған, қазір психологтар жұмыс жасап жатыр.

«КӨШЕДЕ ЖҮРГЕННІҢ БӘРІН ҚАМАДЫ»

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, «бала зорлау оқиғасын» естіген Қаракемер халқы дүрлігіп, «тегі – дүнген» деп сипатталған кінәлінің жазалануын талап еткен. Кейбір тұрғындар айыпталушы жасөспірімнің жақындарына да қоқан-лоқы жасалғанын жоққа шығармайды.

Есімін атамаған Қаракемер тұрғыны сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түні «ұлтаралық жанжал болып кете ме деп қауіптенген полицияның 40 шақты тұрғынды қамап тастағанын» айтады.

Милициялар келді де, біздің ауылдың қырықтай баласын қолын қайырып, байлап, баяғы Сталиннің уақытысындай апарып қамап тастады Қордайға. Олар көшеде тыныш жүрген. Көшеде жүргендердің бәрін алып кетті еш түсіндірместен. Мұнан кейін халық көтеріліп кетті.

- Милициялар келді де, біздің ауылдың қырықтай баласын қолын қайырып, байлап, баяғы Сталиннің уақытысындай апарып қамап тастады Қордайға. Олар көшеде тыныш жүрген. Көшеде жүргендердің бәрін алып кетті еш түсіндірместен. Мұнан кейін халық көтеріліп кетті. Одан кейін басты. Жамбылдан келді. Прокурор, полиция. Ақырында балалардың бәрін босатып алдық. Әйтпесе жағдай мүлдем ушығып кететін еді. Неге жазықсыздан жазықсыз балаларды қамап тастайды? Бұрындары да сүйтетін. Тұрғындар арасында төбелес болса бітті, балаларды алып қамап тастайды. Айыппұл салады. Милиция әбден жаман үйреніп қалған, - дейді тұрғын.

Қаракемер ауылы әкімдігінің бас маманы Лизада Нұркеева сол түні 47 адамның ұсталғанын растады. Олар таңғы сағат бестен түске дейін полицияда болып, түсініктеме жазған. Кейін заттары қайтарылып, босатылып жіберген.

- Ешқандай көтеріліс, ештеңе болған емес. Сенбі күні (16 сәуір – ред.) жиналыс болды. Сол күні-ақ мәселенің бәрі шешілді. Облыстық прокурордың орынбасары, облыстық әкімнің орынбасары келіп қатысты. Халыққа түсініктеме жұмыстары жүргізілді. Ұсталған 47 баланы сол күні-ақ алып келді. Құжаттарын, ұялы телефондарын, барлығын толығымен қайтарып берді. Қайтарылмаған 4 баланыкі қалып еді. Бүгін (21 сәуір – ред.) міне, қайтарып беріп, бәрінен қолхат алдық, - дейді әкімдік өкілі.

Қордай аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Бақыт Баймұхамбетов «Бұл оқиғаға қатысты іс қозғалды ма?» деген сауалымызға «Барлық ақпаратты Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен алу керек» екенін айтты. Ал облыстық ішкі істер департаменті мамандарынан жауап алу мүмкін болмады.

«ЕШТЕҢЕ БОЛМАҒАН»

«Бала зорлады» деп айыпталған жасөспірімнің жақындары Азаттық тілшісімен сөйлесуден қашқақтады. Масанчи ауылы әкімінің орынбасары Мұса Жунуров «туыстары баланы Таразға алып кеткен» деп топшылады.

- Сараптама жасөпірімнің баланы тек зорламақ болғанын ғана көрсетіп отыр. Ештеңе де болмаған, - дейді Мұса Жунуров оқиға жайлы.

Ешқандай көтеріліс, ештеңе болған емес... сол күні-ақ мәселенің бәрі шешілді. Халыққа түсініктеме жұмыстары жүргізілді. Ұсталған 47 баланы сол күні-ақ алып келді. Құжаттарын, ұялы телефондарын, барлығын толығымен қайтарып берді..

Бірақ ол «Айыпталушы өз кінәсін мойындай ма?» деген сұраққа жасөспірімнің туыстары жауап бермегенін де айта кетті.

Ауыл әкімі орынбасарының айтуынша, айыпталушы баланың ата-анасы Қаракемерде бұрыннан тұрады, айыпталушы И. Х.-дан бөлек тағы екі баласы бар. Жунуров кейбір ауылдастарының «бұл отбасының тегі дүнген екеніне күмәнданатынын» айтып қалды.

Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты, Қаракемер ауылында шамамен мың жарым тұрғын тұрады. Олардың түгелге жуығы қазақ. Көршілес Масанчи ауылымен арасы бір-ақ шақырым.

Қазақстанда түрлі қылмыстық оқиғалар мен тұрмыстық жанжалдарға қатысты жекелелген этносаралық шиеленісті жағдайлар соңғы жылдары бірнеше рет байқалды. Биылғы ақпан айында Жамбыл облысының Бурыл ауылында кішкентай ұл баланың кісі қолынан өлуіне байланысты жергілікті қазақтар ауылдас этникалық түріктерге қарсы көтерілген еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG