Accessibility links

Құрманбек Бакиевтің басқа былығын айтпағанда әйелінің өзі екеу екен


Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев Минскіде баспасөз-мәслихатында. 21 сәуір 2010 жыл.

Биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиев Минскіде баспасөз-мәслихатында. 21 сәуір 2010 жыл.

Биліктен қуылған Құрманбек Бакиев Минскіде жасаған мәлімдемесінде отставкамды мойындамаймын деді. Беларусь президенті Лукашенко Бакиев пен оның отбасын жеке қорғауына алғанын хабарлады. Қашқын Бакиевтің бір емес екі әйелі бар болып шықты.



БАКИЕВ ӨЗ ОТСТАВКАСЫН МОЙЫНДАМАЙДЫ


Сәрсенбі күні Минскіде сөйлеген сөзінде Құрманбек Бакиев мен әлі қырғыз президентімін деп мәлімдеп, жаңа үкіметті «өз аттарын шақырған бандылар» деп атады.

«Менің халқымның басындағы ахуал ауыр. Өздерін-өздері жариялаған бандылар билікті басып алып, ойларына келгенін ісетп жатыр. Мен президент ретінде, Конституцияның кепілі ретінде бар жағдай үшін жауаптымын. Мен отставкамды мойындамаймын. Неге? Осыдан 9 ай бұрын мені қырғыз халқы президент етіп сайлаған болатын. Мен халыққа қызмет етемін деп ант бердім. Ешқандай күш қабылдаған антымнан бас тартқыза алмайды. Мені тек өлім ғана тоқтата алады. Қырғызстан ешкімнің отары бола алмайды. Ол демократиялық мемлекет құру ісін жалғастыра береді», – деп мәлімдеді Құманбек Бакиев. Оны Беларустың авторитарлық президенті Александр Лукашенко қанатының астына алған болатын.
Құманбек Бакиев Минскідегі баспасөз-мәслихатына келе жатыр. 21 сәуір, 2010 жыл.


Құрманбек Бакиев халықаралық қауымдастықты сәуірдің 7-дегі толқулардан кейін құрылған уақытша үкіметті мойындамауға шақырды.

«ТМД елдерінің саяси жетекшілеріне қаратып айтарым, біздің азаттығымыз бен тәуелсіздігімізге 20 жыл да болған жоқ. Сіздер өз халқыңыз үшін жауаптысыздар. Қырғызстан азаматтары, сіздер жалғыз емессіздер, біздің сенімді достарымыз бар, біз халықты апаттан құтқара аламыз. Мен Қырғызстанды Конституция шеңберіне қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін де жасаймын», – деді Минскіде журналистер алдында айтқан сөзінде Құрманбек Бакиев.

БІШКЕК БАКИЕВТІ АЙЫПТАЙДЫ

Азатық радиосы қырғыз редакциясының Уақытша үкіметке сілтеме жасап жазып отырғанындай, Құрманбек Бакиев отставкаға кететіні туралы өтінішін 15 сәуір күні кешкісін Жалал-Абадтан Таразға ұшып келген соң жазып, факс арқылы жөнелткен.

Баспасөз өкілдері алдында Құрманбек Бакиевтің өтінішінен үзіндіні Уақытша үкімет басшысы Роза Отунбаева оқып берген еді, ал ЕҚЫҰ Құрманбек Бакиевтің Қырғызстаннан шығарылуына АҚШ, Ресей, Қазақстан сияқты үш елдің президенттері ықпал етті деп хабарлаған болатын.

Сол жолы жасаған мәлімдемесінде Құрманбек Бакиев халық алдындағы жауапкершілікті түсіне отырып, елдің тұтастығын сақтау мақсатында және Конституцияның тиісті бабына сәйкес отставкаға арыз беретінін айтқан болатын.

Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаева Құрманбек Бакиевтің Минскідегі мәлімдемесіне байланысты былай деді:

«Бакиевке соншалықты қиын болса, Қырғызстанға ұшып келсін. Құрбан болғандардың туыстары мен қырғыз халқы оны күтіп алады. Сол кезде қандай сот болып, оның қандай жазаға тартылатынына біз жауап бере алмаймыз».
Бішкекте жерді басып алушылықты тоқтатуға шақырған митингке жиналғандар. 21 сәуір, 2010 жыл.


Отунбаева сондай-ақ Беларустің Бакиевке баспана беру туралы шешімін айыптап отыр. Сәрсенбі күні журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Роза Отунбаева «бұл қылмыскер елімізге қайтарылуы тиіс» деп мәлімдеді.

Қырғызстан Уақытша үкіметінің аппарат жетекшісі Эдил Байсалов Құрманбек Бакиевтің Минскідегі мәлімдемесіне қатысты білдірген пікірінде Қырғызстандағы жағдайдың ушығуына кінәлінің нақ өзі – Құрманбек Бакиев екендігін айтты. Байсалов сондай-ақ Уақытша үкімет Құрманбек Бакиевпен келіссөздерге бармайды, оны елдің президенті деп мойындамайды, егер Бакиевтің айыбы дәлелденетін болса, қай жерге барып бой тасаласа да, оны елге қайтаруды талап етеді деп атап көрсетті.

БӘЙБІШЕ – ТОҚАЛЫ БАР БАКИЕВ

Азаттық радиосының қырғыз редакциясы хабарлап отырғандай, биліктен қуылған Құрманбек Бакиев Беларусқа заңды некедегі әйелімен емес, азаматтық әйелімен барған. Және тоқалдан туған тоғыз жасар қызы мен бес жастағы ұлын ала барған екен. Беларусь президенті де Құрманбек Бакиевтің екі баласымен бірге өз қорғауында екенін айтқан болатын.

Бакиевтің елге белгілі балаларының бәрі де кәмелеттік жастан асқандығы анық. Заңды әйелі Татьяна Васильевнадан азамат болған ұлдары – Максим мен Марат. Марат президент әкесінің тұсында елдің Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары болды. Максим өзі үшін әдейілеп құрылған инновация мен инвестициялар және даму агенттігіне жетекшілік етіп қана қоймай, көлеңкедегі үкімет басшылығын да атқарған болатын.

Ел аузында айтылатын аңыздар мен ұзынқұлақтың хабарына қарағанда, Құрманбек Бакиевтің тағы бірнеше көңілдесі, тіпті заңсыз бірнеше әйелі бар көрінеді. Міне енді тақтан қуылып, тауы шағылған Бакиевтің алыстағы Минскіден даусы қатты шыға бастады.

Бішкектегі адам құқын қорғаушы Бибісара Рысқұлова Азаттық радиосының қырғыз редакциясына берген сұхбатында, енді Құрманбек Бакиевке қарсы көп әйел алғаны үшін де қылмыстық іс қозғау қажет дейді. Рысқұлова ата-баба дәстүрі бастауларына қайта оралу деген желеумен Қырғызстанда көп әйел алушылықтың кең қанат жайып келе жатқанын айтады.

Көп әйел алуға құлықты шенеуніктердің кімнен үлгі алып келгені енді белгілі болып отыр. Қырғызстан билігі Құрманбек Бакиевтің тұсында көп әйел алушылықты заңдастыруға талай рет талпынған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG