Accessibility links

Прокурор Козловты тоғыз жылға соттауды сұрады


Екінші қатарда солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.

Екінші қатарда солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.

Ақтауда өтіп жатқан Козлов, Сапарғали және Әминов ісі бойынша сотта жарыссөз басталды.

Жарыссөзге Астанаға жол жүруіне байланысты тек Ақжанат Әминовтің адвокаты Ардақ Батиева ғана қатыса алмады.

Жарыссөзде ең бірінші болып мемлекеттік айыптаушыларға сөз берілді.

"МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖЕТІСТІГІН КӨРЕ АЛМАЙТЫН" "ТОП"

Айыпталушыларға қандай айып тағылғанын ұзақ тізбелеп шыққан прокурор сөзінің басында «Қазақстанның 20 жылда жеткен жетістігіне» тоқталып, «елбасының қиындықты табандылықпен еңсергенін» айтып өтті.

Прокурор «Мұхтар Әблязов құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың» мемлекет іргесін шайқалтуды мақсат тұтқанын, осы «зымиян пиғылын жүзеге асыру үшін» қарапайым мұнайшыларды пайдаланғанын атап өтті.

Айыпталушы Серік Сапарғали және Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз, 2012 жыл. Көрнекі сурет

Айыпталушы Серік Сапарғали және Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз, 2012 жыл. Көрнекі сурет

– ...Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті алаңда бүлік ұйымдастырып, мұнайшыларды еш себепсіз ұстап тұру арқылы мемлекеттің іргесін шайқалтуға бағытталды..., - деді прокурор сотта.

Сотта бұған қоса, «2010 жылы Козловтың Жаңаөзенге сапары», "Владимир Козлов, Болат Атабаев және Әлия Тұрысбекова (Козловтың әйелі - ред.) арасындағы әңгіме" сияқты аудио-видео жазбалар сәт сайын көрсетіліп отырды.

Прокурор «Козловтың Әблязов бұйрықтарын» орындағанын, ал Әминов, Сақтағанов, т.б. өзге азаматтарға Козловтың өзі тапсырма беріп отырғанын үнемі қайталап, шегелеп айтып отырды.

Ол Жанболат Мамай мен Болат Атабаевтың істеген әрекеттеріне өкінетінін, қылмыстық кодекстің 65-ші бабы бойынша босап шыққанын да жеткізді.

- ...Сот тергеуі кезінде Козлов өзіне тағылған айыптарды мойындамай, мұны өзінің саяси әрекетін қуғындау деп бағалады. Бұған қоса, ол Жаңаөзенге барғанын, мұнайшылардың Еуропаға сапарын қаржыландырғанын, үнпарақтар мен газеттерді таратқанын жоққа шығармады. Айыпталушы Сапарғали өзіне тағылған айыптардың бір бөлігін мойындады. Процесс барысында сот пен халықтан кешірім сұрады. Айыпталушы Әминов кінәсін толық мойындап, өзінің әрекеттеріне өкінетінін білдірді, - деді прокурор сотта.

"ҚЫЛМЫС" ПЕН "ЖАЗА"

Сөзін аяқтаған прокурор Серік Сапарғалиды 164-бап бойынша кінәсіз деп тауып, тек 170-бап бойынша кінәлі деп тауып, оны төрт жылға соттауды сұрады.

Төрт баласы бар Ақжанат Әминовтің денсаулығы нашар екенін ескеріп, оны кәмпескелемей бес жылға соттауды сұрады.

Сот барысында Владимир Козловқа тағылған айыптар толық дәлелденгенін айтқан прокурор оған тоғыз жыл жаза тағайындауын өтінді.

- ...Айыпталушы Козловқа - 235-ші бап бойынша – 7 жыл, 164-ші бап бойынша – 9 жыл, 170-ші бап бойынша – 6 жыл, жалпы қосқанда 9 жыл беруді сұраймыз. Мүлкін кәмпескелеп, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтегенін сұраймыз, - деді прокурор сотта.

Тамыз айында басталған сот процесінде істері қаралып жатқан тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовқа «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG