Accessibility links

Бакиев ауылдастары алдында бой көрсетті, уақытша үкімет оған қатысты саяси шешім қабылдаған


Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев туған ауылында ақсақалдармен сөйлесуде. Жалал-Абад облысы, Тейіт ауылы, 12 сәуір, 2010 жыл.

Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев туған ауылында ақсақалдармен сөйлесуде. Жалал-Абад облысы, Тейіт ауылы, 12 сәуір, 2010 жыл.

Сәуірдің 12-күні Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев биліктен қуылғаннан бері алғаш рет ел алдына шығып, қолдаушылары өткізген митингіде қарсыластарын "қантөгіспен билікті күштеп тартып алды" деп айыптады. Уақытша үкімет Бакиевті қамауға аламыз деп ескертті.


«ҮКІМЕТ ЖАҒЫНАН АТЫЛҒАН ЕСКЕРТУ ОҒЫ БОЛҒАН»

Дүйсенбі күні Қырғызстанның оңтүстігіндегі Сузақ ауданының Тейіт аймағында Құрманбек Бакиевтің бес жүздей жақтаушысы президентті қорғап митинг өткізді деп хабарлайды Азаттық радиосының қырғыз редакциясы. Бішкектегі толқулардан кейін тек шетелдік ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап келген Құрманбек Бакиев алғаш рет туған ауылында жиналғандардың алдына шығып сөз сөйлеген.
Бакиевтің жақтастары митинг өткізуде.Тейіт ауылы, Жалал-Абад облысы, 12 сәуір, 2010 жыл.


Онда қызметінен бас тартпайтындығын айтқан президент, «оппозиция билікті заңсыз басып алғандығын» мәлімдеген. Ол елде қантөгіске алып келген толқуларға оппозицяны кінәлап, «оқты алдымен үкімет емес, оппозиция атты. Үкімет үйі жағынан атылған оқ – тек ескерту болды», – деді.

Мұның сыртында Құрманбек Бакиев жақтаушыларын сәуірдің 13-күні Жалал-Абадта митинг ұйымдастыруға шақырды. Жергілікті билік оған рұқсат та беріп үлгерген.

ЖАҒДАЙДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІҢ БАКИЕВТІК ЖОЛДАРЫ

Жалал-Абад облысын паналаған Құрманбек Бакиевтің айтуынша, Қырғызстандағы жағдайды қалпына келтірудің екі жолы бар. Біріншісі, Қырғызстанға БҰҰ бітімгершілік күшін кіргізу қажет. Екіншісі, сәуірдің 6-7 күндері Қырғызстанда болған толқуларға баға беру үшін халықаралық комиссия құрылуы керек.
Әкесі Қырғызстанның даму, инвестиция және инновация агенттігінің жетекшісі етіп тағайындаған ұлы Максим Бакиев.


Ол уақытша үкіметтің мүшелерімен келіссөздер өткізуге дайын екендігін тағы да мәлімеді. Алайда, уақытша үкімет аппаратының басшысы Эдил Байсаловтың мәлімдеуінше, Қырғызстанның қазіргі үкіметі Құрманбек Бакиевпен ешқандай келіссөз жүргізбейді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз редакциясы тілшісінің хабарлауынша, Жалал-Абадта Құрманбек Бакиевтің жанында інісі Жаныш Бакиев бірге еріп жүр. Олардың қауіпсіздігін мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері қамтамасыз етуде. Бакиевтің ұлдары – Максим мен Марат көрінбейді дейді Азаттықтың қырғыз редакциясының тілшісі.

УАҚЫТША ҮКІМЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДРЛЫҚ ШЕШІМДЕРІ

Жексенбі күні кешкісін Қырғызстанның уақытша үкіметінің алғашқы кадрлық ауыз-түйісі болды.

Қорғаныс министрі болып – Исмаил Исаков тағайындалды. Ішкі істер министрі – Болот Шерниязов, Уақытша үкімет төрағасының орынбасары әрі қаржы министрі – Темір Сариев, уақытша үкімет төрағасының бірінші орынбасары болып Алмазбек Атамбаев тағайындалды.

Бұдан бөлек, шет елдегі Қырғызстанның бірқатар елшілері – атап айтқанда, АҚШ-тағы елші Замира Садыкова, Германиядағы елші Марат Бакиев (президенттің туған бауыры) және Ресейдегі елші Раимкул Аттакуровтар қызметтерінен босатылды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG