Accessibility links

Күлекеев үш жылға бас бостандығынан айрылды, адвокат Мусин соттың үкімімен келіспейді


Жақсыбек Күлекеев сот үкімін тыңдап тұр, Астана, 13 қараша, 2008 ж.
Жақсыбек Күлекеев сот үкімін тыңдап тұр, Астана, 13 қараша, 2008 ж.

Астанада бұрынғы топ-менеджер Жақсыбек Күлекеевке қарсы сот ісі аяқталды. Ол қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айрылды. Ең басты – "100 мың доллар пара алды" деген айып бойынша Күлекеев ақталды. Айыпталушының адвокаты сот шешімiне наразы, ол аппеляциялық шағым түсіреміз деп мәлімдеді.

Астанада соттың бейсенбі күні өткен отырысында судья Нұржан Жолдасбеков Жақсыбек Күлекеевке үш жыл түрме жазасын кесу туралы үкімді жария етті. Сонымен қатар "Қазақстан темір жолының" бұрынғы басшысы пара алды деген айып бойынша толық ақталды, судья Жолдасбеков айыпталушының пара алғанын дәлелдейтін бірде- бір айғақ келтірілген жоқ деп атап көрсетті. Бұл іске қатысты делдал болды деп айыпталған Күлекеевтің жүргізушісі Есенгелді Оспанов та толық ақталып, сот залынан босатылды.
Сарыарқа аудандық сотының судьясы Нұржан Жолдасбеков. Астана, 13 қараша.



Сарыарқа ауданының № 2 аудандық соты Жақсыбек Күлекеевті Қылмыстық кодекстің 307 бабы бойынша айыпты деп тапқандықтан, 3 жылдық түрме жазасын жалпы түзету мекемесінде өтейтіндігі белгілі болды. Судья Күлекеевтің жазасын өтеу мерзімі ол тұтқындалған күн - 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап есептелсін деді. Сот шешімінде Жақсыбек Күлекеевті бес жыл бойына лауазымды қызметке жіберілмесін деген де жолдар бар.

Судья Нұржан Жолдасбеков: "Жеке Лексус автокөлігін ҚТЖ-ға қымбат бағаға өткізді, үйіне күзет орнатты және "ЕД групп" фирмасына тендерді қолдан алып берді" деген айыптар бойынша Күлекеевтің қылмысы дәлелденді. Бұл істер де ауыр қылмысқа жатады, өйткені ол қызмет бабын асыра пайдаланды", -деді. Прокурор Еркін Шәріповтің Күлекеевтің дүние мүлкін тәркілеу арқылы ҚТЖ-ға 348 млн. теңге өтесін деген талабын судья қараусыз қалдырды. Сот залында судья Күлекеевтің тұтқынға алынған барлық дүние мүлкі және банк есеп - шоттарындағы ақшасы босатылсын деген шешім шығарды.
"Егер ҚТЖ-ның басшылары Күлекеев шын мәнінде шығын келтірді деп тапса, онда жеке сотқа шағымдануы керек, бұл іс менің қарауыма жатпайды", -деді судья.
Прокурор Руслан Шәріпов Күлекеев сотында. Астана, 2008 жыл



Судья Жолдасбеков сонымен бірге прокурор Еркін Шәріповтің атына сотқа басты куәлерді жеткізе алмады, өз ісін шала атқарды деп бөлек қаулы шығарғанын да жария етті.
Күлекеевтің қорғаушысы Сәлімжан Мусин. Астана, 13 қараша, 2008 жыл.


Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин судья Нұржан Жолдасбековтің шығарған үкімімен келіспейтіндігін айтып, соттың шешіміне аппеляциялық шағым дайындаймыз деді:
- Ең бастысы сот Күлекеевті "100 мың доллар пара алды" деген айыптан ақтады. Бұл әділетті шешім болды. Бізге қажеті де осы. Ал қалған эпизодтарға келсек, коррупцияға қатысты ешқандай дәлел таппаған соң, амалсыздан қосып отырғандары. Бұл шешім бойынша да қайыра сотқа арызданамыз, - деді Сәлімжан Мусин.
Ал Күлекеевтің өзін сот залынан бірден тұтқындап алып кетті.

Ал Жақсыбек Күлекеевтің туыстары соттың шешіміне қанағаттанбайтындықтарын айтып, судья әділетсіз шешім шығарды деп наразылықтарын сот залында ашық білдірді.
Сот процесіне қатысушылар үкімді тыңдап тұр, 13 қараша, 2008 жыл.


Жақсыбек Күлекеев 1957 жылы 24 шілдеде дүниеге келген. Күлекеев әр жылдарда түрлі жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерде болды: экономика және сауда министрі, білім және ғылым министрі, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметтерін атқарған. 2007 жылдың мамырында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының президенті болып тағайындалған еді.

XS
SM
MD
LG