Accessibility links

«Қазақ-қырғыз су дауының тиянақты шешімі жоқ»


Көксай каналын бөгеп тастаған Қырғызстан тұрғындары. 8 шілде 2013 жыл

Көксай каналын бөгеп тастаған Қырғызстан тұрғындары. 8 шілде 2013 жыл

«Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық дауды болашақта болдырмау мақсатында не істеу керек?» деген тақырыпта Азаттық саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасты.

Шілде айында Қазақстан мен Қырғызстан арасында туған шекара мен су дауы оншақты күнге созылған еді. Шілденің 7-і күні Қырғызстанның Талас облысы Қарабура ауданы тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, өзеннен тартылған «Быстроток» (Көксай) су каналын бөгеп, Қазақстанның Жамбыл облысындағы егіс алқаптарына су жібермей қойған болатын. Суды бөгеген азаматтар аумағы 4,5 мың гектар жерді Қырғызстанға қайтаруды және екі ел шекарасын өзен бойымен өткізуді талап еткен.

Екі ел үкіметінің басшылары жүргізген келіссөзден соң шілденің 17-сі күні Қырғызстаннан Қазақстанға тартылған «Быстроток» каналы бойынша су беру қалпына келтірілген.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1241 шақырымдық шекараны бөлісу келісімі 2009 жылы аяқталып, екі тарап та оны ресми түрде мойындаса да, ара-тұра туып жататын жер мен су дауын түпкілікті шешудің амалдары бар ма? Осы туралы Азаттықтың сауалдарына саясаттанушы Расул Жұмалы жауап берді.

Азаттық: - Екі елдің қарым-қатынасына қатысты дәстүрлі түрде «қазақ-қырғыз ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, тату ел» деген тіркес жиі айтылады. Шынымен солай ма?

Расул Жұмалы: – Салыстырмалы түрде баға беруге болар еді. Бірақ екі елдің қарым-қатынасы керемет жақсы деңгейде деп айту қиын. Мұның себептері көп. Ал Орталық Азиядағы басқа көршілерімізбен салыстырғанда екі елдің арасындағы қатынастар, сол қатынастардың сапалық деңгейі көш ілгері. Бірақ экономикалық, шекаралық және инвестициялық түйткілдер бар.

Азаттық: - Сіз айтып отырған түйткілдердің бірі – шекарадағы дауға келсек. Қазақ-қырғыз шекарасында туған сондай бір жанжалдың басылғанына бірнеше күн болды. Мұндай жағдайдың болашақта қайталанбауы үшін не істеу керек?
Расул Жұмалы, саясаттанушы

Расул Жұмалы, саясаттанушы


Расул Жұмалы: – Сіз бұл жерде Көксай каналында туған суға қатысты дауды айтып отырсыз ғой. Меніңше екі жақтың ресми құзіретті орындары бұл мәселемен тиянақты түрде айналысуы керек. Рас, шекараға, достыққа қатысты екі жақты бірталай келісімдерге қол қойылды. Алайда сол келісімдердің өзі қазір толық орындалмай жатыр. Ал су – біздің аймағымыздағы ең бір түйткілді мәселе.

Су – энергетикалық тақырып. Бұл мәселенің шешілуі 20 жыл бойы кешеуілдетіп келе жатыр. Жүйелі шешімдер жоқ. Мынау трансшекаралық өзендердің жоғарғы жағында тұрған мемлекеттердің (Қырғызстан мен Тәжікстан – ред). жаңа гидроэлектрстанцияларын салып, суларды бөгеп жатқанын түсінуге болады. Себебі бұлар – кедей мемлекеттер, энергетикалық қуат көздері тапшы. Бірақ ағыстың төменгі жағында тұрған елдер үшін (Қазақстан мен Өзбекстан – ред.) ауылшаруашылығына қажет су тапшылығының салдары өте қиын тиеді. Бірақ осындай мәселе бола тұра 20 жылдың ішінде бір тиянақты шешім шыққан жоқ.

Өткен жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов «Бұл мәселелер өстіп созыла беретін болса, ерте ме, кеш пе, аймақта қақтығыстың тууына соқтыруы мүмкін» деген сияқты пікір айтқан еді. Сондықтан да кешегі кішігірім каналдың екі апта жабылуының өзі осындай шу тудырып, соның шешіміне үкімет басшыларының араласуы – проблеманы шешуге жуықтамағанымыздың көрсеткіші. Ал шын мәнінде бұл ауыл арасындағы ғана мәселе болатын. Сол себепті мен бұл мәселе осымен жабыла қояды деп ойламаймын, керісінше жақын арада одан әрі өрши түседі.
Соңғы 20 жылдың ішінде аймақтық тұрғыдан ойлау, аймақтық тұрғыдан көзқарас қалыптастыру жоқ.

Азаттық: - Сонда екі ел арасындағы қарым-қатынастың шиеленісе түсуі тек су тапшылығынан болып отыр ма?

Расул Жұмалы: – Бұл арада бұдан басқа да себеп-салдар бар. Мәселен мемлекеттердің оқшаулануы, әртүрлі саясат ұстануы, сыртқы саясаттағы қайшылық, өз арасындағы ортақ мәміленің жоқтығы да әсер етіп отыр. Сондықтан менің бұл жерде байқап отырғаным, соңғы 20 жылдың ішінде аймақтық тұрғыдан ойлау, аймақтық тұрғыдан көзқарас қалыптастыру жоқ. Меніңше оның жақын арада қалыптасатынына сындарлы, мардымды алғышарттар шамалы. Себебі әлі күнге дейін жергілікті мемлекеттер орталық Азияда негізгі ойыншылар емес, сыртқы ірі елдердің жетегінде жүр.

Сондықтан да су дауы, жер дауы, азаматтардың жүріп-тұруы, Қазақстан азаматтарының Өзбекстанға барғанда қамалып қалуы, өзбек пен қырғыз гастарбайтерлерінің Қазақстанда істі болып қалуы – ортақ бір аймақтық мәміленің қалыптаспауынан туады. Бұл кикілжіңдер аймақтық ортақ көзқарас қалыптасқанша жалғаса береді.

Азаттық: - Қырғызстанның Кеден Одағына енуге талаптанып жатқаны белгілі. Бұл әрекет оның Қазақстанмен арадағы интеграциясына қалай әсер етуі мүмкін?

Расул Жұмалы: – Кеден Одағы – тең дәрежедегі әділ интеграциялық бірлестік емес. Тек Ресейдің мүдделерін көздеген ұйым. Сондықтан Қырғызстанды былай қойғанда бұл ұйымға мүше болғаны Қазақстанның өзі үшін тиімді емес. Қырғызстанның осындай интеграциялық ұйымдарға кірем дегендегі жалғыз-ақ мақсаты – сол ұйымдардың қаржысын, әлеуетін өз пайдасына асыру. Бірақ бұл – ұзақ мерзімді стратегия емес.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG