Accessibility links

Владимир Козлов «түрмеде азаптады» деген ақпараттарды жоққа шығарды


Тіркелмеген "Алға" партиясы кеңсесінің алдында ілінген баннер. Солдан оңға қарай: "Алға" партиясының тұтқындағы жетекшісі Владимир Козлов, қоғамдық белсенділер Серік Сапарғали мен Айжангүл Әмірова. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.

Тіркелмеген "Алға" партиясы кеңсесінің алдында ілінген баннер. Солдан оңға қарай: "Алға" партиясының тұтқындағы жетекшісі Владимир Козлов, қоғамдық белсенділер Серік Сапарғали мен Айжангүл Әмірова. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.

Тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали Ақтау қаласындағы түрмеде отыр. Владимир Козлов тергеу орындарында өзінің кінәсін дәлелдейтін тура айғақтар жоқ екенін айтады.


Қазақстан адам құқықтары жөніндегі бюросының сайты «Мамырдың 29-ы күні Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері, бюроның облыстық филиалының қызметкерлері Александр Муха мен Павел Дудин Ақтау қаласының оқшаулау орнында (СИЗО) отырған «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловпен кездесті» деп хабарлады.

«БІЗ ДЕ КӨРДІК, ЖАҒДАЙЫ ЖАМАН ЕМЕС»

Маусымның 1-і күні қазақстандық адам құқықтары бюросы Маңғыстау облыстық филиалының өкілі Александр Муха Азаттық радиосына Ақтау абақтысында отырған «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловпен, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғалимен кездескені жөнінде хабарлады. Оппозициялық саясаткер Козлов жағдайының қалыпты екенін айтқан.

Құқық қорғаушы Александр Муха Владимир Козловтың жағдайына байланысты тергеу абақтысына наразылығы жоқ екенін айтты.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов полицеймен сөйлесіп тұр. Ақтау, орталық алаң, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов полицеймен сөйлесіп тұр. Ақтау, орталық алаң, 21 желтоқсан 2011 жыл.


- Козловты азаптады деген ақпараттар пайда болған еді ғой. Владимир Козловтың өзі бұл сөздерді теріске шығарды. Өзінің жағдайының жаман емес екенін айтты. Біз де көрдік, жағдайы жаман емес, - дейді ол.

Құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, Владимир Козловтың СИЗО қызметкерлеріне қоятын шағымы жоқ, барлық шағым-талабы ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) тергеу қызметіне арналған.

Мамырдың 1-і күні Азаттық тілшісі Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбековамен хабарласқан еді. Ол да Владимир Козловтың Ақтау абақтысында жатқанын айтып, «жағдайы тұрақты» деп хабарлады.

- Бірақ мен онымен әлі кездескен жоқпын, - дейді Әлия Тұрысбекова.

Владимир Козлов кездесуге барған құқық қорғаушыларға «әлеуметтік араздық қоздыру» бабы бойынша қамалған қоғамдық белсенді Серік Сапарғалидің көршілес камерада екенін айтып:

- Серікті көріп тұрамын, қарсы камерада отыр. Оның да жағдайы қалыпты, - деген.

«ЗАҢСЫЗ ҚАМАЛЫП ОТЫРМЫН»

Қазақстан адам құқықтары жөніндегі бюросының сайты Владимир Козловтың құқық қорғаушылармен кездескен кезіндегі айтқан сөздерінен үзінділер жариялады.

«Мен заңсыз қамалып отырмын. Іс бойынша шамамен жүз онға жуық том жинапты. Шамамен, 1200-1300-дей куәгерден жауап алынбақ. Олар куәгерлерді «отыз жетінші» және біздің іс бойынша біріктіріп жіберіпті. Яғни екі іс бойынша бірдей куәгерлер өтеді. Біздің кінәмізді дәлелдейтін нақты айғақтар мүлде жоқ. Мен «Әлеуметтік алауыздықты қоздыру» бабымен кезінде, Соколованы қамауға алған тұста-ақ (біз оған көмектескенбіз) танысып шыққанмын. Жалпы, әлеуметтік араздық дегеннің не екені, оны қалай қоздыруға болатыны заң жүзінде ешбір жерде жазылмаған. Өз басым таппадым. Бұл баптарға түсініктемелерді де қарап шықтым. 164-бап конституцияның 20-бабын жүзеге асыруға тыйым салады» дейді Владимир Козлов.

Ақтаудағы уақтыша қамау абақтысының кезекшісі Азаттық тілшісіне саясаткерлердің мамырдың 24-і күні әкелінгенін айтты. Олардан бұған дейін ешқандай шағым түспеген.
Оппозициялық белсенді Серік Сапарғали. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Оппозициялық белсенді Серік Сапарғали. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.


Тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали, қоғамдық белсенді Айжангүл Әмірова «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен 2012 жылы қаңтар айында тұтқындалды.

Қазақстан қылмыстық кодексінің 164-бабы бойынша барлығы 20 адам айыпталған. Олардың ішінде театр режиссері Болат Атабаев, «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай да бар.

Құқық қорғаушы ұйымдардың пікірінше, қазақстандық оппозиционерлер саяси астармен қамауға алынған. Мамырдың 31-і - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда өткен митингке қатысушылар Қазақстан билігін саяси оппозиция өкілдерін қылмыстық тұрғыдан қудалауды тоқтатып, қамауға алынған оппозиционерлер мен азаматтық белсенділерді босатуға шақырды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG