Accessibility links

Ауылдас екеу өздерін полицей қорлағанын айтты


Полицейлік бөлім камерасы. (Көрнекі суре).
Полицейлік бөлім камерасы. (Көрнекі суре).

Қостанай облысы Құсмұрын ауылының екі тұрғыны полицейлерді өздеріне күш көрсетті деп айыптайды. Шағымның бірі тергеуге берілді, екіншісі «қылмыс құрамы жоқ» деп кері қайтарылды.

Құсмұрын тұрғындарының бірі өздерін азаматтық киім киген полиция қызметкерлері ұстап алып, ұрып-соққанын айтады. Аяғында Виталий Донец «билік өкілдеріне қарсылық көрсеткені үшін» айыппұл төледі, бірақ оның азаптау туралы арызын Қостанай облыстық полициясы негізсіз деп тапты.

Александр Альбрандт өз шағымын полицияға тәуелсіз, басқа мекемеге жіберіп, тергеу сатысына өткізді. Екеуі де қатты соққыға жығылған. Оларды кімнің ұрып-соққанын тергеу немесе жергілікті құқық қорғаушылардың істі тексеруі анықтайды.

ВИТАЛИЙ ДОНЕЦ

Бір жылдан астам уақыт бұрын кешке Виталий Донец қызын қарсы алу үшін мотоцикл мініп сыртқа шығады. Айтуынша, жергілікті полиция бөлімшесінен қасынан өткен кезде азаматтық киім киген үш адам атын атап шақырады. Виталий тоқтамай өтіп кетеді.

Үйге қайтып келе жатқанда ол ысқырық естиді. Шақырғандардың біреуі ауылдың учаскелік полицей екен. Виталийдің айтуынша, ол «долданып тұрған» соң, оның түрінен "шошып", үйіне кетіп қалады.

Үйіне оралған кезде, артынша екі полицей кіріп келеді – олардың бірі жігіттің бетіне бұрышталған баллон сеуіп, жерге сұлатады.

Адам құқығы жөнінде Қазақстандағы бюроның қостанайлық филиалына арызданған жігіт «полиция қызметкерлері мені тепкілеп, тұла бойымды ұрып тастады» деп жазды. Оған үйден шу шыққан кезде келген әйелі мен 7 жасар қызы куәгер бола алады екен.

- Полицейлер мені өз көліктеріне күштеп отырғызып, бөлімшеге алып барды. Ол жерде мені ұрып, бетіме ешкім танымас үшін одеяло жауып, қайтадан көлікке отырғызды да, ауылдың шетіне шығарып, қайтадан ұрды, - дейді Виталий Донец.

Оның сөзінше, кейін полиция қызметкерлері оны Әулиекөл орталық аудандық ауруханасына апарып, алкоголь ішкенін анықтау үшін медициналық куәландырудан өткізеді: Содан кейін уақытша қамау абақтысына апарады. Былтыр маусымның 30-ы күні Әулиекөл аудандық соты Виталий Донецті «билік өкілдеріне қарсылық көрсеткені үшін» айыппұл төлеуге міндеттеді.

Виталий Донецтің айтуынша, ұрып-соғудың нәтижесінде сол жақ иығы мен жоғарғы иін жүйкелері қабынған. Сол қолы қозғалтпаған соң ол медициналық көмекке жүгінген. Бірақ Донецтің полиция қызметкерлерінен таяқ жегеніне құқық қорғау мекемелері сенбейді.

Қостанай облысының жеке қауіпсіздік басқармасы оның шағымын негізсіз деп тауып, қылмыстық істі жауып тастады. Қостанай ішкі істер департаменті Азаттыққа жазған хатында облыстық прокуратураның шешімдерін құптап, Виталий Донец шағымы бойынша қылмыстық істі тоқтатуды мақұлдағанын айтады.

АЛЕКСАНДР АЛЬБРАНДТ

Өткен жылдың тамыз айында осы ауылдың тұрғыны Александр Альбрандтты азаматтық киім киген екі полиция қызметкері тоқтатады.

- Полиция қызметкерлері қоғамдық орында масаң күйде жүргендіктен сені ұстаймыз десті. Бұдан кейін мені полицияның жергілікті бөлімшесінің кабинетіне әкеліп, ұрып-соға бастады, - дейді Александр Альбрандт.

Оның айтуынша, соққының кесірінен басы мен кеудесі зақымданған. Александр Альбрандт адам құқығы жөніндегі Қазақстандағы бюроға «уақытша қамау изоляторында» оянғанын айтты.

- Мені кезекшіге өткізді. Күзетші полицейлерге «қалтасы томпайып тұр, тексеру керек» деді. Полиция қызметкерлері мені қорлау үшін шабыма тезек салып қойыпты, - дейді Александр Альбрандт.

Өзінің айтуынша, ол прокурормен кездестіруді сұраған. Прокурорға ол өзіне полицейлер зорлық-зомбылық көрсеткенін айтып шағымданбақ болады. Бірақ оған рұқсат бермейді.

Адам құқы жөніндегі бюроның қостанайлық филиалы Азаттыққа 2014 жылдың 25-тамызы күні Александр Альбрандтты сотқа апарғанын, сол жерде оған «сырадан босаған ыдыспен көліктің әйнегін сындырған» деген айып тағылғанын айтты. Александр айыпты мойындамайды, бірақ қамаудан шығу үшін шығынды өтеуге келіседі.

Адам құқы бюросының қызметкерлері атап өткендей, өткен жылы тамыздың 29-ы күні Қостанайда жасалған сот-медициналық сараптама Альбрандтың «оң жақ құлақ қалқаны, беті, кеудесі мен сол жақ жамбасы қанталағанын және төбесі пен сол жақ тізе буынында жаралар бар екенін» растаған.

Александр Альбрандттың шағымы бойынша істі бірнеше рет тоқтатқан, кейін оны қорғаушының арызы мен прокуратураның қаулысынан соң қайтадан ашқан. Қостанай облысының ішкі істер департаменті Азаттыққа хабарлағандай, ықтимал азаптау туралы іс мемлекеттік қызмет ісі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі агенттікке тапсырылған.

БОЛАШАҚ ШАҒЫМДАР

Қостанай облысының Құсмұрын ауылындағы жапа шеккен азаматтардың қорғаушысы Снежана Ким Виталий Донец ісі бойынша арыз дайындап отыр. Оның екінші клиенті – Александр Альбранд ісі жайлы әзірге еш дерек жоқ.

Азаттыққа адам құқы жөніндегі қазақстандық бюроның қостанайлық филиалының директоры Анастасия Миллер қылмыстық-процессуалдық кодекс бойынша істі айыпталушы мекеменің қызметкерлері тергей алмайтынын айтты. Сондықтан оны басқа мекемеге берген. Заңгерлер Виталий Донецтің ісі бойынша да осылай арызданған, бірақ нәтиже болмаған.

Анастасия Миллер Қазақстанда азаптауға қатысты шағымданушының сөзін дәлелдеудің өте қиын екенін ескертеді.

- Қоғам назарын аудармай қылмыстық жауапкершілікке тарту еш мүмкін емес. Құрбандық өлсе ғана ғана істі қарайды. Бізге түскен шағымдардың ішінде жауапқа тарту пайызы өте төмен. Тек адам қазасы болған жағдайда немесе құрбандық еркіндікте жүргенде ғана істі қарайды, - дейді Анастасия Миллер.

Құқық қорғаушы азаптау құрбандары белсенді азаматтық позиция ұстанып, құқық қорғаушылар мен қоғамдық жариялаудың арқасында полицияларды күш көрсеткені үшін жазалаған сирек жағдайларды еске салып отыр. Қостанай қаласының тұрғыны Александр Герасимов пен Қостанай облысының Рудный қаласының тұрғыны Расим Байрамовтың полицияның күш қолданғаны жайлы шағымдары осылай қаралды.

Олардың шағымын қараған БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті айыпты полиция қызметкерлерін жазалауды талап етті. Өткен жылы БҰҰ Қазақстандағы азаптау және басқа да қатыгез қарым-қатынастардың жазасыз қалатынына алаңдаушылық танытты.

Орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG