Accessibility links

Қостанай түрмесінде 7 тұтқын денелерін жарақаттады


Түрме қақпасы. (Көрнекі сурет)

Түрме қақпасы. (Көрнекі сурет)

«Қостанай түрмесінде жағдай қалыпты» дейді қылмыстық атқару комитетіндегілер. Алайда құқық қорғаушылар мен тұтқындардың туыстарының сөзі басқаша.

Оқиға жексенбі, 27 наурыз күні таңғы сағат 6.15-те болған. Қылмыстық-атқару жүйесінің пікірінше, Қостанай қаласындағы қатаң тәртіптегі колонияда жеті адамның өз денелерін жарақаттауы «мекеме тәртібіне мойынсұнғысы келмейтін сотталғандардың ықпалымен жасаған».

«БҰЛ ӘРЕКЕТКЕ ИТЕРМЕЛЕГЕН – БЕС ТҰТҚЫН»

– Наурыздың 27-сі күні Қостанай облысы бойынша УК-161/2 мекемесіндегі жеті сотталған азамат өз өздерінің өмірлеріне қауіп төндірмейтін зақым келтірген. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Олардың түзеу мекемесі әкімшілігіне қойып отырған басты талабы – режимді әлсірету, – деді қылмыстық-атқару жүйесінің ресми өкілі Самал Ғаділбекова Азаттық радиосына.

«Жедел ақпарат бойынша, бұл сотталғандарды осындай әрекетке итермелеген осы түзеу мекемесінде отырған тағы бес тұтқын анықталған» дейді ресми өкіл. Оның сөзінше, осы колонияда отырған, ұзақ мерзімдерге сотталған, режимге теріс көзқарастағы бұл бесеу әлгілерді ұрып-соғамыз деп қорқытып, денесін жарақаттауға мәжбүрлеген. Қазір айып изоляторына
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ғимаратының қақпасы. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
қамалған бұл адамдар – қарақшылық, адам өлтіру, қару-жарақ сату мен мемлекеттік сатқындық жасады деп, ұзақ жылдарға сотталғандар көрінеді.

– Қазір түзету мекемесінде жағдай қалыпты, бақылаулы. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді қылмыстық-атқару жүйесінің ресми өкілі Самал Ғаділбекова.

КОЛОНИЯҒА ПОЛИЦИЯ ЖАСАҒЫ КІРГЕНІНІҢ РАС-ӨТІРІГІ

Гауһар Ибрагимован деген әйелдің күйеуі 8 жылға сотталып, Қостанай колониясында жазасын өтеп жатыр. Ол наурыздың 24-і мен 27-сі аралағында күйеуімен кездесуге барған. Гауһар Ибрагимованың айтуынша, 27-сі күні колонияға «60-қа жуық полиция жасағы кіргізілген».

– 26-сынан 27-сіне қараған түні колонияда екі адам қайтыс болған. Мен әзірге олардың фамилияларын білмеймін. Бұдан бөлек оншақты адам денесін тіліп тастаған, – деді Гауһар Ибрагимова Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, кеше (наурыздың 27-сі) күні кездесуден шыққан күйеуін карцерге қамалған.

– Маған кеше кешке телефон шалып, кездесуден кейін күйеуімді карцерге жауып қойғандығы жайлы айтты. Қазір ол жерде жағдай қиын. Барлығын ұрып, азаптап жатыр көрінеді, – деді сұхбаттасымыз.

Азаттыққа түсініктеме берген қылмыстық-атқару жүйесінің ресми өкілі Самал Ғаділбекова бұл хабарды жоққа шығарды.

– Ол – өтірік! Мен сізден бірінші рет естіп отырмын. Мен бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарамын. Әскер не жасақ кіргізгіміз келіп, кіргізе салатын – ол бес минуттық жұмыс, ойыншық емес. Оның үлкен себебі болуы керек. Егер өз күшіміз жетпей жатса, алдымен прокуратурадан келісім алуымыз керек, сотқа хабарласуымыз керек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен рұқсат алуымыз керек дегендей – барлық тиісті мекемелерден келісім алуымыз керек, – дейді қылмыстық-ақтару жүйесі комитетінің ресми өкілі.

ӘКІМШІЛІК ӨЗГЕРГЕНІМЕН, ЖАҒДАЙ ОҢАЛҒАН ЖОҚ

Естеріңізде болса, жуырда УК 161/2 түрмесінің бастығы Сергей Громченко қызметінен босатылған еді. Оның орынбасары Дидар Смағұлов түрме бастығының міндетін атқарушы болып тағайындалған. «Алайда бұл өзгеріс
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Астана, 24 қыркүйек 2010 жыл.
жағдайды мүлдем ушықтырды» дегенді айтады құқыққорғаушы Вадим Курамшин.

– Бұрынғы бастықтың орнына келген Дидар Смағұлов – қазір түрмеде кеңінен қолданып жатқан жауыздықтардың басында тұрған адам, – дейді Курамшин.

Қостанай облыстық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Анастасия Миллер наурыздың ортасында бірнеше құқық қорғаушының осы түзету мекемесіне арнайы тексеріспен барғандығын айтады. Сотталғандар көбінесе түрме бастығына емес, сотталғандар арасынан шыққан белсенділерге арызданады екен.

– Колонияда проблема бар. Біріншіден, сотталғандардан жасақталған құқықтық тәртіп қызметі, яғни әкімшілік көмекшілері. Біз бұл қызметті мүлдем алып тастау қажет деп санаймыз. Себебі колония ішіндегі жағдайдың күрделенуіне осы «көмекшілер» себеп. Оларға колония әкімшілігі тым көп өкілеттік берген, немесе олардың бұл істеп жүргендерінен әкімшілік білмеуі де мүмкін. Себебі бұл «белсенділер» қалған сотталғандарды ұрып-соғып, қорқытып таңғы жаттығуға шығуды, сап түзеп жүруді талап еткен. Бұл, әрине, міндетті емес. Ал көнбегендерге қатысты арандатушылық әрекеттер жасап, әкімшілікке арызданып отырған. Ал сотталғандар үшін кез-келген ескерту – кездесу мен өзге де «жақсылықтардан» айырылу. Бұдан бөлек, сотталғандар дұрыс тамақтанбайтындықтарын айтады. Бірақ бұл айтылғандарды тексеру үшін ескертусіз келіп, тексеріс өткізу керек, – дейді құқық қорғаушы Анастасия Миллер.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG