Accessibility links

Қырғызстанда сайлау видеосынан шу шықты


Наргиза Әжібаева, "Республика" партиясының жастар қанатының жетекшісі. Бішкек, 28 қараша 2012 жыл

Наргиза Әжібаева, "Республика" партиясының жастар қанатының жетекшісі. Бішкек, 28 қараша 2012 жыл

Қырғызстан билігі сайлау кезінде үміткерлердің бірінің "карусель" әдісін "түсіндіріп жатқаны" туралы видеоға қатысты тергеу бастады.

Жанжал өткен демалыс күні болған Бішкек қалалық кеңесі сайлауынан кейін туындаған еді.

Бұл сайлауда социал-демократиялық партиясы, "Республика" және "Атамекен" партиялары жеңген болатын.

Бұған дейін "алаяқтығы үшін" айыпталған "Ар-намыс" коалициясының жетекшісі Феликс Кулов партия жетекшілігінен кеткен еді.

Адамдардың бірнеше мәрте дауыс беруін оңайлататын "карусель" әдісі Қырғызстанда 2005 жылғы революция алдындағы сайлауда наразылық туғызған. Бұл практика Қазақстан мен Ресейде де жиі қолданылып келеді.

Жанжал тудырған екі видео қарашаның 26-27 күндері интернетте жарияланған. Екі видеода да "Республика" партиясының үйлестірушісі Наргиза Әжібаева азаматтарды бірнеше мәрте дауыс беруге үгіттеуші ретінде көрінеді.
"Ар-Намыс" партия жетекшісінің банері жапсырылған билборд.

"Ар-Намыс" партия жетекшісінің банері жапсырылған билборд.


Видеода Әжібаева азаматтарға "саусақтарыңыздың таза екенін тексеріп алыңыздар" деп оларды "бір-бірінен 100 метр қашықтықта алшақ жүруге" кеңес береді.

Ол сонымен бірге сайлау учаскесіне кірген кезде ұзын шарф таққан ортаңғы үстелде отырған әйелге тақап барып "сайлау учаскесі қашан жабылады?" деген кілт-сөзді айту керектігін жеткізген.

Әжібаева азаматтарға қырғыз және орыс тілдерінде аралас сөйлеу керектігін айтып, олардың ешқандай күдік тудырмайтындай сақ болуын ескерткен.

"Егер біреу-міреу төлқұжатыңыздың сәйкес келмейтінін ескертсе, "қателесіп кеткен болуым керек" деп кешіріп сұрап, тезірек кетуге тырысыңыздар. М немесе Н-нан басталатын фамилияны тауып алыңыздар" деген ол видеода.

Нұсқаушы жан-жағын қоршаған адамдарға айналада полицейлер мен ұлттық қауіпсіздік мамандары толып жүргенін айтып сақ болуға шақырады. Өзге партиядағы адамдарға: "сайлау учаскесіне барған кезде күлмеңіздер, салмақты көрініңіздер» деп ақыл айтады.

27 жастағы Наргиза Әжібаева "Республика" партиясының жаңадан жарқырап келе жатқан жұлдызы секілді. Ол өзін-өзі әлеуметтік желілерде іскерлік қырынан көрсетуге тырысып, партия жетекшісімен түскен суреті мен бұрынғы премьер- министр Өмірбек Бабановтың суретін жариялап қойған.
"Республика" партиясының жетекшісі Өмірбек Бабанов жастар қанатының белсендісі Наргиза Әжібаевамен бірге.

"Республика" партиясының жетекшісі Өмірбек Бабанов жастар қанатының белсендісі Наргиза Әжібаевамен бірге.


Әжібаева қарашаның 25-і күні өткен Бішкек қалалық кеңесі сайлауындағы үміткерлер тізімінде 21-ші орында тұрды.

Ал "Республика" партиясы жанжал тудырған видеоларды "Қырғызстанның арнайы қызмет орындары дайындаған арандату әрекеттері" деп атады.

Жанжал тудырған видео интернетте жарияланып, қызу талқыланғаннан кейін құқық қорғау органдарының назарына ілікті.

Азаттық радиосының Қырғыз қызметінің хабарлауынша, қарашаның 28-і күні жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат берген Әжібаева видеоның құрастырылғанын айтып, ақталуға тырысқан.

Партияның жетекшісі Өмірбек Бабанов 2011 жылдың желтоқсан айынан осы жылдың қыркүйек айына дейін премьер-министр қызметін атқарған еді.

(Редакция: материалды әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)
XS
SM
MD
LG