Accessibility links

Владимир Козлов айып изоляторына ауыстырылды


Владимир Козлов, қамаудағы оппозициялық саясаткер

Владимир Козлов, қамаудағы оппозициялық саясаткер

Қазақстан ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Азаттыққа Заречный түрмесінде жатқан Владимир Козловтың аштық жариялағаны туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметінің басшысы полковник Ғалымжан Хасенов шілденің 20-сы күні Азаттыққа Алматы облысының Заречный ауылындағы ЛА-155/14 түрмесінде жатқан Владимир Козловтың бүгіннен бастап аштық жариялағаны туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.

Таңертең Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова өзінің Facebook парақшасына: «Бүгін 2015 жылғы шілденің 20-сы күні Владимир Козлов аштық жариялады» деп жазды. Бірақ Алматы уақыты бойынша жұмыс күнінің соңында полковник Ғалымжан Хасенов Азаттыққа Козловтың аштық жариялағанынан еш хабарсыз екенін айтты.

"Ресми БАҚ-тар оның аштық жариялағаны туралы ештеңе жазбады. Қызметтік баяндамалар да түспеді. Ал барлық әлеуметтік желілерге шолу жасауға менің шамам жетпейді" деді ҚАЖК баспасөз қызметінің басшысы.

Қызметтік баяндамалар да түспеді. Ал барлық әлеуметтік желілерге шолу жасауға менің шамам жетпейді

Алматы және Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің департаментінің өкілі Азаттық тілшісіне тәрбие жұмысы жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ернат Ақылжановқа хабарласуға кеңес берді. Бірақ онымен де, түрме басшысы, Азаттық оқырмандарына бұрынғы жазбалар бойынша таныс полковник Әбілғазы Идиловпен де байланысу мүмкін болмады.

Бұрын Әлия Тұрысбекова шілденің 17-сінен бастап Владимир Козлов айып изоляторында (ШИЗО), яғни түрме ішіндегі түрме – карцерде отыр деп мәлімдеген еді.

«Ауасы тар айып изоляторында жата алмайсың – тек тұруға немесе еденге отыруға болады. Ал Владимир енді ғана медбикелік-санитарлық бөлімнен шықты, оған ұзақ уақыт тік тұруға тыйым салған... Қан тамырларының кеңеюі түрлі қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін, тіпті ауруды асқындырса, аяғынан айрылуы да ғажап емес» деп жазған Әлия Тұрысбекова АИ ішіндегі жағдай туралы.

Ауасы тар айып изоляторында жата алмайсың – тек тұруға немесе еденге отыруға болады. Ал Владимир енді ғана медбикелік-санитарлық бөлімнен шықты, оған ұзақ уақыт тік тұруға тыйым салған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен ҚАЖК баспасөз қызметінің басшысы Ғалымжан Хасенов Козловтың изоляторда отыру себебін "түрме әкімшілігіне қоқан-лоқы көрсеткені үшін" деп түсіндірді.

Владимир Козловтың туысқандары мен жақтастары тағы бір жазалаудың кесірінен ол жеңілдетілген қамау орнына ауыса алмай қалады деп қорқады. Жеңілдетілген жағдайда тұтқынның отбасымен көрісу және сәлемдеме алу уақыты көбейер еді. Бірақ қазіргі жағдайда мерзімнің жартысын өтеген соң шартты түрде жедел босатылу мүмкіндігі де қолдан шығып бара жатқандай.

Осы жылдың қаңтарында түрме комиссиясы Козловқа бірінші теріс мінез-құлық деңгейін берді, солайша ол колонияға және жеңілдетілген қамау орнына ауысу мүмкіндігінен айырылды.

«Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік алауыздық туғызды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Кейбір қазақстандық құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын санайды. Оны босатуға шақырғандар қатарында бірқатар халықаралық ұйымдар мен Еуропарламент депутаттары бар.

Аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG