Accessibility links

Қырғызстан 1993 жылы АҚШ үкіметімен арада жасалған ынтымақтастық туралы келісімнің күшін жойды. Біржақты шешімнің салдары қандай болуы мүмкін? Орталық Азия бойынша сарапшы Эрика Маратпен сұхбат.

Қырғызстан мен АҚШ арасында соңғы жағдай аймақта назар аудартқан оқиғалардың біріне айналды. Қырғызстан 1993 жылы 19 мамырда АҚШ үкіметімен арада жасалған ынтымақтастық туралы келісімнің күшін жойды. Осыған қатысты Орталық Азия бойынша сарапшы Эрика Марат Азаттық сауалына жауап берді:

Азаттық: - Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариевтің бұндай шешімі нені білдіреді?

Эрика Марат: - 1993 жылғы келісімнен бас тарту – ойланып жасалған қадамнан көрі эмоционалдық әрекетке ұқсайды. Біріншіден, Қырғызстан АҚШ-тың өзінің ішкі саясатына араласқанын қаламайды. Бұл түсінікті.

Екіншіден, президент Алмазбек Атамбаев және оның аппараты мен үкіметі парламент сайлауына дайындалып жатыр. Әдеттегідей олар өз билігін, ел ішіндегі өз күштерін халықаралық қолдаудың арқасында күшейткісі келеді. Әрине, Атамбаев сырт жақтан саяси, тіпті материалдық көмек алсам дейді.

Азаттық: - Бұл Бішкек пен Вашингтонның қарым-қатынасына қалай әсер етуі мүмкін? Жағдай енді қандай сценарий бойынша өрбиді деп ойлайсыз?

Эрика Марат: - Бірнеше сценарийді қарастырып көруге болады. Мәселен, процесс одан әрі шиеленісуі де мүмкін. Атап айтсақ, АҚШ-қа қарсы өшпенділікке толы сөздер көп айтылуы мүмкін. Әзірге Қырғызстанның бір жақты шешіміне Вашингтонның жауабын күтеміз.

2009 жылы бұндай саясат Бакиевті құтқара алмады.

АҚШ-пен арадағы қарым-қатынас та нашарлауы мүмкін. 2009 жылы ел басқарған Құрманбек Бакиев бір уақытта Ресей, АҚШ және Қытайға бірдей жағынып, өзіне қолайлы келісімдер жасауға тырысты. Басында ол «Манас» әуе базасын [Анығы: «Манас» әуежайындағы АҚШ-тың транзиттік жүк тасымалдау орталығын – Азаттық] жабамын деп Мәскеуден несие алды, бірақ базаны қалдырды.

Мүмкін қазір де Қырғызстан басшылары да осы әдісті қолданып, ірі мемлекеттер тарапынан ауқымды қолдауға ие болғысы келетін шығар. Бұл жағдайда Қырғызстан билігі өте сақтықпен әрекет етеді. АҚШ-ты бір шошытып алып, кейбір талаптарына көндіруі де мүмкін. Бірақ кейін Ресеймен кейбір мәселелер бойынша келісе алмауы мүмкін. Дегенмен бұндай саясаттың қаншалықты тиімді екені күмәнді. 2009 жылы бұндай саясат Бакиевті құтқара алмады.

Азаттық: - Вашингтон саяси ойында құқық қорғаушы Әзімжан Асқаровты құрал етті деп ойламайсыз ба?

Ресей, Қытай, АҚШ және басқа да күштермен қатар байланыс орнатқан Қырғызстан өзіне ыңғайлы жаққа жығылып мейлінше көп ұпай түгендеуге тырысады.

Эрика Марат: - Әзімжан Асқаров Қырғызстанда әрқандай бір саяси агрессия құрбанының символына айналды дегенге келісемін. Халықаралық қауымдастық, АҚШ, Еуродақ – олардың бәрі Әзімжан Асқаров туралы айтқанда, жалғыз оның өзін емес, 2010 жылғы оқиғаға айыптыларды жауапқа тарта алмаған сот жүйесі туралы айтады. Сондықтан да Асқаров идеологиялық символға айналды.

Басқа бір қырынан келгенде, Асқаров халықаралық қауымдастықтан бірінші рет сыйлық алып отырған жоқ. Бұл жолы үкімет сайлау алдында өз мүддесін өткізу үшін жағдайды пайдаланып қалды деуге болады. Менің ойымша, АҚШ сияқты елдер тек Әзімжан Асқаровқа көңіл бөліп қоймай, елде әділетті сот жүйесінің жоқ екеніне назар аударуы тиіс.

Азаттық: - Бұның бәрі Қырғызстан мен АҚШ арасындағы байланыстың әлсірегенін байқата ма? Мүмкін Қырғызстан сыртқы саясатының бағыты сондай болар?

Эрика Марат: - Қырғызстанның сыртқы саясатын мынандай үлгі бойынша елестетуге болады: Ресей, Қытай, АҚШ және басқа да күштермен қатар байланыс орнатқан Қырғызстан өзіне ыңғайлы жаққа жығылып мейлінше көп ұпай түгендеуге тырысады. Қырғызстан осының біреуімен байланысын күшейткенде, екінші жақпен қарым-қатынасын әлсіретіп алады.

Азаттық: - Демек, бүгін Қырғызстан Мәскеуге қараса, ертең Вашингтонға бет бұрады. Ал бүрсігүні Қытайға іш тарта ма?

Эрика Марат: - Иә, Қырғызстанда нақты бағыт жоқ. Әртүрлі елдердің арасынан барынша ұпай түгендеу керек деген қағиданы ғана ұстанады. Яғни, халықаралық күштерді тек ұпайын арттыруға ғана пайдаланатын ұстаным қалыптасқан. Өкінішке қарай, бұл - алысқа апармайтын, эмоционалдық, таяз саясат.

Сұхбатты орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG