Accessibility links

Күлекеевтің ісін жүргізген Қаржы полициясының тергеушісі Дамир Урманбетов қашып кеткен


Халықаралық іздеу жарияланған қаржы полициясының майоры Дамир Урманбетов. (сурет ресми сайттан алынды)

Халықаралық іздеу жарияланған қаржы полициясының майоры Дамир Урманбетов. (сурет ресми сайттан алынды)

ҚТЖ ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеевтің ісін жүргізген қаржы полициясының майоры Дамир Урманбетовке халықаралық іздеу жарияланды. Қазақстандық саяси сарапшылар мұны Күлекеевті тордан босату әрекетінің басы деп болжап отыр.


ТЕРГЕУШІНІҢ ӨЗІНЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛҒАН

ҚР экономикалық қылмысқа және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде аса маңызды істер бойынша аға тергеуші болып қызмет еткен майор Дамир Урманбетовке халықаралық іздеу жарияланғандығы туралы ақпаратты қаржы полициясының өзі шығарып отыр. Агенттіктің ресми сайтындағы «іздестіру» бөлімінде майордың суреті басылып, «Дамир Урманбетов ҚР ҚК 177 б., 3 б, «Б» тармағы бойынша қылмыс жасаған деген айыппен іздестірілетіндігі» жазылған.

Қаржы полициясы «алаяқтық» жасаған деген күдікпен іздестіріп жатқан бұл азаматтың бұрын осы органда жұмыс атқарғандығы сайттағы ақпаратта көрсетілмесе де, майордың кезінде аға тергеуші ретінде аса маңызды іс - ҚТЖ ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеевтің ісін жүргізгендігін көпшілік жақсы біледі. Сондай-ақ, Урманбетов сөз болып отырған қылмыстық істе процесуалдық шешімдерді жеке өзі қабылдағандығымен де көпшіліктің есінде қалды.

Енді міне, процес аяқталып, соттың Күлеекеевті 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарғанына жарты жылдың жүзі толмай жатып-ақ аса маңызды істі жүргізген тергеуші Урманбетовтың өзі қашып кеткені белгілі болды. Бұл жағдайға қатысты Күлекеевтің қорғаушысы болған адвокат Сәлімжан Мусин пікірін қысқа қайырды:

«Адамды алдағанымен Алланы алдай алмайсың" дегендей мағынада айтылатын сөз бар ғой. Бұған алып қосарым жоқ».


"УРМАНБЕТОВТЫҢ ҚАШУЫ КҮЛЕКЕЕВТІҢ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫНЫҢ БАСЫ"

Жақсыбек Күлекеев «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» үш жылға бас бостандығынан айрылғанымен, оған тағылған басты айып – «100 мың доллар пара алды» деген оқиға – бойынша ол ақталды. Саясаттанушы Досым Сәтпаев, осы жағдайды ескере отырып, бір өзгерістің болғанын аңғаратындығын айтады:

- Шын мәнінде, бұл өте оғаш жағдай. Өйткені Күлекеевке қарсы істің күлі көпшіліктің көзінше көкке ұшты. Пара алды деген айыптау дәлелденген жоқ. Одан қалды, көпшілік жұрт, оның ішінде сарапшылар мен элита өкілдері де Қүлекеевтің ҚТЖ аясындағы ықпалды топтардың күресінің құрбаны болғанына сенімді. Менің ойымша, осы істі жүргізген адамға халықаралық іздеу жариялануы жалпы осы істі бастаған топқа қарсы жанама соққы болуы мүмкін.

Урманбетовты іздестіру ісімен тиісті органдар айналысып жатқанда, сотталған Күлекеевтің өзі қай қамау мекемесінде отырғандығы белгісіз. Бірақ Досым Сәтпаев ол отырған түрменің қай жерде екені аз уақыттан соң маңызды болмай қалатындығын атап көрсетті.

- Мұнымен қоса, Күлекеев мырзаның өзі белгіленген мерзімнің бәрін темір торда өткізбейтіндігі айтпаса да түсінікті. Тіпті, қазір ол бостандықта жүр десе, мен оған таң қалмас едім. Бұл жердегі әңгіме Қазақстанда оны босатуға барлық мүмкіндік бар. Қүлекеевтің ісі биліктің ғана емес, президент Назарбаевтың жеке репутациясына үлкен соққы болып тигені анық. Өйткені бұл іс элитаралық қақтығыста бұл топтарға ешқандай қатысы жоқ, бірақ әлі де болса өздері жұмыс істеп жатқан билікке адал адамдардың да зардап шеккендігінің айқын көрінісі іспеттес. Яғни, бюрократиялық аппараттың бір бөлігінің, Қүлекеевтің ісінен соң, билікке және президенттің өзіне деген сенімі күрт төмендеп кетті. Ал, Урманбетовтің қашып кетуі Күлекеевті жақын күндері бостандыққа шығару әрекетінің басы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймын, - деді Досым Сәтпаев.

«Кто есть кто в Казахстане» энциклопедиялық анықтама кітабының ауторы әрі құрастырушысы Данияр Әшімбаев болса майор Урманбетовтың қашып кетуі Күлекеевтің ісіне қаншалықты қатысы бар екендегін болжағысы келмейді. Бірақ ол қоғамда үлкен пікірталас туғызған ірі істі жүргізген тергеушінің артында біреу тұрғандығы анық екендігін айтады.

- Қалай дегенмен, мұндай үлкен істерде қатардағы майорлар мен лейтенанттар өз бетімен шешім шығармайды. Күлекеев ұсталған сәтте Астанада жоғарғы басшылар болған жоқ, олар Алматыда олимпиада алауын Бейжіңге жеткізу акциясында жүрді. Әрине, мұндай шешім үшін қаржы полициясының бір бастығынан рұқсат керек. Яғни, менің ойымша, Күлекеев біреудің жолын «кесіп» кеткен сияқты. Ашық түрде Күлекеевтің аяғынан шалғаны көрініп тұрды. Ал оның кім екендігін ҚТЖ-дан кім кетіп, кім келгендігінен аңғаруға болады, - деді қазіргі заманғы Қазақстан билігінің тарихын зерттеуші Данияр Әшімбаев.

Дамир Салморбекұлы Урманбетов 1975 жылы Алматы қаласында туылған. Ұлты – қырғыз. Үйленген, екі баласы бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG