Accessibility links

Козлов соттан өзін ақтауды сұрады


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Ақтау, 13 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Twitter-ден алынды.

Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Ақтау, 13 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Twitter-ден алынды.

Айыпталушы Владимир Козлов жарыссөздегі сөзін сейсенбі күні бастап, бейсенбі күні кешке қарай аяқтады.

Владимир Козлов бейсенбі күні де айыптау қорытындысында жазылған жайттарды жоққа шығаруға тырысты.

Ол Жаңаөзендегі еңбек дауын ушықтыруға мүдделі болмағанын, тек ондағы мәселеге көптің назарын аудартуды мақсат тұтқанын айтты.

КОЗЛОВ ПЕН ЖАҢАӨЗЕН

Оның айтуынша, алғашында «мұнайшылардың өздері ақпараттық көмек сұрап хабарласқан» және «бұған Наталья Әжіғалиева мен Естай Қарашаевтың куәліктерінен дәлелдер табылады».

Козловтың айтуынша, «Алға» партиясы Жаңаөзенге бармай тұрған кездің өзінде-ақ аймақта қарсылық көңіл-күй болған.

- «Нұр Отан» партиясының қимылсыз қол қусырып отырғанына түңілген мұнайшылар болғаны туралы куәліктер бар. Мұнайшылардың полиция мен прокуратура қызметкерлеріне сенбеуіне негіз болғаны туралы ақпарат бар. Оны өздері мәлімдеген, - деді Козлов сотта.

Ол Жаңаөзендегі оқиғаға дейін «белгісіз адамдардың өзін арандатпақ ниеті болғанын» да айтып өтті.

- «Мұны сіздер шешуге тиіссіздер, бұл сіздердің мәселелеріңіз. Біз тек көмектесуіміз керек». Бұл "Жаңаөзеннен хабарласқан" бейтаныс адаммен арада болған әңгімедегі айтқан сөзім. Әңгіме соңына қарай мен күдіктене бастадым. Себебі оның айтқандары Жаңаөзенге қатысты ұстанымыма қайшы болатын. Қазір мұның арандату болғаны белгілі болып отыр. Сондықтан мен әңгімені үздім, - деді Козлов сотта.

Ол "Жаңаөзендегі оқиғаның болуына кінәлі еместігін дәлелдейтін" тағы да бір жайтты мысал ретінде келтірді.

- Жаңаөзендегі оқиғаны естігеннен кейін айтқан сөзім бар еді. Ол жаққа баруымыз қажет екенін білсек те, сол кезде оларға қалай көмектесе алатынымызды елестете алған жоқпыз. «Ойлану керек. Ал бардық делік, сонда ол жаққа өзімізді көрсету үшін барамыз ба? Айжан, қалай көмектесе аламыз? Қалай ойлайсыз?» деп сұрадым. Бұл Жаңаөзендегі оқиғаның аяқасты болған трагедия екенін, біздің оны ұйымдастырмағанымызды көрсетеді, - деді Козлов сотта.

АЙҒАҚТАРДЫҢ "СҰРЫПТАЛУЫ"

Владимир Козлов іс материалдарында «айыптау тарабының мүддесіне қайшы келгендіктен қолданылмай қалған» деректер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, «тергеу шындықты анықтауға емес, алдына қойған міндетті орындауға бағытталған».

- Айыптау қорытындысында көрсетілмей қалған тағы бір заттай дерек бар. Бұл Сизов, Кетебаев, Әблязовтың 2012 жылдың маусым айындағы әңгімесі... Тергеу орындары менің кінәлі екенімді "дәлелдеу" үшін мыңдаған материалдардың ішінен тек бірнеше ғана деректерді ғана қолданған. Саясаткер ретіндегі он жылдық жұмысымда ешқандай қылмыс жоқ. Әрине, оппозициялық әрекетті қылмыс деп санамасақ, - деді Козлов сотта.

Ол айыптау тарабы «анықтаған» «Мұхтар Әблязовтың ұйымдасқан қылмыстық тобы» мүлде жоқ екенін айтып өтті.

Бейсенбі күні кешке қарай сөзін түйіндей келе ол тағылған айыптардың саяси астары бар екенін айтып, соттан өзін ақтауды сұрады.

- Осы іс төңірегінде белгілі бір қоғамдық пікір қалыптастыру үшін тергеу орындарының «адамзатқа қарсы қылмыс жасады» деген айыпты әдейі қолданғанын айтқам. Бұл айып, сонымен бірге 164-бап саяси жүйенің саяси атавизмі. Бұл бап советтік қылмыстық кодекстегі нұсқасынан айнымаған қалпында бүгінге жеткен, - деді Козлов сотта.

Дүйсенбі күні басталған жарыссөзде бірінші болып сөйлеген прокурор Козловтың "кінәсі толық дәлелденгенін" айтып, оған 9 жыл, Ақжанат Әминовке 5 жыл, Серік Сапарғалиға 4 жыл жаза тағайындауды өтінген еді.

"ЖАҢАӨЗЕН АКТІСІ"

Қазақстандағы бір топ қоғам белсенділері «Магнитский тізімі» үлгісі негізінде «Жаңаөзен тізімін» құрастырып шығып, өткен апта соңында оны Еуропарламентке тапсырған. Ондағы «қара тізімде» есеп комитетінің төрағасы Аслан Мусин, Қазақстан президентің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев, бас прокурор Асхат Дауылбаев, жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров, вице-премьер Қырымбек Көшербаев, т.б. шенеуніктер бар.

«Еуродақ «Магнитский актісі» сияқты «Жаңаөзен актісін» де қабылдаса, Назарбаев репрессиясын жалғастыруға батылы бармас еді» деп жазылған қоғам белсенділерінің ашық хатында.

Қатарында Игорь Винявский мен Ирина Петрушова бар қоғам белсенділерінің бұл өтінішіне Еуропа саясаткерлерінен жауап келмеген.

«Магнитский тізімі» - ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің өліміне қатысы бар ресейлік шенеуніктердің АҚШ-қа баруына тыйым салатын қарар. Қазіргі кезде «қара тізімге» 60 фамилия енген.

Тамыз айында басталған сот процесінде істері қаралып жатқан тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовке «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG