Accessibility links

Жаңа билік Ақсыда халыққа қарсы оқ атқызған кім екенін қайтадан тексере бастады


Ақсы оқиғасының құрбандарына орнатылған ескерткіш. Қырғызстан, 15 наурыз 2007 жыл.

Ақсы оқиғасының құрбандарына орнатылған ескерткіш. Қырғызстан, 15 наурыз 2007 жыл.

Қырғызстанның әскери сотында Ақсы оқиғаларына байланысты сот өтіп жатыр. 2002 жылдың наурыз айында Жалалабад облысында милиция мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Осының салдарынан бірнеше кісі опат болып, көп адам жарақат алды.


2011 жылы 20 қаңтарда Қырғызстанның әскери соты 2002 жылдың наурыз айында Ақсыда болған оқиғаларға байланысты қылмыстық істі қарауға кірісті. Ол кезде шеруге шыққан халыққа қарсы оқ атылған еді. Жалалабад облысындағы Ақсы толқулары Жогорку Кеңеш депутаты болып жүрген Әзімбек Бекназаровты заңсыз тұтқындаудан басталған.

Бұл қылмыстық іс бойынша басты айыпталушылар – Қырғызстан президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Болот Жанұзақов, Қырғызстанның бұрынғы
Қырғыз Уақытша үкіметі басшысының орынбасары Әзімбек Бекназаров. Қырғызстан, 14 қыркүйек 2010 жыл.
бас прокуроры Чубак Абышкаев, Жалалабад облысының бұрынғы прокуроры Зоотбек Құдайбергенов және ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басқарма бастығы Таштан Мәмбетәлиевтер.

Оларға «қызметтік жағдайын асыра пайдалану», сонымен бірге «заңсыз түрде тұтқындау мен абақтыға жабу» баптары бойынша айып тағылды. Сот жабық өтіп жатыр.


«АТ!» ДЕП БҰЙРЫҚ БЕРГЕН КІМ?


«Шерушілерге қарсы оқ атуға кім бұйрық берді?» деген сұрақ қырғызстандықтарды әлі күнге дейін мазалайды. Сол күні ел аумағында болмаған президент Асқар Ақаев па? Әлде сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Құрманбек Бакиев пе?

Арада өткен сегіз жылда бұл іске қатысты тергеу бірнеше мәрте тоқтатылып, жаңа деректерге немесе жәбірленушілердің талап-тілектеріне байланысты қайтадан қолға алынды. Одан соң тағы тоқтатылды. Жоғарыда аттары аталған, Асқар Ақаевтың кезінде лауазымды қызмет атқарған адамдарға қатысты ақтау үкімдерін қайта өзгертпей тұрып, істі жүргізу мүмкін емес болатын.

2002 жылы наурыздың 17-18-інде халық «жер мәселесінде Қытайдың дегеніне көнгені үшін» президент Ақаевты сынаған депутат Әзімбек
Ақсы оқиғасы (қырғыз полициясының бейнежазбасынан алынған көрініс). Қырғызстан, 13 наурыз 2002 жыл.
Бекназаровты тұтқыннан босатуды талап етіп, жаяу шеруге шықты. 2002 жылдың наурыз айында Жалалабад облысы Ақсы ауданы Бозпиек елді мекенінде милиция мен тұрғындармен қақтығысып қалды. Милиционерлер оқ атты. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, 30-дан аса адам жараланып, бес адам қаза болған. Жүзден аса адам азапталған. Осы оқиғалардан соң 50-ден аса адам мүгедек болып қалды.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қақтығысты ішкі істер министрлігінің қызметкері бейнекамераға түсіріп тұрған. Бірнеше әйел оның камерасын тартып алып, бейнетаспаны күләпара киген адамға берген. Бейнетаспаны іздеген билік жазалау шараларына кіріседі.

2002 жылдың 17 наурызы күні кешкі тоғызда билік «Тайфун» жоспарын іске қосты. Күлапара киген адам мен бейнетаспаны іздеген милиционерлер ертеңінде Кербен ауылындағы 16 мен 60 жас аралығындағы ер адамдардың барлығын Ақсы аудандық ішкі істер бөліміне жинады. Бұл жерде оларды азаптауға кірісті – резеңке сойылмен ұрып, жалаңаштап қойып, үстеріне су құйып, далаға шығарып жіберді. Осы азаптаулардан кейін тағы бір адам қаза болды.

Халықтың наразылығынан соң милиционерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ олар болмашы ғана шартты жаза алады. Кейінірек Жоғарғы сот оларды түгелге жуық ақтап жіберді.

Қырғыз құқық қорғаушылары бұл оқиғадан соң «Қару қолдану туралы бұйрықты кім берді?» деген сұраққа жауап іздей бастады. «Атыңдар!» деген бұйрықты телефон арқылы президент әкімшілігінің сол кездегі жетекшісі
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Азат Еуропа/Азаттық радиосына сұқбат беріп отыр. Мәскеу, 23 наурыз 2010 жыл.
Аманбек Қарыпқұлов берді деген болжам бар. Бірақ оны тез арада Түркияға елші қылып жіберген болатын. Ол кейінірек қатерлі ісіктен көз жұмды деседі.

Қарсы пікір айтушылар «Аманбек Қарыпқұлов өз бастығымен келіспей тұрып мұндай бұйрық беруі мүмкін емес» деседі. Алайда Асқар Ақаевтың өзі сотқа тартылған жоқ. Ол 2005 жылы елден қашқан соң Мәскеуден баспана тапты. Өткен жылғы төңкеріс толқынынан кейін бас сауғалап, екінші бір авторитарлық мемлекет – Беларусьті паналаған Құрманбек Бакиевті де заң бойынша сұраққа алу мүмкін болмай отыр.


«ТАЙФУН» ЖӘНЕ «БОРАН» ОПЕРАЦИЯЛАРЫ


2007 жылдың қыркүйек айында қырғызстандық «Лица» газеті Ақсы ауданында болған «Тайфун» операциясы туралы «құжаттарды» жариялады. 2002 жылдың наурыз айындағы бұл құжатқа, болжам бойынша, сол кездегі премьер-министр Құрманбек Бакиев қол қойған. Газет «Қырғызстанның премьер-министрінде 2002 жылдың 7 наурызында болған кеңестің хаттамасын» жариялады.

Бұл «құжаттан» төрт пункті сөзбе-сөз келтіреміз:

«Жогорку Кеңеш депутаты А.Бекназаровқа қатысты сот үдерісіне байланысты Жалалабад облысы Ақсы ауданында орын алған жағдай туралы Қырғыз Республикасы ішкі істер министрі Т.А.Акматалиевтің ақпаратын тыңдап және талқылай келе кеңеске қатысушылар Кербен, Қара-Суу, Қара-Жиғач елді мекендеріндегі қалыптасқан жағдай бірден күрделеніп, одан әрі нашарлай бермек түрі бар деп атап өтті.

2002 жылдың 17 наурызында аталған ауылдардың аңшы мылтығымен, өзге де қолдарына түскен заттармен қаруланған 1000 қаралы тұрғындары аудан әкімдігі мен АІІБ ғимараттарын қоршап алған және оларды басып алмақ болып әрекеттенген. Алдын ала деректер бойынша, құқық тәртібі күштері мен жүгенсіз кеткен тобырдың қақтығысы салдарынан 2 адам қаза болған, 15 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. 17 наурыз күні сағат 23 шамасында қарсылық білдірушілердің саны 2000 адамға жетті. Жекелеген бұзақы элементтер әкімдік пен АІІБ ғимаратын таспен, жанармай құйылған шөлмектермен атқылаған, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция ғимаратын өртеп жіберген.

Кеңес шешім қабылдады:

1. Ақсы ауданында орын алған жағдайды ауыздықтау үшін Жалалабад облысы мен Ақсы аудандары құқық органдары мен мемлекеттік әкімшіліктерінің өкілдерінен жедел штаб құрылсын.

Штаб жетекшілігіне Қырғыз Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары генерал-майор К.Садиев, орынбасарлығына ҚР ҰҚҚ төрағасының орынбасары полковник Б.М. Жүнісов тағайындалсын.

2. Жедел штаб жетекшісі генерал-майор К.Садиевке ҚР заңнамасының аясында жағдайды ауыздықтау жөнінде шешімдерді қабылдауы үшін қажетті барлық өкілеттіктер берілсін. Барлық жергілікті құқық органдары мен облыстық және аудандық мемлекеттік әкімшіліктердің басшылары жедел штабтың жағдайды ауыздықтауға бағытталған барлық нұсқауларын орындасын.

3. ҚР ІІМ:

«Тайфун» (жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтау) және «Боран» (әкімшілік ғимараттарды қорғау) жоспарларын іске қоссын;

Оқиға орнына жағдайдан туындайтын міндеттерді шешуге қажетті мөлшерде арнаулы мақсаттағы отрядты жіберсін;

қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен бұзақылық және өзге де құқық тәртібіне қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін Ақсы ауданына ІІМ ІӘ басқармасының бастығы генерал-майор А.Б.Бақаев басқарған ІІМ ішкі әскерлері бөлімшелері жіберілсін;

Ә.Бекназаровтың сот үдерісі барысында, сонымен бірге оны абақтыда отыратын жеріне этаппен алып бара жатқанда (Бішкек қаласының тергеу абақтысы) өзге де құқық органдарымен бірлесе отырып қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қамтамасыз етілсін;

бас прокуратура ҚР ҰҚҚ-мен бірлесе отырып Ақсы ауданының елді мекендеріндегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтау және одан ары олардың ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев. Минск, 23 маусым 2010 жыл.
тартылуына қажетті барлық шараларды қабылдасын;

Премьер-министр Қ.Бакиев».

Кейбір қырғыз саясаткерлері осы материалға сілтеме жасай отырып, сол кездегі премьер-министр қызметінде отырған дәл сол Құрманбек Бакиевтің қол қоюымен «Тайфун» және «Боран» жоспарларының іске қосылуына өкім етілді дейді.

Қырғызстанның сол кездегі бас прокуроры Елмырза Сатыбалдиев аталған материалдың жариялануына жауап ретінде «бұның бәрі шерушілердің атылуына Құрманбек Бакиевтің қатысы бар деген сөз емес» деді.

Иә, 2005 жылдан кейін президенттік таққа отырған Құрманбек Бакиевті ешкімнің тергеуге шақыра алмасы түсінікті жай. Алайда қырғыз құқыққорғаушылары 18 наурыздағы қантөгіске дәл сол Бакиевті айыптаған болатын. Ақсы қасіретіне кінәлілерді анықтаған қоғамдық комиссия да Асқар Ақавтан соң екінші болып Құрманбек Бакиевтің атын атаған.


БАКИЕВ СОТ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРЕ МЕ?

Міне, сегіз жыл болды, Қырғызстанда Ақсы оқиғаларын тексеру аяқталар емес. Бұның себебі – осы оқиғада басты айыпталушы Құрманбек Бакиев болғандықтан, Асқар Ақаевтың кезінде шеруге шыққандарды ату оқиғасын тексеруге Құрманбек Бакиевтің әкімшілігі мүмкіндік бермеді.

Қазір жаңа билік осы бір қанды істі қайта тексере бастады. «Бұл – қоғамда демократиялық құрылым орнаса, онда халыққа қарсы жасалған кез-келген қылмыстық істі қайта қозғауға болады деген сөз» дейді оптимистер. Тарихта мұндай жайлар сирек болады.

Ақсы оқиғаларына байланысты жаңа сот тергеуі енді басталды. Қырғызстан «Роза Отынбаеваның билігі әділдікті қалпына келіп, кінәлілердің жазалануына мүмкіндік береді» деп үміттенеді.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG