Accessibility links

Павлюк өлімінің құпиясын қазақтар жасырғанымен, қырғыздың уақытша үкіметі жариялады


Кісі қолынан қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий Павлюк

Кісі қолынан қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий Павлюк

Журналист Геннадий Павлюкті қырғыздың арнайы қызметі өлтірді деп мәлімдеді Уақытша үкімет өкілі Алмазбек Атамбаев. Қырғызстанның жаңа билігі Алматыда өткен жылы болған қылмыстық істі қайта зерттеуді қолға алды.


ЖАҢА ҮКІМЕТ АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТІ АЙЫПТАДЫ

Қазақстан үкіметімен кездесу үшін Астанаға келген Алмазбек Атамбаев өткен жылы Алматыда қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Уақытша үкімет жетекшісінің орынбасары журналистің өліміне қырғыздың арнайы қызметі кінәлі деді. Атамбаев өз елінің арнайы қызметін криминалдық бөлім деп айыптады.

Бұған дейін Қырғызстанның жаңа билігі Геннадий Павлюктің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі қайта зерттейтіндігін хабарлаған болатын. Қырғыздың ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік қызметінің жетекшісі Кенешбек Душебаев, ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында, Павлюк өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша Қазақстанға тиісті сұрау салуды көздеп отырғандарын хабарлады.

Қырғыздың уақытша үкіметінің тағы бір өкілі Омурбек Текебаев, Азатық радиосына берген сұхбатында, Павлюктің ісі бойынша күдіктілер қатарында Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік қызметінің бір өкілі бар екендігін мәлімдеді. Текебаевқа күдіктілер санатына енгізілген арнайы қызмет өкілінің суретін қазақ тергеушілері көрсеткен.

ҚАЗАҚСТАН ПАВЛЮКТІҢ ІСІН ҚҰПИЯ ҰСТАЙДЫ

Алайда Қазақстаннің Ішкі істер министрлігі қырғыз журналисінің өліміне қатысты істің анық-қанығын жариялаудан бас тартып отыр.

«Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі тергеу ісі жүріп жатуына байланысты, жасалған қылмыстың мән-жайын, сондай-ақ күдіктілер туралы мәлімет бере алмайды», – деп хабарлады Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов.

Қазақстан журналистері қауымдастығының төрағасы Сейітқазы Матаев журналист өліміне қатысты мәліметтерді көпшіліктен жасырып ұстау дұрыс емес деп есептейді.

«Ашық айту керек. Атамбаевтың мәлімдемесінен соң бұл мәселені тағы көтеру керек. Бұл қылмыстық іс ашылатын шығар деп ойлаймын», - деді Матаев.

2009 жылы 16 желтоқсанда қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі 22 желтоқсанда Алматы ауруханасында қайтыс болды. Қазақ полициясы кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар қылмыстық оқиғаны қатты сынға алып, қаскүнемдерді табуды және тиісті жазасын беруді Қазақстан және Қырғызстан билігінен талап етті. Қылмыстық іс әлі ашылған жоқ.

ЖАЗАЛАНБАУ ИНДЕКСІ

Бұл уақытта журналистерді қорғау комитеті журналистерді өлтірген қаскүнемдерді жазасыз қалдыру индексін жариялады. Халықаралық ұйымның баяндамасына 2009 жылы бес немесе одан да көп журналист өлімі тіркелген елдер енгізілді. Әлем бойынша осындай мемлекеттер саны 12-ге жетіп отыр екен. Олар: Ирак, Сомали, Филиппин, Шри-Ланка, Колумбия, Ауғанстан, Непал, Ресей, Мексика, Пәкістан, Бангладеш, Үндістан.

Қазақстанда 2009 жылы журналисті өлтіру фактісі екі мәрте тіркелді. Геннадий Павлюк ауруханада қайтыс болардан үш күннен кейін Алматыда stan.kz ақпараттық бейнепорталының қазақстандық журналисі Саят Шүлембаев өлтірілді.

«Түрлі елдердің үкіметтері бізге журналистерді өлтіргендер жазасыз қалмайды деп мәлімдейді, бірақ әзірге олар өз уәделерінде тұрмай отыр. Мұндай жағдайда өздерін заңнан биік қойып, қылмысы үшін заң алдында жауап беруден қорықпайтын кісілерден журналистерді қорғау мүмкін емес», - деп мәлімдеді журналистерді қорғау комитетінің атқарушы директоры Джоэль Саймон.
XS
SM
MD
LG