Accessibility links

Қырғызстан 2005 жылғы революцияның 10 жылдығын атап өтіп жатыр. Ал кезектен тыс президент сайлауына дайындалып жатқан көрші Қазақстанда бұл күн елеусіз өтті.

2005 жылдың 24 наурызында Қырғызстан оппозициясы президент Асқар Ақаевты биліктен тайдырды. Ал бес жылдан кейін - 2010 жылдың сәуіріндегі жаппай наразылық акциясы нәтижесінде елдің екінші президенті Құрманбек Бәкиев те революция арқылы биліктен қуылды. Қырғызстанда 10 жылда билік бірнеше мәрте ауысты.

"ҚЫЗҒАЛДАҚ" РЕВОЛЮЦИЯСЫ

Елдегі жаппай наразылық акциясының басталуына 2005 жылдың наурызында Қырғызстан парламенті сайлауы нәтижелері түрткі болды. Сайлау нәтижелері бойынша парламентке биліктегі президенттің баласы мен қызы - Асқар мен Бермет Ақаевтар және Ақаев отбасына бүйрегі бұратын адамдар мен үкіметті қолдайтын партия өкілдері өтті. ЕҚЫҰ және Еуропарламент бақылаушылары сайлау халықаралық нормаларға сай өтпеді деп бағалады.

Қырғызстанның оппозициялық қозғалыс жетекшілері Роза Отынбаева, Топшыбек Тұрғынәлиев, Мұратбек Иманәлиев және Ишенгүл Болджурова сайлаушыларды жаппай сатып алу оқиғалары мен биліктің әкімшілік ресурстарды қолданғанын мәлімдеді.

Асқар Ақаевтың жанұясы.

Асқар Ақаевтың жанұясы.

Наурыздың 15-і күні оппозициялық күштер Жалалабад қаласында құрылтай өткізіп, ресми билікке балама Халық бірлігі координациялық кеңесін құрды. Кеңестің алғашқы қаулысы Жалалабадтағы Асқар Ақаев бейнеленген барлық билбордтарды алып тастауға арналды. Келесі күндері мұндай кеңестер Қырғызстанның қалған аймақтарында құрыла бастады. Ел астанасы Бішкекте наразылық акциясы басталды.

Наурыздың 20-сі күні Жалалабад және Ош қалаларында билік шерушілер басып алған облыс әкімшіліктері ғимараттарын босату операциясын бастады. Полиция жиынға қатысушыларға қарсы арнайы құралдар мен шоқпар қолданды. Бірақ сол күні оппозиция жақтастары Жалалабад облыс әкімшілігі ғимаратын қайта басып алып, ішкі істер басқармасы ғимаратын өртеп жіберді және әуежайды бақылауына алды.

Келесі күні Ош қаласында оппозиция облыстық және қалалық әкімшіліктерді, облыстық ішкі істер басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік қызметі ғимараттарын басып алды.

Бүкіл Қырғызстан отбасылық-туысқандық режимге қарсы тұрды.

2005 жылдың 24 наурызында Бішкектегі Алатау алаңында биліктің отставкаға кетуін талап еткен жиынға түрлі есеп бойынша 30 мыңнан аса адам жиналған. Милициямен жаппай қақтығыстан кейін шерушілер үкімет үйі ғимаратын басып алды. Екі жақтан да жүздеген адам жараланғаны хабарланды.

Шерушілер шабуылынан бірнеше минут бұрын манифестанттарға қарсы күш қолданбау туралы бұйрық берген Асқар Ақаев отбасы мен жақын серіктерін ертіп, үкімет үйінен кетіп үлгереді. Үкімет отставкаға кетіп, билікке оппозиция келді.

Бұл оқиғалардан кейін президент болып сайланған Құрманбек Бәкиевті бес жылдан кейін оппозиция «билікті озбырлықпен иемденіп алды және коррупцияға жол берді» деп айыптады. Ақаев сияқты халық қысымына төтеп бере алмай, елден қашқан Бәкиев қазір Минскіде тұрады. Қырғызстан билігі оны 2010 жылдың 7 сәуірінде бейбіт шеруге қарсы оқ атуға бұйрық бергені үшін және өзге де бірқатар ауыр қылмыстарға қатысты айыптап, оны қайтаруды талап етеді.

СЕБЕПТЕР МЕН САБАҚТАР

Бүгін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 2005 жылдың 24 наурызындағы революцияға «15 жылда экономиканы тұралатып, халықты қайыршылыққа ұшыратып қана қоймай, елдің ұлттық байлығын тонауға, әсіресе өз отбасы мүшелерінің талан-таражға салуына жол берген басшының адамшылыққа жат саясаты түрткі болды» деп мәлімдеді.

Бүгін Бішкек қаласында өткен «2005 жылдың наурызы мен 2010 жылдың сәуіріндегі халықтық революциялар: себептері мен сабақтары» деген ғылыми-практикалық конференцияда Алмазбек Атамбаев «10 жыл бұрын кезекті мәрте сайлау нәтижесі бұрмаланып, халықтың даусын билік ашық түрде елемегеннен кейін қырғызстандықтар оның түзелуіне деген үмітін жоғалтты. Бүкіл Қырғызстан отбасылық-туысқандық режимге қарсы тұрды»,- деп мәлімдеді.

КӨРШІ ҚАЗАҚСТАНДА

Қазақ ақыны, саясаткер әрі Қырғызстандағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Мұхтар Шахановтың айтуынша, Қырғызстандағы революциялардың ең басты жетістігі – халық құлдық сана мен жеке басқа табыну психологиясынан арылды. Ол қазір көрші елде болып жатқан өзгерістерді демократия деп атайды.

Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметін атқарған ақын Мұхтар Шаханов.

Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметін атқарған ақын Мұхтар Шаханов.

- Бірақ көрші Қырғызстандағы биліктің ауысуынан Қазақстанның саяси жүйесінде ештеңе өзгерген жоқ. Елді коррупция мен жағымпаздық бұрынғысынша жайлап тұр, - дейді Мұхтар Шаханов Азаттыққа берген комментарийінде.

Қырғызстандағы бірінші революцияның 10 жылдығы Қазақстанда еленбеді. Республикалық БАҚ-тарда бұл тақырыпқа арналған мақалалар жарияланбады. Қатары біраз селдіреп қалған саяси партиялар да үнсіз.

Елде сәуірдің 26-сында өтетін мерзімінен ерте президент сайлауына дайындық жүріп жатыр. Жұрт танымайтын үміткерлер - өзін өзі ұсынған Әбілғазы Құсайынов пен билікке жақын Қазақстан коммунистік халық партиясынан Тұрғын Сыздықов және қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев президенттікке кандидат ретінде тіркелді.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесіне жұбайы Сарамен және жиені Нұрәлимен (сол жақта) алғашқы президент сайлауында дауыс беріп тұр. Алматы. 1 желтоқсан, 1991 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесіне жұбайы Сарамен және жиені Нұрәлимен (сол жақта) алғашқы президент сайлауында дауыс беріп тұр. Алматы. 1 желтоқсан, 1991 жыл.

Қырғызстандағы революциялар туралы Қазақстан президенті талай рет «революция қайыршылыққа, ал қайыршылық жаңа революцияға ұрындырады» деп мәлімдеген. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай тұрақсыз елдерде «ақыр соңында билік басына нағыз диктаторлар келеді немесе мемлекет әлдебіреудің қуыршақ еліне айналады» деп ескерткен.

74 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келеді. Кезектен тыс өткен соңғы президент сайлауында Назарбаев ресми дерек бойынша сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын алған. Оппозиция «оның әр сайлау сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізу сыры - әкімшілік ресурстың көмегі» дейді.

Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстанда бұған дейінгі президент сайлауларын еркін емес және әділетсіз өткен деп сынаған. Ресми Астана ондай сынмен келіспейді.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG