Accessibility links

Қырғыз мигранттары былтыр үйлеріне миллиард долларға жуық ақша жіберді


Орталық Азиядан келген мигранттар Мәскеу көшесін тазалап жүр.

Орталық Азиядан келген мигранттар Мәскеу көшесін тазалап жүр.

Саяси тұрақсыздық белең алған Қырғызстанда халықтың басым бөлігінің тұрмысы қиын. Жүздеген мың қырғыз елінен кетіп, шетелде жұмыс істеп жүр. Өткен жылғы 10 ай олардың үйлеріне жіберген ақшасы шамамен миллиард долларға жуықтады.


БІР ПӘТЕРДЕ – ОН БІР АДАМ


Қырғызстан азаматы Елнұр Қадырова он жерлесімен бірге Мәскеуде пәтер жалдап тұрады. Таяуда ғана супермаркетке сатушы болып орналасқан Елнұр аптасына жеті күн жұмыс істейді.

Жат жердегі тіршілік оңай болмаса да, Елнұрдың бүгін-ертең Қырғызстанға қайтар ойы жоқ. «Қырғызстанға қарағанда Ресейде көбірек ақша табуға мүмкіндігім бар» дейді. Ол Бішкекте қалған отбасына ай сайын 300 доллардан 600 долларға дейін ақша салып тұрады.

– Қырғызстанда жалақы аз. Әрі кеткенде айына 130-160 доллар ғана. Мұнда әлдеқайда
Қырғызстанның мемлекеттік бюджетінің жылдық көлемі шамамен 1,36 миллиард доллар.
көбірек аламын. Демалыс күндері де жұмыс істеймін, сондықтан 30 жұмыс күніне шамамен 1000 доллар жалақы төлейді, – дейді Елнұр Қадырова «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Қырғыз редакциясына берген сұқбатында.

Саяси тұрақсыздық Қырғызстан экономикасын одан әрі тұралатып, шеттен жұмыс іздейтін қырғыз азаматтарының қарасын көбейте түсті. Елнұр Қадырова да – солардың бірі.

Қырғызстан Ұлттық банкінің мәліметіне қарағанда, 2010 жылдың 10 айында шет елдерде жүрген қырғыз мигранттарының елге жіберген ақшасы 900 миллион АҚШ доларынан асып түскен. Бұл 2009 жылғы қаржыдан 157 миллион долларға артық.

5,5 миллион адамы бар Қырғызстанның мемлекеттік бюджетінің жылдық көлемі шамамен 1,36 миллиард долларды құрайды.

МИГРАНТТАР ТАСҚЫНЫ

Былтырғы саяси және этникалық қақтығыстардың зардабын әлі күнге дейін тартып отырған көптеген қырғыз үйелмендері үшін жалғыз-ақ күнкөріс көзі – сырттан келетін азын-аулақ нәпақа.

Сарапшылардың тұжырымына қарағанда, сырттан келетін ақша ресми есептегіден айтарлықтай көп болуы мүмкін. Өйткені мигранттар ақшаны пошта мен банк арқылы ғана аудармайды, елдеріне бара жатқан таныс немесе достарынан да беріп жібереді.

Қырғыз мигранттарының көпшілігі Ресейде жұмыс істейді. Ресей федералдық көші-қон
Ресейдің федеральдық миграция қызметі кеңсесіне келген Орталық Азия мигранттары. 20 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
қызметінің ақпаратына қарағанда, 2010 жылдың басынан бері Ресейге Қырғызстаннан 380 мың еңбек мигранты келген.

Алайда кейбір үкіметтік емес ұйымдардың есебінше, Ресей базарлары мен құрылыс нысандарында еңбек етіп жүрген қырғыз гастарбайтерлерінің нақты саны мұнан әлдеқайда көп, шамамен 600 мың адам болуы мүмкін.

Қырғызстанның ондаған мың еңбек мигранты көршілес Қазақстанда да жүр. Берісі Түркия, арысы Еуропа мен АҚШ асып, екі қолға бір күрек іздеген қырғыздар да жеткілікті.

Қырғызстан кәсіпкерлер одағының атқарушы директоры Шыңғыс Мәкешевтің ойынша, еңбек мигранттарының отбасыларына жәрдем ретінде жіберген қаржыларынан ел экономикасының еңсе көтеруіне тиетін пайда шамалы. Мұндай инвестициялар шағын және орта бизнеске салынса ғана, елдің экономикалық дамуына септігін тигізіп, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

– Егер осынау миллиард доллар экономикаға инвестицияланса, онда бұл біздің еліміздің экономикасына күшті серпін берер еді, – дейді Шыңғыс Макешев. – Әзірше ол ақша мигрант отбасыларының күнделікті пайдалануына ғана кетіп жатыр.

ТҰРАҚСЫЗ ЕЛ

Бішкектегі Еркін рынок Орталық Азия институтының экономисі Нұрбек Тәшбеков «үкімет пен ел тұрақсыздығына деген сенімсіздік еңбек мигранттарының отбасыларына күнделікті тұтынудан артық ақша салуына кедергі келтіріп отыр» дегенді айтады.

Халықаралық «Транперенси Интернешнл» ұйымының 2010 жылға арналған рейтингінде Қырғызстан әлемдегі жемқорлыққа батқан 15 мемлекеттің ортасынан орын алды. Әрі бұл мемлекет Орталық Азиядағы саяси тұрғыдан ең тұрақсыз елдің бірі болып шықты.

Елде екі рет жаппай толқу болып, қатарынан екі президент орнынан тайдырылды. Қазір республиканы өтпелі президент басқарады. Қырғыз саяси партиялары коалициялық үкіметті парламент сайлауы өткеніне бірнеше айдан асқан соң ғана құрды.

Елнұр Қадырова секілді ертеңгі күніне сенбейтін қырғыз еңбек мигранттары шалғайда қалған жақындарының талайға дейін шеттен жіберген ақшаға ғана күнелтеріне күмәнданбайды.

– Әрине, Ресейде жұмыс істеп, өмір сүру оңай емес. Басқа амал болмаса қайтейін? Елде қалған отбасым Мәскеуден мен жіберген ақшаға ғана күн көріп отыр, – дейді Елнұр Қадырова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG