Accessibility links

Әйелі Козловты жақын түрмеге ауыстырта алмады


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловты тұрғылықты жері – Алматы облысындағы колонияға ауыстыруға негіз жоқ деп хабарланды. 7,5 жылға сотталған ол Солтүстік Қазақстан облысында жаза өтеп жатыр.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекованың хабарлауынша, Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «Козловтың ЕС 164/3 колониясында жазасын өтуіне еш кедергі жоқ, сондықтан сіздің оны тұрғылықты жері бойынша ауыстыру туралы өтінішіңіз қанағаттандырылмайды» деген жауап алған.

«Ауыстыруға негіз «жоқ» дейді, ал Владимирді басынан-ақ заңсыз Солтүстік Қазақстан облысына жібергеніне қатысты түсініктеме бермейді» деп жазған Әлия Тұрысбекова қазанның 7-сі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал Әлия Тұрысбекованың парақшасында ілінген комитеттен келген ресми жауаптың көшірмесінде «Қазақстанның қылмыстық-атқару кодексінің 76-бабының негізінде сотталушы барлық жаза мерзімін бір мекемеде ғана өтеуі тиіс. Ал бір колониядан екіншісіне көшіруге, сотталушының сырқаттануы немесе оның жеке бас қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда, өзге де ерекше жағдайда рұқсат» деп жазылған.
Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбековаға Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесінің комитетінен келген ресми жауап. Сурет Тұрысбекованың Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбековаға Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесінің комитетінен келген ресми жауап. Сурет Тұрысбекованың Фейсбуктегі парақшасынан алынды.


«Яғни, аяғым ауыр кезде қыста Көкшетаудан автокөлікпен Солтүстік Қазақстан облысына жол шегу қиындығы себеп емес пе? Мүмкін олар шынымен де бірдеңе болғанын қалайтын шығар, сондықтан осылай істеп отырған болар? Басқа түсінік жоқ» дейді Әлия Facebook-те.

Азаттық тілшісі қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне хабарласқанымен комментарий алу мүмкін болмады.

«АЛМАТЫДАН АЛЫСТАТУ»

Владимир Козловпен соңғы уақытта хат жазысқан адамдардың бірі, саясаткер Әміржан Қосанов оны тұрғылықты жеріне жақын колонияға ауыстырмау заңбұзушылық деп санайды.

- Қазақстан заңнамасында тұтқын тұрғылықты жерінде жазасын өтеу керек. Козловты ауыстырмаудың астары түсінікті, саяси астар. Алматы – саясиланған қала, көптеген ақпарат құралдары, шетелдік миссиялар бар, қоғамдық ұйымдар бар. Билік Козловқа деген қызығушылық арта түседі, онымен қарым-қатынас жиілеп кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал Козловтың артында Жаңаөзен мәселесі тұр. Билік Жаңаөзен тақырыбын жылы жауып қойғысы келеді. Сондықтан билік Козловты сонау шалғайда ұстауға мүдделі, - дейді саясаткер.

Қазақстанның қылмыстық-атқару кодексінің 68-бабында «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазаны қамалғанға дейiн өздерi тұрған немесе өздерi сотталған облыстың Қазақстан Республикасының түзеу мекемелерiнде өтейдi» деп көрсетілген.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, заң бола тұрып, оны орындамау – Козловтың ісінің саяси іс екенін дәлелдей түседі деп ойлайды.
Саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.


- Бұл – нақақтан кінәсіз қамалған адамның жағдайын одан әрі ауырлатудың амалы. Ол қазір 50-ден асты, денсаулығы мәз емес, бұрыннан сырқаттары бар еді, олар асқынды, қамауда отырып өзін күтуге еш мүмкіндік жоқ. Медициналық көмекті де жетістіріп көрсетіп жатқан жоқ. Осылайша заң бойынша тиесілі жайттарды жасамай жатыр ғой. Мұның барлығы Володяның қылмыскер емес, таза саяси тұтқын екенін дәлелдеп отыр, - дейді саясаткер.

Владимир Козлов отырған бір жылдың ішінде оның жақтастары бірнеше рет хат алысқандарын айтады. Әміржан Қосанов, Козловтан алған жауаптарын негіз етіп, «сағы сынбағаны байқалады» деп сипаттайды. Ал Жасарал Қуанышәлин, өзінің жіберген екі хатына бірнеше айдан кейін ғана жауап алған.

2012 жылғы қазанның 8-і күні Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты 7,5 жылға соттап, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған болатын. Жаңаөзен оқиғасынан соң қамауға алынған оған «әлеуметтік араздықты қоздырды», «конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған еді. 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушылар құрған «Тірек» альянсы оны «саяси тұтқындар» тізіміне қосты. Алайда билік өкілдері «Козлов ісінде» ешқандай саяси астар жоқ деп мәлімдеп келеді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG