Accessibility links

Қырғыз президенттігінен үміткер қазақ сынақтан өте алмады


Қырғызстан президенттігіне үміткер болған Еркін Бөлекбаев.

Қырғызстан президенттігіне үміткер болған Еркін Бөлекбаев.

Қырғызстанда президент сайлауына түсуге өтініш білдірген үміткерлер қыркүйектің 8-інен бастап мемлекеттік тілден емтихан тапсыра бастады. Этникалық қазақ, Жасылдар партиясының лидері Еркін Бөлекбаев бұл сынақтан өте алмады.


Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясының мемлекеттік тілден емтихан қабылдайтын комиссиясы бейсенбі күні Еркін Бөлекбаевтың қырғыз тіліндегі ауызша және жазбаша емтиханнан өтпегенін мәлімдеді.

100 МЫҢ СОМ, 30 МЫҢ ҚОЛ ЖӘНЕ ЕМТИХАН

Комиссияның алдында тұрған журналистер Еркін Бөлекбаевтың емтиханнан шыға сала тілшілерге сұқбат бермей кетіп қалғанын айтып жатыр. Осыдан бір күн бұрын ол Азаттықтың қырғыз қызметіне берген сұқбатында мемлекеттік тіл сынағының талаптары мен тәртіптері тым қиындатылып, күшейтілгенін сөз еткен еді. Бірақ өзінің емтиханға мұқият дайындалып жүргенін айтқан.

– Маған филолог мамандар көмектесіп, қырғыз сөздері қай жерде қалай қолданылатынын үйретіп жатыр. Өйткені қазір қырғыз тілінде «энергетика» деген сөз «энергоқуат» деп аталады, – деген Бөлекбаев емтиханнан өтетініне үмітті болған.

Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тіл емтиханына комиссияның есебіне 100 мың сом аударып, өзін қолдаған 30 мың адамның қолын жинаған үміткер ғана кіре алатынын ескерткен.

Қырғызстанда президент сайлауына түсуге 80-нен астам адам өтініш берген. Қазір қалған кандидат – 67 адам. 24 қыркүйектен кейін, мемлекеттік тілден емтихан аяқталған соң үміткерлердің соңғы тізімі бекітіледі.

Бұл елдің президенттік сайлау биыл қазан айының 31-інде өтеді.

БАКИЕВ ЗАМАНЫНДАҒЫ САЯСИ ТҰТҚЫН

Еркін Бөлекбаев Қырғызстанның Шу облысы Соқұлұқ ауданында дүниеге келген. Ол Қырғызстан мемлекеттік қаржы полициясы қызметі төрағасының міндетін атқарушы болды. Ұлты қазақ Еркін Бөлекбаевтың
Жаcылдар партиясының лидері Еркін Бөлекбаев (сол жақта) және "Жаңы Кыргызстан" партиясының бас хатшысы Исмаил Исаков.

ата-бабалары Қырғызстанға 1930 жылдары өткен.

Ол экономика және заң шығару салалары бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын «Қызыл октябрь» колхозы егіншілер бригадасының есепшісі болудан бастаған. 1998-2005 жылдары Қырғызстан жоғарғы кеңесінің екі шақырылымының депутаты болған Еркін Бөлекбаев қазір Жасылдар партиясын басқарады.

Қырғызстан қазақтарының «Алаш» қоғамдық қозғалысы төрағасы Еркін Бөлекбаев 2009 жылдың 27 сәуірінен 2010 жылдың 8 сәуіріне дейін Бішкекте ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырды. Оған сол кездегі президент Құрманбек Бакиевке тіл тигізді деген айып тағылған. Кейін Еркін Бөлекбаевты Бакиев режиміне қарсы көтерілісшілер түрмеден босатты.

Еркін Бөлекбаев жайлы радиохабарды тыңдаңыз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG