Accessibility links

Владимир Козловты аттестациядан «өткізбеді»


Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың бостандықта жүрген кезі.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың бостандықта жүрген кезі.

Түрменің тігін колледжі берген жағымды мінездемеге қарамастан, оппозициялық саясаткер Владимир Козлов аттестациядан өтпей қалды. Енді ол түрмедегі жеңілдетілген режимге ауыса алмайды.

Түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың жұбайы Әлия Тұрысбекова Facebook желісінде түрме әкімшілігі күйеуіне теріс мінездеме бергенін хабарлады.

Әлия Тұрысбекова «Владимир Козлов телефон соқты. Ол бүгін сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін бағалайтын комиссиядан өткенін хабарлады. Әлгі комиссия Володяға бірінші дәрежелі теріс мінездеме біріпті. Коллеждің жағымды мінездемесі мен мақтау қағазы адыра қалып, әкімшілік теріс мінездеме жазып тастаған» деп жазды.

Әлия Тұрысбекова «енді ол бірінші дәрежелі теріс мінездемемен қоныс-колония түгілі, сол колонияның өзіндегі жеңілдетілген режимге де ауыса алмайды» деп жазады.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова түрме жанында тұр. Алматы облысы Заречный кенті, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова түрме жанында тұр. Алматы облысы Заречный кенті, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Бұдан ертеректе Тұрысбекова күйеуінің тігіншілікті үйреніп жүргенін әрі түрме колледжі жуырда оны мақтау қағазымен марапаттап, жағымды мінездеме бергенін хабарлаған. Әлия Тұрысбекова «Оларға қазақ, ағылшын тілдерін, Қазақстан тарихын және тігіншілік кәсіпті оқытады екен. Көктемде бітіріп, диплом алады» деп жазған.

Оның жазуынша, түрмеде Козловтың бастамасымен мәдени-ағарту орталығы ашылған, ол музыкамен шұғылданып, коллежде оқиды.

Әдетте тұтқынның мұндай үлгілі тәртібіне өзге де ресми критерийлер қосылып, тұтқынды жеңілдетілген режимге ауыстыруға немесе тіпті мерзімінен бұрын шартты жазамен босатуға негіз болуы тиіс. Владимир Козлов та соған тырысып жүр. Мысалы, 2006 жылы «жеке басына қатысты кек алу мақсатымен» оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп танылған Ержан Өтембаев жуырда мерзімінен бұрын шартты жазамен осындай себеппен босатылған.

Түрме мекемесінің аттестаттау комиссиясының ұйғарымы бойынша тұтқын Владимир Козловқа бірінші дәрежелі теріс мінездеме берілгенін Азаттық тілшісіне Алматы қаласы және Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ернат Ақылжанов та растады.

- Өйткені түрме тәртібін бұзғаны үшін тұтқын Козловтың әлі өтелмеген сөгісі бар, - дейді полковник Ақылжанов.

Оның айтуынша, бірінші дәрежелі теріс мінездеме сотталғандарға берілетін үш дәрежелі теріс мінездеменің ішіндегі ең жеңілі болып саналады. Заң тілінде бірінші дәрежелі теріс мінездеме - тұтқын түрме тәртібін бұзушы, ал екінші дәрежелі теріс мінездеме – үнемі тәртіп бұзушы, ал үшінші дәреже қасақана жиі тәртіп бұзушы дегенді білдіреді.

Бірақ полковник Ақылжановтың айтуынша, енді тұтқын Козловтың үш дәрежеден тұратын жағымды мінездемелерді алуға тырысып көруіне болады. Бұл үшін Козлов әуелі үлгілі тәртібімен танылып, жарты жыл бұрын, яғни шілденің 16-сы күні алған сөгісі қаңтардың 16-сы күні жойылатындай әрекет жасауы тиіс. Осыдан соң үлгілі тәртібімен көзге түссе, үш айдан кейін оған бірінші дәрежелі жағымды мінездеме берілуі мүмкін.

Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан түрме. Алматы облысы Заречный кенті, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан түрме. Алматы облысы Заречный кенті, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Полковник Ақылжановтың айтуынша, әлгі сөгіске қатысты сотқа жүгінгенімен, Козловтың түрме колледжі басшылығынан алған мақтау қағазы мен жағымды мінездемесі сөгісті алып тастауға ықпал ете алмайды.

Былтыр күзде тұтқындағы оппозиционердің жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы өтініші «әлі алынбаған сөгісі бар» деген уәжбен орындалмаған болатын. Козлов бұл сөгістен хабары жоғын мәлімдеп, сотқа шағымданған. Бірақ одан нәтиже шықпаған.

«Жаңаөзен оқиғаларына қатысы бар» деген айыппен 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған, тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов жаза мерзімін Алматы облысы Заречный кентіндегі колонияда өтеп жатыр. Кейбір қазақстандық құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG