Accessibility links

«Кришна санасы» қоғамы жер телімін таңдайды, "бар" деген жерге бармайды


«Кришна санасы» қоғамының фермасы. 27 қазан, 2008 жыл.
«Кришна санасы» қоғамының фермасы. 27 қазан, 2008 жыл.

Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Мұқанов Қарасай ауданы, Елтай округіндегі «Кришна санасы» қоғамын тұрған орнынан әкімшілік бөлген жерге 1 наурызға дейін көшуді талап етіп отыр.Олай болмаған жағдайда сот ісінің қайта басталатынын ескерткен. Ал діни бірлестік өкілдері қоқыс төгілген жерге бармаймыз дейді.

«Кришна санасы» қоғамы мен Алматы облысының әкімшілігі арасында болған ауызша келісімге сәйкес, діни бірлестік өкілдері осы жылдың мамыр айына дейін өздеріне лайықты жер телімін тауып, көшуі тиіс екен. Әкімшіліктің мұндай шешімін күтпеген қоғам өкілдері 1 наурызға дейін лайықты жер телімін тапса да, оған жергілікті билік өкілдерінің келіспейтініне сенімді. «Кришна санасы» қоғамының төрайымы Галина Голоуз билік аталмыш діни бірлестікті жою үшін барлық амалдарды қарастыруда дейді.

- Ақпан айында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов президент аппаратына барып келгеннен кейін бізге келді. Ол өзіне мәселені шешу үшін 20 күн бергенін айтып, 1 наурызға дейін қоқыс төгілген жердің құжатын рәсімдеуімізді немесе басқа жер іздеуіміз керектігін айтты.

Естеріңізде болса, өткен жылы «Кришна санасы» қоғамына, қазір қоныстанып отырған жерінің орнына жергілікті билік Іле ауданынан жер телімін ұсынған болатын. Қоғам өкілдері «ұсынылған жер ескі бейіттің орны мен қоқыс төгетін жер болғандықтан, ол жерлер игеруге жарамсыз» деп аталмыш ұсыныстан бас тартқан еді. Қоғам өкілдері билік осы жер телімін ауыстырып беру туралы өтінішімізге де құлақ асқан жоқ деп отыр.

- Біздің алғашқы әңгімемізде билік табылған жер телімінің иесімен келісуге немесе бізге ұсынып отырған жер телімімен ауыстыруға көмектесетінін айтты. Біз 3 жер телімін таптық. Бірақ олар әр түрлі себептер айтып, жалтарды. Қысқаша айтқанда, олар біздің қоқыс төгілген жерге қоныстануымызды қалайды. Ол жер тек өнеркәсіп ошақтарын салуға ғана жарайды. Ол жерлерді тегістеп,тазалау үшін көп қаржы керек. Ал бізде ондай қаржы жоқ. Одан басқа жер телімін ұсынбайды. Әкімшілік мәселені шешкісі келмейді, олар тек біздің қоғамымызды жойғысы келеді, – дейді Галина Голоуз.

Біз бұл турасында әкімшіліктен түсініктеме сұраған едік. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов әкімшілік түрлі қиындықтарға қарамастан, аталмыш діни бірлестікке бір емес, бірнеше мәрте аудандардан жер телімдерін ұсынғандықтарын айтады. Алайда діни бірлестік олардың бірде біреуін ұнатқан жоқ дейді.

- Оларға Іле ауданында үш жерден, Талғар ауданында екі жерден жер ұсындық. Барып көрді де, бес жердің біреуін де алмаймыз деді. «Жаңа дәуір» ауылының қасында бір жер бар, соны берсеңдер, біз қанағатпыз» деді. Айтқанын жасадық, тек қана сиыр баққанға 3 га-дың орнына 2,5 га жер бердік. Храм тұрғызуға біз 2 га бердік. Елдердің алған жерлерін ығыстырып, басқа жақтан жер беріп, қанша жұмыс жасадық. Мұнан кейін олар «алмаймыз» деп отыр. Неге? «Бізге Үндістанда отырған басшымыз бұл жер жарамайды, магниттік полюс басқа, біздің оқығанымызды құдай қабылдамайды деп айтты. Сондықтан басқа жер керек деді. Онан 10 есе сапасы төмен балшықтарды кептіріп, қазақтар мешіт салып отыр ғой жанында. Қайта-қайта оларға жер іздей беретін менде одан басқа шаруа жоқ па? – дейді Серік Мұқанов.

Серік Мұқанов «Кришна санасы» қоғамының жер телімін ауыстыруға қатысты ұсыныстарын неге қабылдамағанын былайша түсіндіреді.

Алматыдан Талдықорғанға шыға берісте Первомайка деген қала бар. Бұлар сондағы бір кісілердің жерін маған беріңдер дейді. Иелерін тауып сөйлессем, «бізден ешкім сұраған жоқ, бұл жер берілмейді» деп отыр. Ал оның бер жағында ол жерді бере алмайтын себебіміз, Алматыдан Шеңгелдіге дейін 8 қатар автожол жүреді. Жер сол трассаның астында қалмақшы. Бұл бір. Екіншіден, Мәсімов «қаланың маңайындағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы қала адамының жағдайынан кем болмасын, бас жоспар жасағанда ыстық суын да, басқасын да қосатын болыңдар, канализациясын бірге жасайтын болыңдар» деп тапсырма берген болатын. Сол себепті қазір қаланың маңайына ешкімге өз бетімен үй салуға рұқсат берілмейді бас жоспар біткенше. Сол себепті ол жер берілмейді.

Ал "Кришна санасы" қоғамы өкілдері болса, өздерінің жерсіз қалатындығын айтуда.

"1 наурызға дейін әлі уақыт бар ғой. Біз әрине, тағы да жер телімдерін іздестіріп көреміз. Бірақ олар оны ауыстыра қояды деп айту қиын. Егер түк шықпаса, баспасөз жиынын өткіземіз. Билік Конституцияны, «Жер кодексін», «Діни наным - сенім бостандығы» туралы заңдарды бұзып отыр. Алдында олар ешқандай өтемақысыз 47 га жерімізді тартып алды. Ол аздай енді 10 есе төмен бағадағы жерді ұсынып отыр," - дейді Галина Голоуз.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG