Accessibility links

Қаралы жанға қосыла қайғыратын құлпытас шебері


Құлпытас жасайтын Рашид шебер. Ош, 12 маусым 2011 жыл.
Құлпытас жасайтын Рашид шебер. Ош, 12 маусым 2011 жыл.

Дүниенің қай бұрышында жүрсең де бір өлімнің бары шындық. Мұны Ош қаласындағы құлпытас жасаудың шебері Рашидтен артық білетін ешкім жоқ секілді. Ол құлпытастағы әрбір марқұмның дүниеден қалай өткенінен жақсы хабардар.


Оштың орталығына жақын жердегі жайма базардан түрік матасынан бастап қытайдың сантехникалық заттары, пластик ыдыс-аяқтарына дейінгі барлық затты табуға болады.

Ош тумасы, құлпытасқа сурет салуды кәсіп еткен 54 жастағы Рашидті де осы жерден жолықтыруға болады. Алабажақ күртеше киген Рашид базардың шығыс жақ кіре берісіне жақын екі қабатты ескі лашықтың ішінде жұмысын істеп отыр. Оның әйелі, 53 жастағы Турсыной сол маңда ұсақ-түйек, тұрмыстық заттар сатады.

ҚҰЛПЫТАС – 100 ДОЛЛАР

Рашид қара тастың ойып алынған жұмыр бөлігін металл шапқышпен асқан шыдамдылықпен өңдеп, одан бет-әлпеті жазықтау келген, қара жолақты костюм киген орта жастағы ер адамның бейнесін қашап шығарып жатыр. Жасалған бейне кейін нақышталып, құлпытасқа жабыстырылады.

Құлпытасқа сурет салатын Рашидті бұл аймақта бәрі жақсы таниды. Төлқұжаттағы сурет көлеміндей бейнені жасап дайындауға оның бір күні кетеді. Ол жұмыстың бағасы – 950 сом (немесе 20 доллар).

– Мына бір үлкені – 4 мың сом, ал одан үлкеніректері – 5 мың сом. Менде мәрмәр құлпытастар, тіпті қара мәрмәр да бар, – дейді Рашид.

Қолдан қашалған суреті бар құлпытас 100 АҚШ доллары тұрады. Бағада мұндай құлпытас қою – әлемдік қаржы дағдарысы мен өткен жылғы
Рашидтің шеберханасы. Ош, 12 маусым 2011 жыл.

ұлтаралық қақтығыстар отбасы қазынасын ойсыратып кеткен Оштағы көптеген тұрғындар үшін қол жете бермейтін дүние.

ҚҰЛПЫТАС ШЕБЕРІ МЕН ДӘРІГЕРДІҢ ҰҚСАСТЫҒЫ

Рашид те өткен жылғы Ош қақтығысынан кейін кәсібінің кідірістеп қалғанын айтады. Тұрғындардың жағдайы мұндай тастарды сатып алуға келе бермейді дейді ол.

Рашид «ескерткіш тас бейнемен сәйкес келуі қажет» дейді.

– Көріп отырған шығарсыз, марқұм 2008 жылы қайтыс болған. Туыстары одан бері басына уақытша металл белгі қоя салыпты. Қазір ғана жағдайлары болып, маған нағыз құлпытас жасауға тапсырыс берді, – деді Рашид.

Рашидтің ұлты – өзбек. Бірақ ол өзіне Оштың түрлі этникалық топтары – қырғыз, татар, орыс және басқа ұлттардың да тапсырыс беретінін жеткізді. «Құлпытас жасаушының кәсібі дәрігердікіне ұқсайды. Дәрігер ешкімнен жалтармайды» дейді Рашид кәсібі жайлы.

– Мен түрік, өзбек, татар болсын, барлық адамның тапсырысын бірдей орындаймын. Құлпытастың барлық түрін жасаймын. Мұнда олардың барлық түрі бар, өзіңіздің де көруіңізге болады. Христиандардың құлпытасын, ұлттық, еуропалық – қысқасы кез-келген адамға арнап ескерткіш тас жасаймын, – дейді сұхбаттасымыз.

ӘКЕСІНІҢ ЖОЛЫН ҚУҒАН АЛТЫ БАЛА

Рашид кәсібін анасы Адолаттан үйреніпті. Анасының бейнесін шеберханасының кіре берісіне іліп қойған екен. Анасы, жетім өскендіктен болар, орта мектепте оқи алмаған. Бірақ тумысынан шебер болыпты. Рашидке өнері анасынан жұққан болса керек.

Рашидтің алты баласы да түгелімен осы кәсіпті меңгерген. Үлкен үш ұлының Ресейге кеткеніне біраз жыл болған. Олар сол жақта құлпытас жасау кәсіптерін дөңгелетіп жүр екен. Ал кіші балалары әкелеріне
Рашид пен Турсуной (ортада) бала-шағаларымен. Ош, 12 маусым 2011 жыл.

көмектесіп, шеберліктерін шыңдап жүр.

– Менің кіші ұлым – мектебінде тамаша суретші. Мен байқамай қалған кезде құрал-саймандарымды алып кетеді, – дейді әкесі шеберханаға енген 8 жастағы ұяң балаға мақтана қарап.

Рашидтің суретшілік, мүсіншілік даңқы Ошқа түгел жайылып кеткен. Оған қарапайым құлпытастан бастап тіпті Самарқанд, Бұқара сияқты алыс жерлерден де үлкен кесенелердің құрылысын жүргізуге тапсырыстар түсіп жатады. Осыдан бір апта бұрын Оштағы қақтығыстардың бір жылдығын еске алу кезінде ашылған жаңа ескерткіш жайлы Рашидтің жайлы пікірін сұрағанбыз. Ол сұраққа әйелі Турсыной жауап берді:

– Мен өзім оны көрген жоқпын. Бірақ жұрт соншалықты мақтай қоймады. Олар «ескерткішті одан да Рашидтің жасағаны дұрыс еді» дейді.

Турсынойдың Рашидпен алғаш кездесіп жүрген кездегі тартқан сыйлығы – Орталық Азияның дәстүрлі ою-өрнекті суреттері бейнеленген қалың кітап шеберханада әлі тұр екен.

Ұрыс болса, әйелін жіберуге келісетін Рашид өзінің бейбітшілікті қалайтынын айтады. «Кейде ашуланып қалсам, осында келіп, бір нәрсемен айналысамын» деген Рашид өзінің жеке бөлмесін көрсетті. Онда бос уақытында өзі құйып жасаған шағын мүсіндерінің ең үздік дегендерін жинайды екен. Арасында жақсы көрген итінің металлдан жасаған, кеудесі ашық су перісінің керамикадан жасалған мүсіндері де бар. Рашид оларды балаларына жалғыз көрсете алмайды. Ол кейде әйелінің «аздап ақылынан адасып қалатынын» да айтады.

– Әйелім кейде «түн болды, үйге қайтайық» дейді. Ал мен осында қалып, ары қарай да жұмыс істей бергім келеді, – дейді Рашид.

БІРІ КЕМ ДҮНИЕ

Алайда Рашид бұл күнкөріс кәсібінің зияны тигенін де айтады. Жасы 54-ке келмей өңі қажып, бетіне терең әжім түсе бастапты. Ұзын бойлы шебер (ұлдарының бойы екі метрге дейін жетеді) тым азып кеткен. Оның себебі
Рашид қашаған құлпытас. Ош, 12 маусым 2011 жыл.
– соңғы кездерде денсаулығы сыр беріпті, әрі жақынынан айырылған адамдардың қайғысын бөлісу де себеп болған көрінеді.

– Әрбір ескерткіш иесінің тарихын жақсы білемін, – дейді Рашид суға батып қайтыс болған бес жасар баланың құлпытасын жөндеп жатып.

Ол бір кездері аса мықты болғанын, бірақ қазір ол төзімнің артта қалғанын айтады.

– Екі рет жүрек талмасына ұшырадым, үш рет миым шайқалды – бірақ әлі де шамамның жеткенінше жұмыс істеп жүрмін. Маған келген әрбір адам (мейлі, ол қақтығыстарға қатыссын я қатыспасын): «Менің балам қайтыс болды» немесе «әкем аяқ астынан көз жұмды – тіпті ауырған да жоқ еді» дейді. Мен сабырға шақырамын. «Жарайды, кейімеңіз, қолымыздан келгенін жасаймыз. Жыламаңыз. Өлім әркімнің басына келеді. Өмір деген осындай» деп жұбатамын. Мына кейпім осындай қайғы әсерінен пайда болған, – деді Рашид.
XS
SM
MD
LG