Accessibility links

«Бішкекте үкіметтен гөрі халықтың билігі күшті»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Минск, 10 қазан 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Минск, 10 қазан 2014 жыл.

Қырғызстан президентінің Қазақстанға сапары қарсаңында Азаттыққа сұхбат берген сарапшы «қырғыздардың Еуразия Одағынан қауіптенбейтіні» жайлы да айтты.

Бүгін, қарашаның 7-сінде, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл – қырғыз президентінің Қазақстанға жасаған биылғы екінші сапары. Ол наурыздың 26-сында Алматыда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жолығып, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылаған еді. Қырғызстан президентінің Қазақстанға бүгінгі сапарында негізінен энергетика саласындағы байланыс жайы айтылатыны хабарланған.

Қырғызстанда 1970 жылдан бері тұратын этникалық қазақ, «Қырғыз-қазақ достық және қызметтестік байланысы» қоғамының төрағасы Нұрсыдық Жақсығұлов Азаттыққа берген сұхбатында екі ел арасындағы маңызды мәселелер тек энергетика саласына ғана қатысты емес екенін айтады.

Азаттық: – Қырғызстандықтар Қазақстанның қандай түйткілді шаруаларды шешкенін күтеді?

Нұрсыдық Жақсығұлов. Бішкек, 4 маусым 2009 жыл.
Нұрсыдық Жақсығұлов. Бішкек, 4 маусым 2009 жыл.

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Біріншіден, Қырғызстан азаматтарының Қазақстанда тіркелмей жүруіне бес күнге ғана рұқсат берілген. Бұрын 90 күн болатын. Қазақстанның бергі басынан арғы басына жеткенше бес күн өтіп кетпей ме? Қарапайым азаматтар осы жағынан қиналады, бұл мәселе реттелсе екен дейді. Екіншіден, Қырғызстан Қазақстаннан инвестиция күтеді. Қазір Қытай, Корея, Иран сияқты елдер Қырғызстанға инвестиция салып жатыр. Олар қырғыз экономикасын қолдарына алса, кейін саясатын да өткізеді.

Азаттық: – Қырғызстандағы президент Асқар Ақаевты биліктен кетірген 2005 жылғы халық толқуы, президент Құрманбек Бакиевті қуған 2010 жылғы наразылық ол елге Қазақстаннан баратын инвестицияға әсер етті ме?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Қазақ-қырғыз қатынастарында түрлі өзгерістер болды. 2004 жылдан бастап Қырғызстан үкіметінің Қазақстандағы сауда өкілі болған едім – сол кезде аяқ астынан шекара жабылып, Қазақстанға өтетін көлік салығы күрт күшейіп кеткенін білемін.

Ал 2010 жылғы революциядан кейін «Қазақ-қырғыз инвестициялық қорының» жұмысы тоқтап қалды. Сол жылғы Ош оқиғасынан соң Нұрсұлтан Назарбаев ол жаққа комиссия жіберіп, қаланы қалпына келтіруге 600 миллион доллар көмек бермек болған. Ол да жайына қалды. Сол секілді Қазақстан Асқар Ақаевтың кезінде «Қамбар ата-1» су электр станциясын салу жөнінде меморандумға қол қойған. Ол да тоқтап тұр. Қазір Алмазбек Атамбаев осы мәселені қайта көтермек болып жүр.

Азаттық: – Қырғызстан экономикасына Қазақстанның Кеден Одағына қосылғанының қандай ықпалы болды?

Қырғызстан Қазақстан мен Ресейден алыстап кете алмайды, сауда-саттығы осы екі елмен тікелей байланысты.

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Орталық Азиядағы ең үлкен «Дордой» базарының (Бішкек) саудасы негізінен Қазақстан және Ресеймен жүреді. Бұл киім-кешек базарында шетелдік тауарлардан өзге қырғыздың өзі тігетін киім де көп. Оны әрі қарай шығаратын рынок керек. Қырғызстан Қазақстан мен Ресейден алыстап кете алмайды, сауда-саттығы осы екі елмен тікелей байланысты. Бірақ Қазақстанның Кеден Одағына мүше болып, шекараны жауып тастауы қарапайым халыққа қатты әсер етті. «Қазақстанға су бермейміз» дейтін сөздердің шығуына да осы түрткі болды.

Азаттық: – Қарапайым халыққа Ақаев пен Бакиев биліктен тайдырылғаннан кейінгі Қырғызстанның билік жүйесінде өзгерістер қалай тиді?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Елдің жағдайы күрт жақсарды деуге болмайтын шығар. Бірақ бір жетістігі – Қырғызстандағы халық билігінің күшейгені. Қазір онда үкіметке қарағанда халықтың билігі күшті. Парламенттік Қырғызстанда бес партияның арасында бәсекелестік бар. Бір қолға қараған биліктен гөрі осы дұрыс. Ел өзгеріске өте разы, «билік өзгерген соң қиналып қалдық» деген кісі жоқ. Ең қиын кезең Құрманбек Бакиевтің кезінде еді. Олар отбасымен билікті базарға айналдырды, жоғары лауазымды қызметтерді сатты, қолынан іс келетін азаматтарға мүмкіндік бермеді. Қазір олай емес, тосқауыл болатын ешкім жоқ.

Билік жергілікті жұртшылықтың пікірінен аттап өте алмайды. Мысалы, қазба байлық алынып жатқан төңіректегі елдімекен тұрғындарының талабы бойынша сол өңірге барынша жағдай жасалады. Үкімет шешім шығарғанымен, халық келіспесе жүзеге аспайды. Жақында «митинг кезінде жол жүрісіне кедергі жасалмасын» деген талап қойылды. Осы талап орындалса, азаматтардың митинг не шеру өткізу сияқты саяси құқықтарын жүзеге асыруына да тыйым жоқ.

Азаттық: – Қырғызстандағы әрбір жаңа билік жемқорлықпен күресті күшейтіп, сот әділдігін орнататыны жөнінде уәде береді. Сол уәделер орындалып жатыр ма?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Құрманбек Бакиевтің кезіндегідей жемқорлықпен күресті сылтауратып біреудің бизнесін ашықтан-ашық тартып алу, билікке қарсы пікір айтқандарды қудалау тоқтады. Биліктің төменгі сатысындағылар болмаса, жоғарыдағылар бұрынғыдай заңсыз әрекет жасаудан жасқанады. Мысалы, келер жылы өтетін Жоғарғы Кеңеш сайлауына қазірден дайындық жүріп жатыр. Мұндай кезде бір-бірінің заңсыз әрекеттерін әшкерелеу күшейеді.

Құрманбек Бакиевтің кезіндегідей жемқорлықпен күресті сылтауратып біреудің бизнесін ашықтан-ашық тартып алу, билікке қарсы пікір айтқандарды қудалау тоқтады.

Сот жүйесіне де көптеген өзгерістер енгізілді. Сотты президент жеке өзі тағайындамайды. Әуелі сот ассоциациясында сот кандидатурасы қаралып, әрі қарай Жоғарғы Кеңешке ұсынылады. Көп партиялы Жоғарғы Кеңештің тексеруінен өткеннен кейін ғана президенттің қол қоюына жіберіледі. Осындай сатылар сот тәуелсіздігіне айтарлықтай кепілдік береді.

Азаттық: – Қырғызстандықтар Бішкектің Қазақстан, Беларусь және Ресей құрған Еуразия экономикалық одағына кіру бастамасына қалай қарайды?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Еуразия Одағына кіру жайлы түрлі пікірлер айтылады. Оған кіруді қолдамайтын оппозициялық күштер де, қолдаушылар да бар. Ал халық «Еуразия Одағына қосылсақ, тәуелсіздігімізден айрылып қаламыз» деп қауіптенбейді. Өйткені Қырғызстанның бір бөлігі патшалық Ресей кезінде де отар болған емес, дәстүрлі салт-сана әлі күшті. Сондықтан «қырғыздар билікті біреуге береді, тәуелсіздіктен айыруға көнеді» деуге негіз жоқ.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG